Бауыржан Исламхан: Бельгияға қарсы лайықты ойын көрсетеміз
Бауыржан Исламхан: Бельгияға қарсы лайықты ойын көрсетеміз
5,168
оқылды

Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу кампаниясы аясында сырт алаңда Бельгиямен ойнайды. Матч қарсаңында қос құрама бас бапкерлері пікір білдірген.

«Біз жақсы футбол ойнап, оң нәтижеге қол жеткізуді қалаймыз. Алаңға шыққан жігіттер бұл үшін қолдан келгенін жасайды деп ойлаймын. Бізде қазір бір жеңіс пен бір жеңіліс бар. Осы жолы алдыңғы іріктеу ойындарына қарағанда біраз ұпай жинағымыз келеді. Біз Бельгияның соңғы екі ойынын қарап шықтық. Схема жасап, ойындағы байланыстарды зерттеп, ойыншылардың сапасын зерделедік. Біздің команда дайын және бізге қосымша мотивация керек емес» депті Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек.

Ал Бельгия құрамасының бас бапкері Роберто Мартинестің айтуынша, қарсыласты әлсіз деп бағаламай қоюға болмайды.

«Біз Еуропа чемпионатына шығу мәселесін күзге қалдырмай шешкіміз келеді. Құрам толық әрі сапалы болса бұл өте керемет. Дегенмен Қазақстанға шекеден қарауға болмайды. Әр чемпионат сайын бірде Италия, бірде Нидерланды сынды құрамалар үлкен турнирлерден тыс қалып жатады. Біз де сондай сәтсіздікке ұрынбауымыз керек. Өз-өзіңе тым сенімді болуға болмайды. Қазақстан ойыншылары қазір өз чемпионаттарында ойнап жүр және тұрақты дайындық жағдайында. Бұл олар үшін үлкен плюс» дейді испан маманы.

Пресс-конференцияға қатысқан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан да өз ойын айтқан.

«Мен жарақатымнан айығып алаңға оралддым. Құрамаға шақырғаны үшін бас бапкерге алғыс айтамын. Команда дайын, ертең лайықты ойын көрсетеміз» дейді Исламхан.

Матч біздің уақыт бойынша 00:45-те басталады. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.