«Байқоңыр» ауданы әкімдігі мен қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Нұр-Сұлтанның Орталық базар әкімшілігі мен сатушылар арасында туындаған түсініспеушілікті шешті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Бүгінгі таңда мәселе шешілді, тараптар келісімге келді, төтенше жағдай және карантин кезеңіндегі уақыт үшін арендалық төлем алынбайтын болды. Төлемді бұған дейін жасағандар үшін төленген күндер негізінде қайта есептеу жүргізіледі. Сондай-ақ, базар әкімшілігінің айтуынша, алдағы 2 аптаға аренда төлемін кейінге шегеру ұсынылады», – делінген хабарламада. Айта кетсек, бүгін елордадағы орталық базардың 200-ден астам сатушысы сауда орны алдына жиналып, карантин кезіндегі базар әкімшілігінің «негізсіз талаптарына» қарсы шыққан болатын. Сатушылардың айтуынша, базар әкімшілігі алдын ала екі айдың жалға алу құнын төлеуді талап еткен. Ал сатушылар карантин жарияланғанға дейін 1,5 айға аренда төлеген екен. Оның ақшасы әлі ақталмай жатып, мамыр мен маусымға төлеңдер деген базар әкімшілігінің талабы орынсыз дейді олар. Тұмар МЫРЗА