Нұрсұлтан Назарбаев халықты бүгінгі тарихи күнмен құттықтады
Нұрсұлтан Назарбаев халықты бүгінгі тарихи күнмен құттықтады

Биылғы сайлаудың мәнісі ерекше. Бұл туралы бүгін дауыс беру рәсімінен кейін өткен брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев хабарлады.

«Бүгін барлық Қазақстан халқы Президент сайлауына қатысып жатыр. Әр уақытта әрбір елде осындай сайлау халық үшін, ел үшін тарихи шешім болып саналады. Ел халқы сайлау учаскелеріне келіп өзінің болашағына таңдау жасайды. Ел аман болуын, еліміз өркендеп өсе беруін, әрбір отбасыда жақсылық болғанын тілейміз», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Н. Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, келесі буынға жол бергенін айтты. «Өздеріңіз білесіздер, мен өкілеттігімді тоқтатып, келесі буынға жол бердім. Оны дұрыс шешім деп білемін. Атап айтқанда, бұл шешімді бүкіл дүниежүзі қолдап жатыр. Сондықтан бүгінгі сайлау сәтті өтсін, құтты болсын!», - деді Тұңғыш Президент.

Айта кетейік, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 58 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.