Әлемдік індетті бірге жеңейік!
Әлемдік індетті бірге жеңейік!
122
оқылды
Еліміздің жетекші уни­верситеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүкіл ел үшін қиын-қыстау кезеңде қауіпті індеттің таралуына қарсы күреске қо­сылды. Бірінші болып «алдыңғы шепке» дәрігерлік куәлігі бар ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақ­тау факультетінің 50-ден астам ма­гистранты мен докторанты атта­нып, сырқатты жұқтырған және олармен байланыста бол­ған адам­дарды қабылдайтын ауруха­наларда жанқиярлықпен жұмыс істеуде. Қазіргі сәтте инфек­цио­­нистер, пульмонологтар және реани­матологтар Алматы қаласының меди­циналық мекемелерінде тәу­лік бойы қызмет атқаруда. Эпиде­миологтер қоршауға алынған карантин нысандары мен блок- бекеттерінде жұмыс істеп, сон­дай-ақ науқастар мен олармен бай­ланыста болған адамдарды тасымал­даумен айналысуда. Сонымен қатар 20 интерн-дә­рігер карантин кезеңінде дертке шал­­дыққандармен байланыста бол­ған науқастарға арналған про­ви­зорлық стационары ашылған ҚазҰУ-дың медициналық диагнос­ти­калық орталығында және №1 қала­лық ауруханада еріктілер ре­тін­де ортақ іске өз үлестерін қосу­да. Сондай-ақ денсаулық сақтау сала­сы және оны ұйымдастыру кафедра­сын­да шұғыл түрде бірнеше рет қолданылатын бетперделер тігу ісі ұйымдастырылған. Оқытушылар дезинфекциялау және қорғау құралдары бар арнайы пакеттер жинақтап, оларды әріптестері мен студенттерге табыс етті. ҚазҰУ ғалымдары коро­навирустың таралу мәселелерін шешуге белсенді түрде атса­лысуда. Осылайша, «Жаңа химия­лық технологиялар мен мате­риал­дар» ҒЗИ-да хирургтар мен ме­дициналық қызметкерлердің қолдарын, сондай-ақ операциялық және инъекциялық өрістердің те­рілерін зарарсыздандыруға арнал­ған антисептик жасалды. Анти­септиктің тиімділігі М.Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті ин­фекциялар ғылыми орталығы­ның аккредита­цияланған зертханасы­ның қорытындысымен расталды. Химик ғалымдар, сонымен қатар хлоргексидин негізінде гидрогельді антисептикті жа­сап шығарды. Сулы-спиртті ерітін­ділерге қара­ғанда, оның әсері ұзар­тылған әре­кетке ие. Медициналық-биоло­гиялық зерттеулер осын­дай дезин­фекциялық құрал­мен өңдел­ген қабаттардағы антисеп­тикалық қасиеттер бір тәуліктен артық сақ­талатынын көрсетті. Тиісті мем­лекеттік тіркеуден өткеннен кейін күзге таман «МЕҰ Асем» ЖШС-мен бірлесіп өндірісті бірден іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі таңда ҚазҰУ ғалымдары өздері әзірлеген медициналық мақ­саттағы бұйымдарды зарарсыз­дандырудың радиациялық әдісін, сондай-ақ полимерлер негізіндегі латексті қолғаптарды, бір рет қол­да­нылатын диагностикалық жиын­тықтарды өндіруге арналған жаңа модификацияланған материал­дар мен композиттерді сынақ­тан өткізуде.    width= ҚазҰУ Технопаркінің қызмет­керлері Жану мәселелері инсти­тутының әріптестерімен бірге Ал­маты қаласындағы медициналық мекемелерге өтеусіз берілген арнайы қорғаныш шлемдерінің топтамасын жасап шығарды. Шағын сериялы өндірісті ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. #BizBirgemiz республикалық қозғалысы және ҚазҰУ студент­терінің бастамасымен өткізілген Qayіrymdy qogam челленджі шең­берінде университеттің волон­тер­лары мен оқытушылары коро­­навирустың таралуына қарсы кү­реске тартылған қызмет өкіл­дері­не көмек көрсету үшін қара­жат жинап, шараға бей-жай қара­майтын, жәрдемдесуге әзір адам­­дарды тартуда. Олар медицина қыз­­меткерлеріне және блок-бекет­терін­дегі ішкі істер органдары­ның қыз­меткерлеріне ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырды. Сонымен қатар азық-түлік өнімдері мен жеке қорғану құралдары жетім балаларға арналған «Жанұя» арнайы кешеніне және еліне баруға мүмкіндігі жоқ ҚазҰУ-дың шетелдік студенттеріне берілді. Университет өзінің 710 орындық жатахқаналарының бірін ұсынып, онда Алматы қаласының медициналық қызметкерлері орна­ластырылды. Карантин кезінде ҚазҰУ қа­шық­тан оқыту жүйесіне тез әрі еш қиын­дықсыз ауысып жұмыс жасауда. Әлеуметтік жауапкершілік аясында университет оқу үдері­сін сүйемелдеу үшін ҚазҰУ әзір­леген «Универ» сандық жүйе­сін қолданатын жоғары оқу орын­­дарына тегін қызмет көрсету және кеңес алу мүмкіндігін берді. ҚазҰУ құрған moocs.kz бірегей сандық білім беру ресурсы аса таны­мал­дыққа ие болды және барлық ниет білдірушілерге тегін. COVID-19 бүкіләлемдік пан­демиясы елдер арасында прак­тикалық тәжірибе мен жаңа ғы­лыми-техникалық әзірлемеле­рмен уақытылы алмасу қажетін айқындады. Медицина және денсаулық сақтау факультеті Канада мен Германияның жетекші пульмонологтары, вирусологтары және эпидемиологтарымен бірлесе отырып, коронавирусты емдеу, диагностикалау және таралуының алдын алу тәжірибесі туралы бей­нетүсірілімдер сериясын дайын­дады. Еліміздің жетекші университеті қиын кезеңді тек бірлесе отырып қана еңсеруге болатындығына және әрбір адамның қауіпті індеттің таралуына қарсы тұруға өз қолынан келерлік үлес қосуы қажет екеніне сенімді.  

Серік ӘЛІМЖАНОВ, Алматы