Еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бүкіл ел үшін қиын-қыстау кезеңде қауіпті індеттің таралуына қарсы күреске қосылды.
Бірінші болып «алдыңғы шепке» дәрігерлік куәлігі бар ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінің 50-ден астам магистранты мен докторанты аттанып, сырқатты жұқтырған және олармен байланыста болған адамдарды қабылдайтын ауруханаларда жанқиярлықпен жұмыс істеуде. Қазіргі сәтте инфекционистер, пульмонологтар және реаниматологтар Алматы қаласының медициналық мекемелерінде тәулік бойы қызмет атқаруда. Эпидемиологтер қоршауға алынған карантин нысандары мен блок- бекеттерінде жұмыс істеп, сондай-ақ науқастар мен олармен байланыста болған адамдарды тасымалдаумен айналысуда.
Сонымен қатар 20 интерн-дәрігер карантин кезеңінде дертке шалдыққандармен байланыста болған науқастарға арналған провизорлық стационары ашылған ҚазҰУ-дың медициналық диагностикалық орталығында және №1 қалалық ауруханада еріктілер ретінде ортақ іске өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы және оны ұйымдастыру кафедрасында шұғыл түрде бірнеше рет қолданылатын бетперделер тігу ісі ұйымдастырылған. Оқытушылар дезинфекциялау және қорғау құралдары бар арнайы пакеттер жинақтап, оларды әріптестері мен студенттерге табыс етті.
ҚазҰУ ғалымдары коронавирустың таралу мәселелерін шешуге белсенді түрде атсалысуда. Осылайша, «Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар» ҒЗИ-да хирургтар мен медициналық қызметкерлердің қолдарын, сондай-ақ операциялық және инъекциялық өрістердің терілерін зарарсыздандыруға арналған антисептик жасалды. Антисептиктің тиімділігі М.Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығының аккредитацияланған зертханасының қорытындысымен расталды.
Химик ғалымдар, сонымен қатар хлоргексидин негізінде гидрогельді антисептикті жасап шығарды. Сулы-спиртті ерітінділерге қарағанда, оның әсері ұзартылған әрекетке ие. Медициналық-биологиялық зерттеулер осындай дезинфекциялық құралмен өңделген қабаттардағы антисептикалық қасиеттер бір тәуліктен артық сақталатынын көрсетті. Тиісті мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күзге таман «МЕҰ Асем» ЖШС-мен бірлесіп өндірісті бірден іске қосу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ ғалымдары өздері әзірлеген медициналық мақсаттағы бұйымдарды зарарсыздандырудың радиациялық әдісін, сондай-ақ полимерлер негізіндегі латексті қолғаптарды, бір рет қолданылатын диагностикалық жиынтықтарды өндіруге арналған жаңа модификацияланған материалдар мен композиттерді сынақтан өткізуде.
Серік ӘЛІМЖАНОВ, Алматы