Түркістан облысындағы Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында болған нөсер жауынның салдарын жоюда Мақтааралдағы тәжірибе пайдаланылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Әкім су шайған аймақтар секторларға бөлінетінін атап өтті.
Ал облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, жауын салдарынан пайда болған тасқынның кесірінен жалпы саны 522 үйдің ауласын су шайып, 258 адам эвакуацияланған.
Облыстық Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Қазығұрт ауданында 6 үйдің ауласы мен Қаржан ауылындағы «Семби» емханасының аумағын су басқан. С.Рахымов ауылдық округінің тұрғындарын эвакуациялауға төтенше жағдай қызметкерлері жұмылдырылып, Көкбел ауылынан 133 адам эвакуацияланған. Ауыл тұрғындары туыстарының үйлеріне жайғастырылған. Қазіргі таңда су басқан аймақтардағы арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
«Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты каналынан тасыған су 3 елді мекендегі
13 үйдің ауласын басып қалды. Су деңгейі 20 см-ге дейін көтерілген. Төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегімен Тұрақты ауылынан 55 адам Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебіндегі эвакуациялық пунктке орналастырылды. Оның ішінде 18-і жас балалар. Облыстық ТЖД жанынан жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінен құралған жедел штаб құрылды. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман мен 84 техника, 47 мотопомпа тартылды», – деді Сәкен Қалқаманов.
Телман БЕЙСЕН, Түркістан облысы