1 маусымнан бастап астық және өзге де азық түрлері экспорты бойынша шектеулер алынады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Астық дақылдарын сыртқа сатуды шектеп тұрған кедергілер алынса, өзімізде баға өсіп кетпей ме? Министрліктің мұндай шешім қабылдауына экспорттаушылардың әсері болған жоқ па деген сауал туындайтыны заңды. Олай дейтініміз, 2020 жылдың 22 наурызында Ауылшаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін экспорттауға шектеу енгізгенде, экспорттаушы компаниялар бірден қарсылық білдірген. Тіпті, сала өкілдерінен құрылған ұйымдар Президенттің атына үндеухат та жолдаған болатын. Осыдан кейін 2 сәуір күні министрлік жекелеген тауарларға квота енгізіп, сәбіз, қызылша, орамжапырақ секілді көкөністерді және бидай мен ұнды тізімге енгізді.
Шектеу қауіпсіздік үшін жасалып еді
Осы тақырыпқа орай 21 сәуір күні aikyn-ға берген сұхбатында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров экспортқа шектеу қою азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінен туғанын айтқан. «Карантин жариялаған кезде еліміздегі күнделікті тұтынатын пияз, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністердің екі айға ғана жететін қоры болды. Егер сол кезде шектеу енгізбесек, өзімізде тапшылық болар еді» деген болатын. Аталған ведомство енді 1 маусымда шектеуді алып тастауға шешім қабылдапты. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, коронавирус індетіне байланысты карантиндік шаралар жеңілдетіліп, тауар айналымы біртіндеп қалпына келмек. Астық пен ұнға қойылған шектеулерді алып тастауға үш себеп негіз болып отыр. «Біріншіден, енгізілген тыйымдар мен квоталар өз нәтижесін берді, біз жаңа өнім алуға жақындадық және азық-түлік қауіпсіздігі қатерін жойдық. Екіншіден, өңірлердегі тұрақтандыру қорлары ұн және басқа да азық түрлері қорымен толықты. Үшіншіден, негізгі астық өсетін аймақтарда егіс науқаны басталды, ылғалдың жиналуы жеткілікті» делінген хабарламада. Әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауынан теңге бірден құнсызданып кетті. Бұл жағдай ішкі нарыққа да қатты әсер етіп, алыпсатарлық күш алды. Оған қоса, дүниежүзіне жайылған пандемия – коронавирус дақпырты да азық-түлік импорттаушы мемлекеттердегі жағдайды ушықтырып жіберді. Әсіресе, Қазақстаннан астық импорттайтын Орталық Азия елдерінде сұраныс күрт артып, жанталаса қор жинай бастады. «Азық тапшы болады деген алыпқашпа әңгіме ел тұрғындары мен көршілес елдердегі халықты дүрліктірді, адамдардың дүкендерге жаппай жүгіруі азық-түлік бағасын өсіріп жіберді. Осыған сай, астық өңдейтін кәсіпорындарда да өнім бағасы көтерілді. Мысалы бір аптаның ішінде ішкі нарықта 3 класты бидайдың бағасы тоннасына 15%-ға – 80 теңгеден 92 теңгеге өсті. Егер мемлекет экспортқа шектеу туралы шешім қабылдамағанда, өзіміздегі астық қоры 1,5-2 ай ішінде сыртқа сатылып кетер еді», – дейді «Северное Зерно» компаниялар тобының құрылтайшысы, сарапшы Евгений Карабанов. Әрине, көрші мемлекеттердегі астыққа сұраныстың артуы біздегі астық экспорттаушылар үшін іздегенге сұраған дегендей оңтайлы сәт еді. Алайда ақшаға қызығып, жаппай экспортқа жол беру де қауіпті құбылыс. Өз ішімізде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың айтуынша, биылғы наурыз айының өзінде 599 мың тонна бидай экспортқа шығарылған, бұл биылғы маркетингтік жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Яғни, 2020 жылдың үшінші айында бидай мен ұнды қоса алғанда 743 мың тонна сыртқа шығарылыпты. Соңғы бес жыл ішінде наурыз айында мұндай толайым сатылым көлемі болмаған. Қазақстанның бидайы мен ұнын сыртқа шығаратын орындардағы баға да әртүрлі. Мысалы, биылғы 2 сәуірдегі ақпаратқа сүйеніп айтсақ, 3-класты бидай Луговой стансасында тоннасы 244-249 доллардан сатылса, Сары-Ағаш стансасында 248-251 доллардан, Ақтау портында 258-261 доллардан ұсынылған. Ал жоғарғы сұрыпты ұнның тоннасына баға Луговойда – 338-344 доллардан, Сары-Ағашта – 341-347 доллардан, Ақтау портында 351-357 доллар деп белгіленіпті.Астық экспорттаушылар көбейген
Бидай саудасының бағы жанғаны сонша, биыл оны экспортқа шығарумен айналысатын компаниялар саны да көбейген. Министр олардың ішінде бұрын не бидай екпеген, не ұн өндірмеген кәсіпорындар барын мәлімдеді. «Қазір бидайды экспорттаудың жаңа ережелерінің бірі – экспорттаушы лицензияланған элеваторда астықтың көлемін міндетті түрде растауы қажет. Оның нақты экспортқа және ішкі нарыққа арналған санын біз білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, кейбір элеваторлар мен астық қабылдайтын кәсіпорындар лицензия алуды қаламайды. Сондықтан олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тіркелмеген, олардағы астықтың қорын, қозғалысын біз бақылай алмаймыз» деген болатын С.Омаров газетімізге берген сұхбатында. Ауыл шаруашылығы министрінің бұл сөзін астық саласы бойынша сарапшы Евгений Карабанов та қуаттайды. Оның айтуынша, республикадағы 400-ден аса элеватордың жартысынан көбінің лицензиясы жоқ. Сондай-ақ карантин кезінде еліміздің астық нарығындағы көлеңкелі тұстар да көзге анық көрінген. «Қазақстанның астық нарығында көлеңкелі нарық сауда айналымының 15-20%-ын құрайды. Мәселен, біздегі ресми дерек бойынша, Ресейден келетін бидай импорты жылына 360 мың тоннадай. Ал 2019 жылдың қазан айынан 2020 жылдың наурыз айына дейін біздің елге Ресейдің шекаралық аймақтарынан 650-700 мың тонна астық дақылы құжатсыз кірген. Бұл бізде көлеңкелі нарық қалыптасқанын білдіреді. Демек, бізде құжатсыз астық сататындар, сатып алатындар және оны сақтайтын қоймалар бар», – дейді Е.Карабанов. Байқағанымыздай, көрші Ресейден көлеңкелі нарық арқылы келетін астық ресми деректен еке еседей көп. Ішкі нарықта құжатсыз астық саудасының болуы және оның импорт өнім екенін есепке алсақ, оған салынатын ҚҚС-ның төленбеуінен бюджет қаншама қаржыдан қағылып жатыр деген сөз. Айта кететін жайт, Ресейде де біздің елдегі секілді ахуал қалыптасып отыр. Елде астық қоры азайып, өз ішінде баға көтерілген соң РФ үкіметі 12 сәуірден 1 шілдеге дейін астық дақылдарының экспортын шектеген.Сарапшылар бағаға әсері болмайтынын айтады
Бір жағынан еліміз үшін астық экспортына шектеуді ұзақ ұстау да қиындық тудыратыны анық. Себебі кейінгі жылдары Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Ауғанстан мен Иранда біздің астық дақылдарына деген сұраныс артқан. Оған оңтүстіктегі көрші елдердің кейбіріндегі демографиялық көрсеткіш пен мал басының, құс санының көбейгені де әсер етіп отыр. Сол себепті Қазақстанның бидайы мен ұны аймақта геосаяси тұрғыда да маңызды тауар саналады. Бұдан бөлек, еліміз жыл сайын Қытайға 500 мың тонна астық экспорттап отыр, бұл барлық экспорт көлемінің 7-8%-ы. Астық одағының мамандары алдағы бес жылда көрсеткіш 15%-ға жетуі мүмкін деп болжайды. Сонымен 1 маусымда Үкімет астық экспортына шектеуді алып тастаса, өзімізде азық қымбаттамай ма? Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1 сәуірдегі мәліметінше, тұқымдық бидай мен халықтың күзге дейінгі ішіп-жеуіне арналған бидай көлемінен бөлек, қоймада 1 млн тоннадай бидай бар. Экспортқа бағытталған тауар көлемі де осы. Сарапшы Евгений Карабановтың есебінше, баға көтерілмейді. Себебі Қазақстан нарығындағы бидай бағасы қазірдің өзінде жоғары. Оның үстіне, нарықта Ресейден көлеңкелі жолмен келіп жатқан да астық көлемі жоғары, оның жартысы Орталық Азияға экспортталады. «Яғни, ішкі нарықтағы көлем сақталатын-дықтан, баға тұрақты болады. Біршама уақыт өткен соң біздегі бидайдың бағасы да төмендейтіні анық. Оған қоса, 2 айдың ішіндегі квоталық шектеу ұн өндірушілерге тұрақты бағамен қор жинап алуға мүмкіндік берді. Квота экспорттаушыларға өнімнің 30%-ын ішкі нарыққа сату міндеттелді, біздің ұн өндірушілер бұл жеңілдікті тиімді пайдаланды деп ойлаймын», – дейді Е.Карабанов. Жалпы, биыл елімізде егіс алқабының көлемі 22,5 млн гектарды құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға артық. Мамандар маусым-тамыз айларындағы орташа температура режимі мен жауын-шашынның жеткілікті мөлшерін болжап отыр. Мұндай болжамдар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алдағы экспорттық әлеуеттен де хабар береді. Әрине, жалпы өнім көлемін нақты есептеуге әлі ерте. Десе де, дүниежүзілік нарықтағы сұраныс биыл да жоғары болмақ. БҰҰ-ның Азық түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Астық бойынша халықаралық кеңестің мәліметінше, былтыр әлемдік бидай өндірісі 764 млн тоннаны құраған. Ал бидайдың жаһандық тұтыну көрсеткіші – 747-761 млн тоннаның маңайында. Яғни, сұраныс ұсыныстан асып кетіп отыр. Бұл Қазақстан секілді экспорттық әлеуетке ие мемлекеттерге жақсы мүмкіндік береді.