Түркістан облысының Төлеби ауданы тұрғындарын тағы да табиғаттың тосын мінезі әбігерге түсірді. 13 мамыр күні сағат 16.00-ден кейін басталып, төпелей жауған нөсер жауын әп-сәтте аудандағы бірқатар ауылға қауіп төндірді. Қатты жауын Қасқасу ауылындағы 4 көпірді шайып кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, Қасқасу өзенінде су деңгейінің көтерілуінен 4 үй, 376 аула аумағын су басқан. 8 бас ірі қара және бірқатар ұсақ мал шығыны болды. Сонымен бірге аудан орталығы Ленгер қаласындағы орталық көшелерде су толып, 20 аула су астында қалды. Төлеби ауданының әкімдігі нөсер жауын орын алған сәттен бастап оқиға орнына жетіп, су басқан аймақтарды ретке келтіру шараларын ұйымдастырып жатыр. Кеше кешкісін Киелітас ауыл округіне қарасты Сұлтанрабат ауылының Сауран көшесімен судың ағып өтуі күрделі жағдайды қалыптастырып, бірнеше үйдің ауласына, үйінің ішіне су кірген. Жедел құрылған арнайы штаб зардап шеккен тұрғындарды Ленгер қаласындағы №8 колледж ғимаратына эвакуациялады. Онда орналастырылған 70 адамның 32-і балалар. Одан бөлек, 80 адам жақын маңдағы туыстарының үйіне орналасқан. Көксәйек елді мекеніндегі №9 көпсалалы колледжінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт те қосымша дайындалған. Ауданның және көршілес аудандардан келіп жеткен төтенше жағдай қызметкерлері мен техникасы түнімен су сорғылары арқылы үйлердегі қауіпті сейілтумен болды. Нөсер жауын түнге қарай басылғанымен, ертесіне қайтадан басталды.
Бір айлық мөлшер 40 минутта жауды
Түркістан облысындағы толассыз жауынның салдарын көбірек тартқан Төлеби ауданына ертесіне таңертең облыс әкімі Ө. Шөкеев келді. Облыс басшысы Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралап, тұрғындармен кездесті. Оларды сабырға шақырып, бәрі реттелетінін жеткізді. «Бар-жоғы 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Дәл мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлеріңізді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр. Жарамсыз болған үйлер мен жөндеуді қажет ететін баспаналарды қайта қалпына келтіру жағы қарастырылады», – деді Өмірзақ Естайұлы.Нөсер жауын шымкенттіктерді де әбігерге салды
Нөсер жауын шымкенттіктерді де айналып өтпеді. Таулы аудандағы бұл төтенше оқиға көрші жатқан Шымкент қаласының Тоғыс елді мекенімен қоса Елтай ауылына да жеткен. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, салдарынан 60 тұрғын үйдің ауласын су басып, 3 шаруашылық нысан құлады. Үйлерін су басқан тұрғындар №119, №41 мектептерде құрылған эвакуациялық пункттерге көшірілген. Шымкент қаласының әкімі қатты жауған жауын салдарынан су басқан Елтай тұрғын алабына келіп, тез арада тасқын зардабын жою және алдын алу жұмыстары жөнінде комиссия құруды тапсырды. Нөсер жауын қала шетіндегі ауылдарды ғана емес, орталық тұрғындарын да әбігерге түсіріп жатыр. Алайда мамандар алдағы 3 күнде толассыз жауын-шашынның болу қаупі бар екенін айтады.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы