Павлодар полициясы: ұрысқа дайындал!
Павлодар полициясы: ұрысқа дайындал!
122
оқылды
«Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық» дейтін еді Ма­хам­бет ақын.  Ал павлодарлық тұрғындар Ертіс үшін емес, көмірдің жанған күлі үшін егесіп жатыр. Әрі осы күлдің кесірінен  полиция мен тұрғындар тағы шекісті. Жуырда әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерін бастап келген бір азаматтың жиналған аза­­­маттарға тарпа бас салып, әкі­рең­­деп жүргені, ол ертіп келген қару­лы адамдардың аспанға оқ ат­­қаны көрсетілген видео жария­лан­­ды. Кейін аталған видеодағы оқи­ға Павлодар облысы Ақсу ау­да­нында болғаны анықталды. По­ли­ция қызметкерлерін бастап кел­­ген азаматтық киімдегі адаммен ере­гісіп, шуылдасып тұрғандар Бе­реке кентінің тұрғындары екен. Ви­деода адамдардың бір-бірін са­бырға шақырып, полицейлермен т­екетіреске бармауға үндеп жат­қаны байқалады. Ал полицияны бас­тап келген азаматтың әкі­рең­деп, жиналғандардың біреуінің қо­лына кісен салғаны да көрініс тап­қан. Әлеуметтік желілерде тез та­раған видеоға қатысты көпшілік по­лицияны айыптап жатыр.  

Полицияның өз уәжі бар

Оқиғадан кейін бірден мәлім­деме таратқан Павлодар облыстық полиция департаменті текетіреске қатысушыларға байланысты бір­шама жайдың бетін ашты. Алай­да департамент таратқан мәлі­меттердің тым ресми екені бай­қалып тұр. Мәлімдемеге қара­ғанда полицейлер аймақта мал ұрлығын тоқтату үшін және «Металлогамма», NewHantamurNC ЖШС-на тиесілі микросфера аталатын шикізаттар қолды бола бастаған соң Ақжол мен Береке ауыл­дарына мобильдік бекет қояды. Ал ауыл тұрғындары бекет­ке барып, стансадан шығатын күлді алуға рұқсат сұрағаны, оған полицейлердің рұқсат бермегені, сөйтіп кикілжің пайда болғаны да мәлімдемеде айтылған. Сондай-ақ «13.05.2020 жылы, сағат 17.00 шамасында мобильді бекетке Береке елді мекенінің 30-ға жуық тұрғыны көлікпен келіп, поли­цейлердің мүлкін бүлдіріп, өздерін қорқытып-үркіту арқылы аталған жерден кетуді талап етті. Қа­лып­тасқан шиеленісті шешу мақ­сатында, сондай-ақ оның жал­ғасуының алдын алу үшін поли­ция қызметкерлері жергілік­ті тұрғындардың бұл әрекетінің жолын арнайы құралдармен және бос патронмен ескерту ретінде ас­панға оқ ату арқылы кесті» делінген мәлімдемеде. Алайда мәлімдемеде азаматтарға тым дөрекі мінез көр­сетіп жүрген адамның кім екені бастапқыда айтылмаған. Кей­бір дереккөздеріне қарағанда, азамат­тық киімдегі аталған адам полиция қатарында қызмет атқара­тын, шенді тұлға болса керек. Оны облыстық полиция департа­менті бастығының орынба­сары Ельдар Әбдікенов растады. Де­ген­мен әлеуметтік желі қолданушы­ларының талабын ескерді ме, сәл кейінірек Павлодар облыстық полиция департаменті біз айтқан полицейдің уақытша қызметтен шеттетілгенін мәлімдеді. Оның әре­кетін Ішкі қауіпсіздік басқар­масы тергеп-тексеріп жатыр екен. Сонымен қатар Е.Әбдікенов әлеуметтік желіге тараған видеода мәселенің толық көрсетілмегенін айтты. Яғни, әу баста полиция қыз­меткерлерінің ескерту жаса­ғаны, сонымен қатар оқиғаның соңы тыныш аяқталғаны көрсетіл­меген.  

Жұмыссыздықтың кесірі

Негізі, Павлодардың Ақсу ауданында өндірістен шығатын күл мен қалдықты жинап күн көретіндер, артемий дейтін шаян­­ды теретіндер бұрыннан бар. 2000 жылдардың басында Павло­дардағы көлдерден арте­мий жинау кең етек жайған еді. Кейін микросфера қосылды. Тұрғындар Екібастұздағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансаларынан, Ақсудағы стансадан шығатын күлді жинаумен біраздан бері айна­лысып келеді. Біз «күл» деп отыр­ғанымызбен, өңірдегі бірнеше көлшіктің түбіне тұнатын бұл зат кәдімгі күл емес, сырты тегіс, ұсақ шарлар. Әдетте, олар элек­трстансаларда тым жоғары температу­рада көмірді жаққан соң пайда болып, күлмен бірге сыртқа шығарылады. Мұны Қытай тәрізді көрші елдер импорттап, түрлі тауар өндіреді. Яғни, кәдімгідей баға сүйе­тін дүние. Сондықтан ақсулық­тар күл жинауды біраздан бері кәсіп еткен. Алайда «күл жинаудың» төңіре­гіндегі дау тек биыл бас­талған жоқ. Былтыр да ақсулықтар мен полицияның арнайы жасағы «сөзге келіп» қалған. Тұрғындар күлді жинап, тиісті жерлерге өткізгісі келеді, ал «микросфера» төгілетін көлдерді иелік етіп алған компаниялар олар­дың жолын кесу үшін жиі-жиі по­лицияға арызданады. Әрі мұнда белгілі бір топтардың да өз мүд­десі бар екені сезіліп қа­ла­ды. Ай­талық, осы жолғы ерегіс поли­ция­ның аза­маттарды бекеттен өткі­з­беуі­нен емес, құзырлы орган қыз­меткерлерінің пара сұрауынан бастал­ғанын айтып жатқан азамат­тар да бар. Мәселен, біз тілдескен Ақсу ауданы Қалқаман ауылының тұрғыны Ардақ Ахметова есімді азамат оқиғаның өз ауылында бол­ғанын, күл жинауға қатысқан аз­а­мат­тардан полиция қызметкерлері 300 мың теңге пара сұрағанын айтты. Сонымен қатар аты-жө­нін атамауды сұраған тағы бір жер­гілікті тұрғын полиция қызмет­керлерінің де күл жинаудан үлес алғысы келетінін, күлді жинай­тын­дардың оларға да белгілі бір «жарна» төлеуге мәжбүр екенін, ауылда жұмыс жоқ болғандықтан мұндай қадамға баратынын айтты. Дегенмен «микросфера» жинаудан түсетін табыстың өңірдегі ресми жалақыдан әлдеқайда көп еке­нін ескерсек, мұндай кәсіпке дағдыла­нып алғандар ресми жұмыс іздей қоймайтыны да байқалып тұрады.    width=  

Мәселе тағы облыс әкіміне жетті

Микросфера дауы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың да құлағына жетсе керек, ол аталған мәселені зер­де­лейтінін айтты. Дәлірек айтқанда, микросфера жинаудың заңдық негізін анықтауға уәде берді. «Мә­селені кешенді түрде зерттеп, қандай проблема бар екенін ұғыну керек, бұл нарық қаншалықты оқшауланғанын да білу қажет» деген облыс әкімі оқиғаға нақты баға берілетінін айтты. Дегенмен күл жинаушылар мен полицейлер арасындағы текетіресті өңірдің барлық басшылары білетін еді. Бірақ ешбір әкім бұл түйінді шеше алған жоқ. Мәселен, былтыр облыстың экс-әкімі Болат Бақауов күл жинаумен кемі 600 адам айналысатынын айтқан еді. Төңіректегі елді мекендердің тұр­ғындары күл жинаумен айна­лы­са­тынын, олардың салық, әлеу­меттік төлемдер, зейнетақы жарнасын төлемейтінін айтқан. Оның үстіне, «микросфераның» химиялық құрамын да тиісті мекемелер білмейтінін, демек оның денсаулыққа әсері де белгісіз екенін айтқан еді. Сөйтіп, ол мәселені Екібастұз стансаларының иесі «Самрұқ-Энерго» АҚ-мен бірлесіп талқылайтынын тілге тиек еткен еді. Бірақ экс-әкімнің өзі қазір өзінің қарақан басымен әуре. Ал күлге таласу ісі сол күйі қалып қойды.  

Баға факторы да бар

Жалпы, Екібастұз бен Ақсудағы стансалар «микросфераны» ресми түрде сатып келеді. Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 жылына 5 мың тонна, Ақсу стансасы да сон­ша көлемде микросфера сатады. Бірақ стансалар бұл өнімді өздері емес, арнайы фирма­ларға жинат­қызып алады. Сол себепті мұнда кемі 4 компания күл жинаумен айналы­сып жүр. Олардың арасында жер­гілікті тұрғындардың қызме­тіне жүгінетіндер де, өз қызмет­кер­лерінің күшімен жинайтындар да бар. Айталық, 2018 жылы поляк­тардың қаржысымен ашылған «ZUMiR Микросфера» ЖШС күлді өздері жинамайды, тек тұрғындардан қабылдап ала­ды. Ал текетірес бағаға қатыс­ты туындайтын тәрізді. Мәсе­лен, былтыр ГРЭС-1-дің «микрос­фе­раға» белгілеген бағасы әр тонна үшін 50 мың теңге болды. Бірақ нарықта баға одан әлдеқайда жоғары болды. Оған Қалқаман елді мекенінде орналасқан әлгі «Зумир» компаниясының микросфераның әр келісін 100 теңгеден жо­ғары бағаға сатып алғаны дәлел. Яғни, бір тонна өнім 100 мың теңгеден асады деген сөз. Биыл да микросфераның бағасы әртүрлі. Кепкен микросфераның кейбір түрінің тоннасы 400 мың теңгеден асады. Нұр-Сұлтанда бұл өнімді 320 мың теңгеден сатып отырған мекемелер бар. Бірақ сатып алу құны сәл төмен. Біз тұрғындардан кеппеген микросфераның әр тоннасын кемі 100-120 мың тең­ге­ден сатып алатын мекемелерді де кездестірдік. Демек, күл жи­наушылар мен полицияның теке­тіре­сінде баға факторы басты рөл атқаруы мүмкін. Өйткені күл жинаумен айналысуға ресми рұқсаты бар 4 компанияның ұсынған бағасы тұрғындардың көңілінен шықпауы ғажап емес. Ондайда тұрғындар өздері жинаған күлді Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларына жеткізуге тырысады. Сөйтіп, қымбатқа өткізуді көз­дейді. Бірақ өздеріне «қамқор» болатын полиция қызметкерлеріне «үлес» қалдырып кету әдеті де бар. Бірақ биыл карантин режимінің енгізілуіне байланысты осы «үлес­тің» құны өсіп кеткен болуы ға­жап емес. Әрине, біздікі тек бол­жам, алайда Павлодардағы жанжал­ға азды-көпті қатысы бар аза­маттардан сұрастыра келе осындай ой түйдік. Бірақ микросфера жинауда «көлеңкелі бизнестің» үлесі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.     ТҮЙІН:  

Негізі, «көлеңкелі бизнес» тамырын жайған салалар біздің елде аз емес. Солардың қатарына осы микросфера, артемий шаяндарын, темір-терсек, шыны, құты жинау тәрізді кәсіптерді қосуға болады. Павлодардағы оқиғаның «сөлі» дөрекі полиция болса, өзге өңірлерде полиция мен «кәсіпкерлердің» ымырасын байқауға болады. Әсіресе, қара және түсті металл жинау мен саудалауда мұндай ымыра жиі кездеседі. Бірақ көп жұрт күдіктеніп, кейде өздері куә болса да «ұсталмаған ұры емес» қағидасы қолбайлау болатыны бар. Дегенмен микросфера дауында полицияның дөрекілігі бірден көзге түсіп қалды. Әрине, оның әрекетін тиісті органдар зерделей жатар. Біз алдағы уақытта полиция қызметкерлерінің әдебі жайлы айтамыз. Өйткені ұрда-жық полицейлер азаймай тұр.

   

 width=Амангелді ҚҰРМЕТ