Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатынын мәлімдеді. Президенттің сөзінше, биыл Қазақстанда рекордтық мөлшерде баспана салынбақ. Жаңа бағдарламаның шарттары қалың бұқараға тиімді ме? Жалпы, Қазақстан нарығында ипотекалық бағдарламалар жылдан-жылға көбейіп жатыр. Әрқайсысының мүмкіндігі мен талабы әртүрлі. Қоғамға қозғау салған бағдарламаның бірі «7-20-25» еді. Басқа да екінші деңгейлі банктердің ипотекалық бағдарламаларымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді болатын. Оның пайыздары төмен белгіленді. Бірақ сол «7-20-25» арқылы жапатармағай баспанаға қарық болған халықтың қарасын байқамадық. Неге? Өйткені азаматтардың қолында бірден 20 пайыз құятын ақша жоқ. Бұл бір деп қояйық. Екіншіден, көбінің мойнында несие бар. Бағдарламаны жүзеге асыратын банктер электронды «Скоринг» жүйесінің көмегімен үміткердің төлем қабілетін анықтайды. Қарызға белшесінен батқан адамға ешкім қайтадан қарыз бермейтіні түсінікті. Ал ең негізгі себеп – ел-жұрттың табысы аз. Айлығы шайлығынан аспайды. Банктер, әрине ондай клиенттен ат-тонын ала қашады. Сондықтан шығар, кей сарапшылар мұндай ипотекалық бағдарламаларға күмәнмен қарайды. Мысалы, Мұхтар Тайжан сынды экономистердің пікірінше, жаңа бағдарлама да баяғы сарынның жалғасы. Тек «7-20-25»-тің орнын «5-20-25» басқан. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің орнына «Отбасы банкі» келді. Бары сол-ақ. Алайда GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халықтың ойынша, «5-20-25» бағдарламасының тиімді тұсы көп. Ең бастысы, бастапқы жарна 10 пайызға, яғни екі есе төмендеді. Жылдық мөлшерлеме 5 пайызға түсті.
– 5 пайыз деген дағдарыс басталып жатқан қазіргі жағдайда қаншалықты қиын екенін ұғынуымыз керек. Банктердің халі нашар. 3 айлық каникулға байланысты оларға да ақша түспей тұр. Былайша айтқанда, «5-20-25» дегеніміз – мемлекеттің батыл қадамы. Толық жүзеге асырса, халыққа өте қолайлы бағдарлама болмақ, – дейді экономист.Рас, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 5 пайыздық несие баяғыдан бар. Мойындау керек, бұл – ипотека нарығындағы ең төменгі пайыз. Бірақ оның өзіндік шарттары болды. Үміткер әуелі депозит ашады, сонда 3 жыл бойы салым салады. 3 жыл бойы сол қаражатты банк айналымда ұстап, өз игілігіне жаратады. Содан кейін ғана клиентке 5 пайыздық несие рәсімделеді. Ал жаңа бағдарламаның шарттары қандай? Сұраққа жауап іздеп отырып Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне хабарластық. Телефон тұтқасын көтерген банк қызметкері Шахмұхаммед Жаһан «5-20-25» бағдарламасы тек тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға арналғанын айтты.
– Әзірге бағдарламаға қатысты ешқандай құжат жоқ. Шамамен бір айдың ішінде әзірленуге тиіс, – деп қысқа қайырды банк өкілі.Айтпақшы, Президент осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде толыққанды даму және қолдау институты ретінде «Отбасы банкін» құруды тапсырған.
– Ол («Отбасы банкі» – ред.) тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асырады, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. «Отбасы банкі» жайлы біздің де білетініміз – осы ғана. Нақты жұмыс механизмі әлі беймәлім.Негізі, 5 пайызбен жөн-жосықсыз несие тарата берсе, банктер шығынға ұшырайды. Неліктен? Себебі Ұлттық банктің базалық пайызы – 9,5 пайыз. Мемлекет бөліп отырған 390 млрд теңге сол 4,5 пайыз айырманы жоюға бағытталады. Банктің шығындарын субсидиялайды. Қаржыгерлер тілінде мұны «секьюритизациялау» дейді. Қош. Жаңа бағдарламада ескі бағдарламаның кемшіліктері ескеріле ме? Иә, белгілі дәрежеде жеңілдіктер жоқ емес. Әйтсе де, қазір де халықтың табысы шығанға шырқап кеткені шамалы. Азаматтар әлі несиесінен құтылған жоқ. Кендірді жіпке жалғап, әупірімдеп әрең күнелтіп жүрген тұрғындардың алдынан тағы сол «төлем қабілеті» деген талап кесе-көлденеңдеп шығатыны айдан анық. Демек, бізге төлем қабілетін анықтаудың жаңа формуласын жасау қажет сияқты. Неге десеңіз, мұндай бағдарламалар халықтың әлсіз топтарына арналған. Әлсіз топтар дегеніміз – төлем қабілеті төмен немесе жоққа тән азаматтар. Енді мына қарама-қайшылыққа қараңыз: Үкімет тұрмысы нашар отбасыларға деп бағдарлама жариялайды, ал нағыз жарлы-жақыбайлар оның игілігінен құр қалады, жұтаған үстіне жұтай түседі. Сонда олар қашан және қалай үйлі болады? «5-20-25» бағдарламасы тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтарға ғана ұсынылса, кезекке тұра алмаған, тізімге кіре алмаған отбасылардың обалын кім ойлайды? Сауал көп, жауап жоқ. Сонымен, «5-20-25» бағдарламасының шарттары: 5% – жылдық мөлшерлеме; 10% – бастапқы жарна; 20 жылға дейін – қарызды өтеу мерзімі. Мақсат Халық осы шарттарға сүйеніп, ипотекалық калькулятормен мынадай есеп шығарыпты: – Тұрғын үй бағасын мысалға 10 млн теңге делік. Бастапқы жарна – 1 млн теңге. Жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз. Несие мерзімі – 20 жыл. Сонда 9 млн несие аламыз. Оны 240 айға бөлеміз. Ай сайын 59 396 теңге төлейміз. Дөңгелектесек, 60 мың теңге. Жалпы төлем 15 млн 225 мың теңге болады. Артық төлем – 5 225 мың теңге. Яғни, жалпы соманың 58 пайызын құрайды. Өте тиімді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 10 млн-ды 18-19 млн қылып қайтарар едік. Мынаның қайтарымы да, бастапқы жарнасы да аздау, – дейді экономист. Ал банктердегі пайызы тіптен жоғары. Мәселен, 10 млн теңгенің үйін екінші деңгейлі банктерден ипотекамен алғыңыз келсе, шамаман 30-40 пайыз бастапқы жарна салуға мәжбүр боласыз. Егер 40 пайыз жарна салсаңыз, 6 млн теңгені бан береді. Жылына 15 пайыздық өсіммен 10 жылға алсаңыз, 6 млнға жуық теңге артығымен төлейсіз. Бұл жалпы соманың 58-60 пайызына тең. Ал ипотека мерзімі 20 жыл болса, артығымен төлейтін сомаңыз бұдан да асып түседі. Мемлекет басшысы биыл 15 млн шаршы метр немесе 150 мың үй мен пәтер салынатынын хабарлады. Ол аз ба, көп пе? Әрине, 150 мың отбасы жаңа шаңырақты шаттыққа толтырса, аз деуге аузымыз бармайды. Бірақ 150 мың баспана халықтың елеулі бөлігін қамтиды деу және қиын. Өйткені елімізде 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 540 мың адам үй кезегінде тұр. Одан соң баспаналы болудан үміт етіп жүрген 212 мың адам тағы бар. Олар әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары. Оның үстіне, 390 млрд теңге де үлкен өлшеммен санағанда аса көп ақша емес. Демек, «5-20-25» бағдарламасы мемлекеттің баспана мәселесін шешудегі балама жолы болса керек.