Министр: екпені мәжбүрлемейміз, бірақ міндеттейміз
Министр: екпені мәжбүрлемейміз, бірақ міндеттейміз
123
оқылды
Парламент Мәжілісі «Ха­лық денсаулығы мен ден­саулық сақтау жүйесі ту­ралы» кодекс жоба­сын екінші оқылымда қабыл­дады. Олар кодекс жоба­сында вак­цинация, донор­лық, транс­плантация, пси­хи­ка­лық және репродуктивті ден­саулық, скрининг, жеке меди­циналық мәліметтерді жинау мен темекі тұтынуды реттеуге қатысты норманы қарады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook па­рақшасында кодекстегі оң өз­геріске қатысты жазба жария­лады. Соның ішінде вакцина салдыруға айрықша тоқталып, ел ішін­дегі күмәнді сейілткендей болды.  

Өткен жылы 6 003 адам екпеден бас тартқан

«Кейінгі кезде әлеуметтік же­лілерде кодекске, оның ішін­­де міндетті вакцинация, са­­па­­сыз вакцина мен сатып алу мін­­детін дұрыс орында­май­­тын­­дар, вакцинаны дұрыс тасы­­малдамайтындар мен вак­ци­на­дан кейінгі қиындықтар туралы әңгіме жиі көтеріліп кетті. Бұл – қоғамдық сананы ашық ма­нипуля­циялау. Қазақстанда вакцинация – мәжбүрлі емес! Бүкіл әлемдегі секілді біздің ел­­де екпе жасату – ерікті және мін­­детті болады. Бірақ әрбір жағ­дайда ата-аналардың ақ­па­рат­тық түр­де келісім беруге немесе вак­цинациядан бас тартуға құқығы болады» деп министр әлеуметтік желіде пікір қалдырды. Сонымен бірге екпе егілмеген баланың балабақша мен мектепке баруы туралы да сөз қозғады. Екпе жасалмаған балалардың құқығын шектейтіндей норма жоқ екенін айтты. Ұжымдық им­мунитетті қамтамасыз ететін, яғни балабақшаға баратын бар­лық баланың денсаулығын қор­ғайтын тек бір норма бар екенін атап өтті. Елжан Біртанов жазған мәліметке сүйенсек, 2019 жылы 4 841 334 екпе жасалып, 6 003 адам (0,12 %) вакцина салдырудан бас тартқан. Екпе жасатқандардың ішінде тек 143-і (0,003%) екпеден кейін өзін жайсыз сезінген. Олар­­дың қызуы көтеріліп, терісі қызарған. Елімізде 2019 жылы вакцинадан бірде-бір адам көз жұмбаған.  

Вакцина сапасы сын көтереді

Екпеге үрке қарайтындардың пікірінше, вакцинаның сапасы төмен. Бұл аргументке министр үзілді-кесілді қарсы шықты. Елі­мізде вакцина сапасын қа­да­ғалау тіркеу кезеңінен баста­лады. Дәрі-дәрмекті сарап­тау­­­дың ұлттық орталығы сарап­­­шы­лары алгоритмге сәй­кес стан­дартын тексереді. Екін­ші ана­ли­ти­калық кезеңде вакци­на­ларға лабора­тория­лық зерттеу жүргізеді. Кли­никалық зерт­теу тарихы мен вак­цинаның эпидемиологиялық тиімділігі тексерістен өтеді. Тіркелгеннен кейін вакциналардың әрбір партиясын қауіпсіздік пен сапа сынағы күтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы ДДСҰ деңгейінде тексеріледі. «Қазақстандағы әрбір вак­цина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Ол тексерістің бәрі де өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стан­дартына сай келеді», – деді ми­нистр. Министр сөзін медицина ғылымдарының докторы Динагүл Аяпбекқызы да мақұлдады. ДДСҰ әр вакцинаға талдау жүргізетінін алға тартты. Вакцина сатып алуға қаражаты жетпейтін елге көмек қолын созатынын атап өтті. Ел арасында сапаға қатысты күмән осы мәселеге қатысты шықса керек-ті. Жоғары санатты дәрігер-инфекционист вакцина туралы ақпарат таратуда абай болуға шақырды. «Вакцина туралы сөз қозғал­ғанда анамның айтқаны еске түседі. Өйткені 3 баласына қызылша шығып, бірінен соң бірі шетінеп кеткен. 40 жылдары қызылшаға қарсы вакцина жоқ болғасын қолдан ештеңе келмеді. Қазір медицинаның қауқары жетеді. Сондықтан көптің қанқу сөзіне ермей, екпенің адамзатқа келтірер пайдасына көз жұмуға болмайды», – дейді Астана ме­дициналық университетінің жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі.  

4 айда 12 бала қайтыс болды

Жұқпалы аурулар бойынша жетекші маман Динагүл Баешева былтыр елімізде қызылшамен ауырған адамның көп болғанын айтады. Себебі олар қызылшаға қарсы вакцина салдырудан бас тартқан. Нәтижесінде, 4 айдың ішінде 12 бала қайтыс болған. Мәселен, адам пневмококкқа қарсы вакцина салдырмай ме­нингит болса өмір бойы саңырау болып қалады. Білікті дәрігердің «вакцина салғаннан соң балам сал болып қалды» дейтін ата-анаға айтар уәжі бар. Оның айтуынша, кө­бінесе аутизм мен ДЦП туғаннан пайда болады. Баланың даму кезеңі мен екпе егу кезеңі сәйкес келеді. Сондықтан олар вакцина мен ауруды шатастырады. Әлемде осындай пікір пайда болғанда Жапония тыңғылықты зерттеу жүргізген. Вакцина салу­ды тоқтатқан. Артынша екпе егудің пайдасы зор екенін анықтап, вакцина салуды қайта бастаған екен. Динагүл Аяпбекқызы бүкіл әлемнің бірдей вакцина қол­да­натынын алға тартты. Маман­ның айтуынша, ДДСҰ бәрін тыңғылықты зерттеуден өткізеді. Егер екпеден кейін адам ауырса немесе сал болып қал­са вакцина шығарған фарма­цевтикалық компания өмір бойы науқастың қажетін өтейді. Ал мұндай жағдай миллионнан бір адамда кездеседі. Кез келген ауру түрінен болған қайғылы жайтты вакцинаға телудің қажеті жоғын жеткізді. «Өткен жылы фиброэластоз ауруынан бір кішкентай қыз қайтыс болды. Анасы бүкіл ақ­­парат құралына қызының вак­цинадан қайтыс болғанын мәлім­деді. Фиброэластозға шал­дыққан адам өзі 11 ай ғана өмір сүреді. Өйткені жүректің ақауы бар. Салдарынан жүрек жұмысын тоқтатады», – дейді медицина ғылымдарының докторы Динагүл Аяпбекқызы. Қазір жаһан коронавирусқа қарсы вакцина таппай дал бо­лып жүр. Індеттің әлемдік эко­номикаға тигізген зардабы бөлек әңгіме. Осындайда дәрігер-инфекционист дифтерияға қарсы вакцина жоқ болғанда, жағдай бұдан да мүшкіл болатынын ескертеді. Дифтерияның емі коро­навирустан 100 есе күрделі екен. Сондықтан ол адамзатты аурудан сақтап, аман алып қалған вакцинаға көз аларта қараудың қажеті жоғын айтты.  

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ