Парламент Мәжілісі «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын екінші оқылымда қабылдады. Олар кодекс жобасында вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулық, скрининг, жеке медициналық мәліметтерді жинау мен темекі тұтынуды реттеуге қатысты норманы қарады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында кодекстегі оң өзгеріске қатысты жазба жариялады. Соның ішінде вакцина салдыруға айрықша тоқталып, ел ішіндегі күмәнді сейілткендей болды.
Өткен жылы 6 003 адам екпеден бас тартқан
«Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде кодекске, оның ішінде міндетті вакцинация, сапасыз вакцина мен сатып алу міндетін дұрыс орындамайтындар, вакцинаны дұрыс тасымалдамайтындар мен вакцинадан кейінгі қиындықтар туралы әңгіме жиі көтеріліп кетті. Бұл – қоғамдық сананы ашық манипуляциялау. Қазақстанда вакцинация – мәжбүрлі емес! Бүкіл әлемдегі секілді біздің елде екпе жасату – ерікті және міндетті болады. Бірақ әрбір жағдайда ата-аналардың ақпараттық түрде келісім беруге немесе вакцинациядан бас тартуға құқығы болады» деп министр әлеуметтік желіде пікір қалдырды. Сонымен бірге екпе егілмеген баланың балабақша мен мектепке баруы туралы да сөз қозғады. Екпе жасалмаған балалардың құқығын шектейтіндей норма жоқ екенін айтты. Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ететін, яғни балабақшаға баратын барлық баланың денсаулығын қорғайтын тек бір норма бар екенін атап өтті. Елжан Біртанов жазған мәліметке сүйенсек, 2019 жылы 4 841 334 екпе жасалып, 6 003 адам (0,12 %) вакцина салдырудан бас тартқан. Екпе жасатқандардың ішінде тек 143-і (0,003%) екпеден кейін өзін жайсыз сезінген. Олардың қызуы көтеріліп, терісі қызарған. Елімізде 2019 жылы вакцинадан бірде-бір адам көз жұмбаған.Вакцина сапасы сын көтереді
Екпеге үрке қарайтындардың пікірінше, вакцинаның сапасы төмен. Бұл аргументке министр үзілді-кесілді қарсы шықты. Елімізде вакцина сапасын қадағалау тіркеу кезеңінен басталады. Дәрі-дәрмекті сараптаудың ұлттық орталығы сарапшылары алгоритмге сәйкес стандартын тексереді. Екінші аналитикалық кезеңде вакциналарға лабораториялық зерттеу жүргізеді. Клиникалық зерттеу тарихы мен вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі тексерістен өтеді. Тіркелгеннен кейін вакциналардың әрбір партиясын қауіпсіздік пен сапа сынағы күтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы ДДСҰ деңгейінде тексеріледі. «Қазақстандағы әрбір вакцина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Ол тексерістің бәрі де өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандартына сай келеді», – деді министр. Министр сөзін медицина ғылымдарының докторы Динагүл Аяпбекқызы да мақұлдады. ДДСҰ әр вакцинаға талдау жүргізетінін алға тартты. Вакцина сатып алуға қаражаты жетпейтін елге көмек қолын созатынын атап өтті. Ел арасында сапаға қатысты күмән осы мәселеге қатысты шықса керек-ті. Жоғары санатты дәрігер-инфекционист вакцина туралы ақпарат таратуда абай болуға шақырды. «Вакцина туралы сөз қозғалғанда анамның айтқаны еске түседі. Өйткені 3 баласына қызылша шығып, бірінен соң бірі шетінеп кеткен. 40 жылдары қызылшаға қарсы вакцина жоқ болғасын қолдан ештеңе келмеді. Қазір медицинаның қауқары жетеді. Сондықтан көптің қанқу сөзіне ермей, екпенің адамзатқа келтірер пайдасына көз жұмуға болмайды», – дейді Астана медициналық университетінің жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі.4 айда 12 бала қайтыс болды
Жұқпалы аурулар бойынша жетекші маман Динагүл Баешева былтыр елімізде қызылшамен ауырған адамның көп болғанын айтады. Себебі олар қызылшаға қарсы вакцина салдырудан бас тартқан. Нәтижесінде, 4 айдың ішінде 12 бала қайтыс болған. Мәселен, адам пневмококкқа қарсы вакцина салдырмай менингит болса өмір бойы саңырау болып қалады. Білікті дәрігердің «вакцина салғаннан соң балам сал болып қалды» дейтін ата-анаға айтар уәжі бар. Оның айтуынша, көбінесе аутизм мен ДЦП туғаннан пайда болады. Баланың даму кезеңі мен екпе егу кезеңі сәйкес келеді. Сондықтан олар вакцина мен ауруды шатастырады. Әлемде осындай пікір пайда болғанда Жапония тыңғылықты зерттеу жүргізген. Вакцина салуды тоқтатқан. Артынша екпе егудің пайдасы зор екенін анықтап, вакцина салуды қайта бастаған екен. Динагүл Аяпбекқызы бүкіл әлемнің бірдей вакцина қолданатынын алға тартты. Маманның айтуынша, ДДСҰ бәрін тыңғылықты зерттеуден өткізеді. Егер екпеден кейін адам ауырса немесе сал болып қалса вакцина шығарған фармацевтикалық компания өмір бойы науқастың қажетін өтейді. Ал мұндай жағдай миллионнан бір адамда кездеседі. Кез келген ауру түрінен болған қайғылы жайтты вакцинаға телудің қажеті жоғын жеткізді. «Өткен жылы фиброэластоз ауруынан бір кішкентай қыз қайтыс болды. Анасы бүкіл ақпарат құралына қызының вакцинадан қайтыс болғанын мәлімдеді. Фиброэластозға шалдыққан адам өзі 11 ай ғана өмір сүреді. Өйткені жүректің ақауы бар. Салдарынан жүрек жұмысын тоқтатады», – дейді медицина ғылымдарының докторы Динагүл Аяпбекқызы. Қазір жаһан коронавирусқа қарсы вакцина таппай дал болып жүр. Індеттің әлемдік экономикаға тигізген зардабы бөлек әңгіме. Осындайда дәрігер-инфекционист дифтерияға қарсы вакцина жоқ болғанда, жағдай бұдан да мүшкіл болатынын ескертеді. Дифтерияның емі коронавирустан 100 есе күрделі екен. Сондықтан ол адамзатты аурудан сақтап, аман алып қалған вакцинаға көз аларта қараудың қажеті жоғын айтты.