Егер бұрын тест тапсырушыдан тыйым салынған заттар табылса, ол емтиханға, сонымен қатар ағымдағы жылғы келесі ҰБТ-ға жіберілмейді. Ал ҰБТ тапсыру кезінде тест тапсырушыдан тыйым салынған заттар табылса, тест нәтижелері жойылады. Бұл туралы Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директоры Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, биыл ҰБТ өткізу барысына өзгерістер енгізілді. «Егер бұрын, тест тапсырушыдан тыйым салынған заттар табылғанның өзінде, ол тестілеуге жіберілген болса, енді 2020 жылдың қаңтарынан бастап, металлөткізгіштен өту кезінде тыйым салынған заттар анықталған жағдайда, ол емтиханға, сонымен қатар ағымдағы жылғы келесі ҰБТ-ға жіберілмейді. Егер тест тапсырушы ҰБТ тапсыру кезінде тыйым салынған заттар табылса, тест нәтижелері жойылады. Сондықтан Ұлттық тестілеу орталығында түлектерге өз біліміне ғана сенуге кеңес береді», – дейді ол. Биыл тестілеу барысының әр бейнежазбасы мұқият талданады. Яғни, ҰБТ аяқталғаннан кейін, 25 тамызға дейін бейнежазбалар талданады, егер өтініш беруші тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, ҰБТ мен конкурстың нәтижесі жойылады. Одан бөлек, жүйенің ашықтығын арттыру және қоғамды бақылауға тарту мақсатында әр аудитория тікелей эфирге қосылады. Тікелей эфирде тәртіп бұзуды байқағандар Ұлттық тестілеу орталығына жедел хабарлай алады. Айта кетейік, ҰБТ 20 маусым мен 05 шілде аралығында қағаз түрінде өтеді деп жоспарланған.