Мыңға жуық «Дарынды баланың» анасы
Мыңға жуық «Дарынды баланың» анасы
320
оқылды
Бақытты отбасы – бұл кез келген қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатының негізі болып табылады. Теңін тауып, отбасын құрып, түтінін дұрыс түтеткен жандар жұртқа үлгі. Солардың бірі – «Алтын алқа» иегері Айнагүл Хамитова. Ол Қарағандыда «Талант менеджмент» авторлық бағдарламасы бойынша бес балабақша ашып, «Дарынды бала» әдістемесінің негізін қалады. Мыңға жуық бала тәрбиеленетін балабақшалар бала бойында тұлғалық, көшбасшылық қасиеттерді дамытумен айналысатын ерекше әдістемемен жұмыс істейді. Ерекше балабақшаның негізі 2014 жылы қаланды, көпбалалы ана оны психология ғылымының докторы, профессор Айжан Изаковамен бірлесіп ашты. – «Дарынды бала» балабақ­ша­сын ашқанға дейін мен ба­ла­ны дамытумен айналысатын орта­лықтарда жұмыс істедім. 4 жыл бойы әртүрлі елдердің тәжіри­белерін зерттедім. Ресейдің, ше­­телдердің мектепке дейінгі ме­ке­мелеріндегі әдістемесін, тех­но­логияларын жіті зерделедім. Соңын­да әр ұлттың өзінің мен­та­ли­тетіне сай әдістеме қажет еке­ні­не көз жеткіздім. Бізде ата-ана­ның таным-түсінігі де, бала­лар­дың бос уақыты да өзіміздің менталитетке сай етіп құрылған. Басқа елдің озық үлгісін бір­ден енгізу нәтиже бермейді. Бала­лар­ды шаршатып, ықыласын сөн­д­і­ріп алуымыз мүмкін. Сол себеп­ті мен бала тәрбиесіне ұлттық құн­ды­лықтармен ғылыми әдіс­те­мені ұш­тас­тыра келуді жөн көрдім. Бұл істе маған ғалым, про­­фессор, Халықаралық психо­логия Ассоциациясының коррес­пондент-мүшесі Айжан Изако­ваның ізденісі көп көмектесті. Арнайы «Дарынды бала» атты жаңа технология жасап шығар­дық. Ол заманауи үрдіске ла­йық­талған, ата-аналардың сұра­­нысына сай болу керек деп шеш­тік. Осы тәжірибе бойынша алғаш­қы балабақшаны 2014 жылы аштық», – дейді Айнагүл Хамитова. Айнагүлдің бастамасын «Ата­мекен» ҰКП қолдайды. Көпба­лалы ана «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 1 млн 800 мың теңге көлеміндегі грантына ие болады. «Осы қара­жат кәсіпті кеңейтіп, заманауи стандартқа сай, еңселі балабақша ашуға жол ашты», – дейді кәсіпкер. 2014 жылы алғашқы бала­бақша 45 балаға шақтап ашылса, 2015 жылы есігін айқара ашқан екінші «Дарынды бала» 150 ба­ланы қабылдады. Үшінші бақша 2017 жылы 210 баланы қарсы алды. Төртіншісі – 2018 жылы 250 балаға, бесіншісі өткен жы­лы 320 балаға есігін айқара аш­ты. Қарағандылық ата-аналар бала­ларын көшбасшылық қабілетке баулитын, даму жағынан кешеуіл­деп қалған балаларды бөлмей, бір ортада тәрбиелейтін балабақшаға беруге құштар. «Дарынды бала» балабақ­шасының ерекшелігі әр балаға жеке тұлға деп қарайды. «Дарын­сыз бала болмайды», – дейді ма­ман. Әр баланың бойындағы жасырын қабілеттерді ашу – педагогтердің басты мақсаты. Бақшада шахмат, актерлік өнер, ән-күйге баулу, сурет салу, спорт­пен шұғылдану үшін арнайы мамандар кәсіби мекемелерден шақырылады. Балабақшаның басты ерек­шелігі – заманауи тәсілдерді меңгертетін робототехника, ең­бекке баулуды үйрететін аспаздық сабақтары жүреді. Сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар арасында инклюзивті білім беруді бірінші болып дамытып отыр. «Дарынды бала-3» мектепке дейінгі меке­месі жа­нынан инклюзивті білім беретін топтар ашылды. Балабақша мүмкіндігі шектеулі балаларға басқа бүлдіршіндермен тең дәрежеде білім береді. Олармен тәжірибелі логопедтер және тәр­биешілер жұмыс істейді. Балабақша таңғы 8-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Бағасы айына – 14 мың теңге. «Дарынды бала» балабақ­шасының айрықша әдістемесі елдің назарын аудара бастады. Осы балабақшаның тәжірибесін тарату, үйрету мақсатында «Ата­мекен» кәсіпкерлік палатасының бастамасымен Айнагүл Хамитова тәрбиешілерді оқытатын курс ашты. Жұмыспен қамту орталы­ғымен келісімшартқа отырып, балабақша тәрбиешілері үшін «Дуалды білім беру» бағдарламасы бойынша 3 айлық курс жұмысын бастады. Қазір «Дарынды бала» балабақшасында 8 тәрбиеші әдістемелерді үйренуде. Айнагүл Хамитова өзінің тәжірибесін жұртпен бөлісуге құштар жан. Бизнес жүргізудің қыр-сырын үйретіп, қалада тағы 4 балабақша ашуға тегін көмек көрсетті. Өз қаражатына жиһаздарын алып берді. Ата-ана қарауынсыз қалған балаларды балабақшаға тегін қабылдайды. Көпбалалы, жағ­дайы төмен отбасылар үшін жеңілдік қарастырылған. Көп­балалы ана өткен жылы «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауына қатысып, Хамитовтер әулеті аймақтық кезеңнің жеңімпазы атанды. Финалға шыққан 15 отбасының ішінде «үздік» деп танылды. Әулеттің отағасы Қайрат Хамитов еңбек жолын құрылыс саласында қызмет етуден бас­таған. Кейін Қарағанды поли­тех­никалық институтына оқуға түсіп, студенттік жылдары Айнагүлмен бас қосады. Ол кезде Айнагүлдің жасы небәрі 18-де болады. Айна­гүл де көпбалалы отбасынан шық­қан, оның да мамандығы – «Инженер-құрылысшы». Жұбайы екеуі отбасылық кәсіппен бірге айналысып жүр. Отасқандарына 26 жыл болған ерлі-зайыпты Хамитовтер әулеті елге үлгілі шаңырақ құра білді. Үйдің тұңғышы Ерлан Канаданың Ванкувер қаласында Business Administration мамандығын ие­ленді. Ол Sweatberry.tours саяхат­тау компаниясының негізін қа­лады. Студент қыздары Айдана Құрманғазы, Ахмет Жұбанов, «Шабыт» конкурстарының лау­реаты және әртүрлі өнер байқау­ларының жеңімпазы. Ал оқушы Айзада интерьер-дизайн саласын меңгерумен қоса, ағылшын тілін меңгерген, шығыс халықтарының мәдениетіне қызығады. Әмина фортепианода ойнайды, елордада өткен халықаралық конкурста II орынға ие болды. Елданасы қобыз бен гитарада тамаша ойнайды. Ал Ясмина мен Еламан қазір «Дарынды бала» балабақшасына барып жүр. Жарына қорған, балаларына аяулы ана бола білген Айнагүл Хамитова үлкен әулеттің ғана емес, Қарағанды қаласындағы қаншама шаңырақтың бала­ла­рына заманауи білім мен ұлттық тәрбие беріп отыр.    width=   Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы