Бақытты отбасы – бұл кез келген қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатының негізі болып табылады. Теңін тауып, отбасын құрып, түтінін дұрыс түтеткен жандар жұртқа үлгі. Солардың бірі – «Алтын алқа» иегері Айнагүл Хамитова. Ол Қарағандыда «Талант менеджмент» авторлық бағдарламасы бойынша бес балабақша ашып, «Дарынды бала» әдістемесінің негізін қалады. Мыңға жуық бала тәрбиеленетін балабақшалар бала бойында тұлғалық, көшбасшылық қасиеттерді дамытумен айналысатын ерекше әдістемемен жұмыс істейді.
Ерекше балабақшаның негізі 2014 жылы қаланды, көпбалалы ана оны психология ғылымының докторы, профессор Айжан Изаковамен бірлесіп ашты.
– «Дарынды бала» балабақшасын ашқанға дейін мен баланы дамытумен айналысатын орталықтарда жұмыс істедім. 4 жыл бойы әртүрлі елдердің тәжірибелерін зерттедім. Ресейдің, шетелдердің мектепке дейінгі мекемелеріндегі әдістемесін, технологияларын жіті зерделедім. Соңында әр ұлттың өзінің менталитетіне сай әдістеме қажет екеніне көз жеткіздім. Бізде ата-ананың таным-түсінігі де, балалардың бос уақыты да өзіміздің менталитетке сай етіп құрылған. Басқа елдің озық үлгісін бірден енгізу нәтиже бермейді. Балаларды шаршатып, ықыласын сөндіріп алуымыз мүмкін. Сол себепті мен бала тәрбиесіне ұлттық құндылықтармен ғылыми әдістемені ұштастыра келуді жөн көрдім. Бұл істе маған ғалым, профессор, Халықаралық психология Ассоциациясының корреспондент-мүшесі Айжан Изакованың ізденісі көп көмектесті. Арнайы «Дарынды бала» атты жаңа технология жасап шығардық. Ол заманауи үрдіске лайықталған, ата-аналардың сұранысына сай болу керек деп шештік. Осы тәжірибе бойынша алғашқы балабақшаны 2014 жылы аштық», – дейді Айнагүл Хамитова.
Айнагүлдің бастамасын «Атамекен» ҰКП қолдайды. Көпбалалы ана «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 1 млн 800 мың теңге көлеміндегі грантына ие болады. «Осы қаражат кәсіпті кеңейтіп, заманауи стандартқа сай, еңселі балабақша ашуға жол ашты», – дейді кәсіпкер.
2014 жылы алғашқы балабақша 45 балаға шақтап ашылса, 2015 жылы есігін айқара ашқан екінші «Дарынды бала» 150 баланы қабылдады. Үшінші бақша 2017 жылы 210 баланы қарсы алды. Төртіншісі – 2018 жылы 250 балаға, бесіншісі өткен жылы 320 балаға есігін айқара ашты. Қарағандылық ата-аналар балаларын көшбасшылық қабілетке баулитын, даму жағынан кешеуілдеп қалған балаларды бөлмей, бір ортада тәрбиелейтін балабақшаға беруге құштар.
«Дарынды бала» балабақшасының ерекшелігі әр балаға жеке тұлға деп қарайды. «Дарынсыз бала болмайды», – дейді маман. Әр баланың бойындағы жасырын қабілеттерді ашу – педагогтердің басты мақсаты. Бақшада шахмат, актерлік өнер, ән-күйге баулу, сурет салу, спортпен шұғылдану үшін арнайы мамандар кәсіби мекемелерден шақырылады.
Балабақшаның басты ерекшелігі – заманауи тәсілдерді меңгертетін робототехника, еңбекке баулуды үйрететін аспаздық сабақтары жүреді. Сондай-ақ жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар арасында инклюзивті білім беруді бірінші болып дамытып отыр. «Дарынды бала-3» мектепке дейінгі мекемесі жанынан инклюзивті білім беретін топтар ашылды. Балабақша мүмкіндігі шектеулі балаларға басқа бүлдіршіндермен тең дәрежеде білім береді. Олармен тәжірибелі логопедтер және тәрбиешілер жұмыс істейді.
Балабақша таңғы 8-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Бағасы айына – 14 мың теңге.
«Дарынды бала» балабақшасының айрықша әдістемесі елдің назарын аудара бастады. Осы балабақшаның тәжірибесін тарату, үйрету мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының бастамасымен Айнагүл Хамитова тәрбиешілерді оқытатын курс ашты. Жұмыспен қамту орталығымен келісімшартқа отырып, балабақша тәрбиешілері үшін «Дуалды білім беру» бағдарламасы бойынша 3 айлық курс жұмысын бастады. Қазір «Дарынды бала» балабақшасында 8 тәрбиеші әдістемелерді үйренуде.
Айнагүл Хамитова өзінің тәжірибесін жұртпен бөлісуге құштар жан. Бизнес жүргізудің қыр-сырын үйретіп, қалада тағы 4 балабақша ашуға тегін көмек көрсетті. Өз қаражатына жиһаздарын алып берді.
Ата-ана қарауынсыз қалған балаларды балабақшаға тегін қабылдайды. Көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар үшін жеңілдік қарастырылған. Көпбалалы ана өткен жылы «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауына қатысып, Хамитовтер әулеті аймақтық кезеңнің жеңімпазы атанды. Финалға шыққан 15 отбасының ішінде «үздік» деп танылды.
Әулеттің отағасы Қайрат Хамитов еңбек жолын құрылыс саласында қызмет етуден бастаған. Кейін Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, студенттік жылдары Айнагүлмен бас қосады. Ол кезде Айнагүлдің жасы небәрі 18-де болады. Айнагүл де көпбалалы отбасынан шыққан, оның да мамандығы – «Инженер-құрылысшы». Жұбайы екеуі отбасылық кәсіппен бірге айналысып жүр. Отасқандарына 26 жыл болған ерлі-зайыпты Хамитовтер әулеті елге үлгілі шаңырақ құра білді. Үйдің тұңғышы Ерлан Канаданың Ванкувер қаласында Business Administration мамандығын иеленді. Ол Sweatberry.tours саяхаттау компаниясының негізін қалады. Студент қыздары Айдана Құрманғазы, Ахмет Жұбанов, «Шабыт» конкурстарының лауреаты және әртүрлі өнер байқауларының жеңімпазы. Ал оқушы Айзада интерьер-дизайн саласын меңгерумен қоса, ағылшын тілін меңгерген, шығыс халықтарының мәдениетіне қызығады. Әмина фортепианода ойнайды, елордада өткен халықаралық конкурста II орынға ие болды. Елданасы қобыз бен гитарада тамаша ойнайды. Ал Ясмина мен Еламан қазір «Дарынды бала» балабақшасына барып жүр.
Жарына қорған, балаларына аяулы ана бола білген Айнагүл Хамитова үлкен әулеттің ғана емес, Қарағанды қаласындағы қаншама шаңырақтың балаларына заманауи білім мен ұлттық тәрбие беріп отыр.