14 сәуір күні әлеуметтік желіде Қызылордада қызметтік автокөлік ішінде ұйықтап жатқан екі полиция қызметкері жайлы видео тараған болатын. Видео әлеуметтік желі беттерінде кеңінен талқыланып, түрлі пікір тудырды. Көп өтпей Қызылорда облыстық полиция департаменті бейне-жазбадағы екі полицейдің жұмыстан шығарылғанын хабарлады.
– Аталған бейнежазба бойынша Қызылорда облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізді. Жедел түрде департаменттің тәртіптік кеңесінде әдеп кодексінің талаптарын бұзған екі қызметкердің және оларға тікелей жетекшілік жасайтын басшыларының жауапкершілігі қаралды. Тәртіптік кеңес шешімімен Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары ішкі істер органдары құрамынан шығарылды. Сонымен қатар қызметкерлердің тікелей басшыларына қатаң тәртіптік жаза қолданылды, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.Бұл қызметтік көлікте ұйықтап қалып, қоғам наразылығын тудырған алғашқы полиция қызметкерлері емес. Осыған дейін мұндай жағдай Ақтөбе мен Өскемен қаласында да тіркелген еді.
Мадияр ТӨЛЕУ