Өзін «Әлеуметтік қызметкермін» деп таныстырған әйелдер зейнеткерлерді тонаған
Өзін «Әлеуметтік қызметкермін» деп таныстырған әйелдер зейнеткерлерді тонаған
Фото: Интернеттен алынды
201
оқылды
Алматыда екі әйел «әлеуметтік қызметкерміз» деп қарттарды алдап, ақшаларын ұрлап кетіп отырған. 38 жастағы әйелдер «әлеуметтік жәрдемақы әкелдік» деп зейнеткерлерді алдап, үйіне кіретін болған. Алаяқтар зейнеткерлерді әлеуметтік төлемдерге 6 мың теңге көлемінде жәрдемақы қосылады деп сендірген. Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің басшысы Ғалым Қасымбаев: «Олар шынымен ақшаны берген. Ақша берген кезде қаскөйлер қасақана 10 мың немесе 20 мың теңге көлемінде ірі ақшаны ұсынған. Содан кейін зейнеткер қайтарым ақша беру үшін өзінің «жасырын» жеріне барған. Әрі қарай «қонақтар» денсаулығын тексеріп, қысым өлшеуге кеңес береді. Мұны істеу үшін тонометр мен стетоскопты өздерімен бірге алып жүрген. Әйелдердің бірі егде жастағы адамдардың қысымын өлшеп, сөзге айналдырса, екіншісі ақша салынған жерді тазалап кетіп отырған», – деді. Әйелдер 92 жастағы қарияның жылдар бойы жинаған 1 миллион 200 мың теңгесін алып кеткен. Қазір күдіктілер ұсталды. Айта кету керек, күдіктілердің бірі бұрын алаяқтық үшін жауапқа тартылған. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Әзірге олардың 5 қылмыстық оқиғаға қатысы бары анықталды. «Бірақ нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Осыған байланысты бұл адамдардың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардан 298-52-80 және 298-52-82 нөмірлеріне хабарласуларын сұраймыз», – деді Қасымбаев.