Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының мәтінінде кездесетін қателіктер туралы түсініктеме бергісі келеді. Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңында және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылған. Міндетті талаптардың бірі - заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау. Бұл жағдайлар бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілді, заң жобаларының мәтіні Парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексерулер мен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексерулер нәтижелері бойынша барлық ескертулер ескеріліп, қателер түзетілді. Заң жобалары Парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындылары қоса беріледі. Анықталған қателіктер туралы ақпарат бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының бастапқы нұсқасына қатысты, заң жобаларындағы бұл қателер Парламентке жіберілгенге дейін жойылды.