Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды штабында болып, exit pool қорытындысын жариялау рәсіміне қатысты. Exit pool-дың қорытындысына сәйкес Президент сайлауында Nur Otan партиясынан түскен кандидат өзге үміткерлерден айтарлықтай жоғары дауыс жинаған.
Сауалнама нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,13 пайыз дауысын жинады. Халықтың сайлауға келу көрсеткіші 77,4 пайызды құрап, 9 миллионнан астам қазақстандық өз таңдауын жасады.
Алдын ала мәліметтер жарияланғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім білдірген барша отандастарына алғыс білдірді.
– Сайлауалды науқан өркениетті әрі жүйелі түрде жүргізілді. Шын мәнінде, бұл науқан бағдарламалардың бәсекесі болды. Халық бізге сенім артып, өз таңдауын жасады. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол үгіт-насихат кезеңіне қатысқан республикалық қоғамдық штабтың мүшелеріне, барлық белсенді азаматтарға және партия жақтастарына атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, электоралды науқанның ауқымы мен технологиялық мүмкіндігін атап өтті.
– Бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де жағдайдың өзгергенін көріп отырсыздар. Әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, Қазақстанға жаһандық оқиғалардың да ықпалы болары сөзсіз. Сондықтан біз еліміздің жарқын болашағы үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасы есімімен тығыз байланысты екенін айтты.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қуатты, көпұлтты мемлекет құрды. Біздің ендігі міндетіміз – қолдағы барымызды қадірлеп, жетістіктерімізді сақтап, өрлеу мен жасампаздық жолында болашаққа батыл қадам басу, – деді Қ.Тоқаев.
Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта партияның Елбасы жолын ары қарай жалғастырып, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
– Бүгін қазақстандықтардың басым бөлігі біздің кандидатымыз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беру арқылы Елбасы саясатының сабақтастығына және бірлік пен тұрақтылыққа қолдау білдірді, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар, іс-шарада республикалық штабтың мүшелері, аймақтық штабтар мен Team Qazaqstan жастар қанатының өкілдері сөз сөйледі. Олар Exit pool-дың нәтижесіне бірауыздан қолдау білдіріп, Қазақстан халқын өткен Президент сайлауымен құттықтады.
Сайлауалды науқан кезінде еліміз бойынша кандидаттың 228 штабы жұмыс істеді. Мобильді үгіт-насихат тобының құрамында болған 20 мыңнан астам сенімді өкіл «Есіктен есікке» акциясы аясында сайлаушылармен кездесті. Еліміз бойынша кандидаттың 228 қоғамдық қабылдауы тұрақты жұмыс істеп, 21 мыңнан астам азаматты қабылдады.
#BIRGE акциясы аясында барша қазақстандықтардан кандидаттың атына жолданған жарты миллионнан астам ұсыныстар мен тілектер жиналды. Штабтың Team Qazaqstan жастар қанаты кандидатты қолдау мақсатында #5ARMANYM интернет-жобасын, түрлі акциялар мен форумдар, Open air концерттік бағдарламаларын, «Еркін пікір» атты пікірталастар және Jas Otan Cases шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, нәтижелі өткізді.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының ресми қорытындысын заңмен бекітілген мерзім аралығында жариялайды.
Тұмар МЫРЗА