Ұйытқысы дұрыс болса, сүт те әдемі ұйыйды. Ұлт үшін де ұйытқы керек. Қазақтың есті азаматтарының қай-қайсысы да Тәуелсіздік, Тұрақтылық, Тыныштық деген қасиетті ұғымдардың қаншалықты құны барын біледі.
Бір заманда «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлы алты алаштың баласына қарата арнау сөз айтқан болатын. «Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!».
Ашық күнде адаспау – азаматтық іс.
Мұхамеджан Тазабек өзінің facebook-тегі парақшасында былай деп жазыпты: «Дауыс беруге келдік. Елдің тағдыры, мемлекеттің мүддесі әрқайсымыздың ниет-пиғылымыз бен амал-әрекетімізге байланысты. Адам қырсығам десе сайлау түгілі, сағынған әке-шешесін іздеп бармайды. Пенде Құдайдан үміт үзбесе, жердің түбіне ризық іздеп, тәуекел етіп жолға шығады...Бәрі пиғылымызға байланысты ғой. Дүние көбейген сайын кісілік көбейіп жатқан жоқ, білім артқан сайын даналық молайып жатқан жоқ. Өмірдің шындығы осы. Бірінен-бірі сырын жасырған, жұмсақ жымию мен тәтті лебіздің тасасына пиғылын бүккен бес күндік жалғанның пендесіміз. Жек көргеніміз жанашыр, жақсы көргеніміз опасыз боп шығып жатады. Көзіміз көріп жүрген «әділетсіздіктеріміздің» ар жағында Алланың әділдігі тұр. Кез келген уайым мен кірбіңді, проблема мен қайғыны Аллаға көтермей, ақырет күнінің таразысымен бір өлшеп алмай, пенденің өлшеулі көзқарасы жүрекке тиянақ тапқызар ма?».
Береке-бірліктегі қазақ қоғамына іріткі салуға ұмтылушылар да бар. Олар үшін қазақтың елдігі мен мемлекеттілігі ойыншық тәрізді. Арзан сөз бен айдапсал ұранға алданып, ақиқатшыл болғанға малданып, артынан батыс жақтан ағылған ақшаға жалданып, қаратобырдың қарасын көбейткісі келеді.
Осындайда Абайдың «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» дейтіні тегін емес. Арттарынан ергендердің обал-сауабы кімнің мойнында болмақ?
Күніне қырық құбылған тар жол, тайғанақ кешуде елдік мұраттарымызға адалдық таныту – арлы азаматтың шаруасы. Іріткі – іштен ірітеді. Ұйытқы – ұлтты ұйытады. Таразы басы қай жаққа ауады деп қарап отырмай, аталы сөзді айтатын, айтаққа ергендерді жөнге салатын уақыт туды. Әрбір естияр қазақ баласы қызылкеңірдек ағайынға басалқа сөз айтуы тиіс. Елең-алаңда елдіктен айырылып қалар болсақ, қу қарынды тойғызып, күйсегенің көк тиын!