Мақтаарал ауданындағы су басқан Жеңіс, Нұрлы жол, Жаңа тұрмыс, Фирдауси, Өргебас және Достық елді мекендері аумағынан 8767 текше метр су шығарылды. Үздіксіз су тартып шығару нәтижесінде автожолдар судан тазарды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі. Су деңгейі Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарында 6 см төмендеп, 44 сантиметрді құраса, Фирдауси және Достық ауылдарында су 9 см кеміп, қазір 35 см деңгейінде. Ал Өргебас ауылында «Казсушар» мәліметіне сәйкес, судың қайтуына байланысты деңгейін қадағалау тоқтатылған. Сонымен қатар, су басқан аймақтағы 3 мыңнан аса үйден заттар шығарылып, иелеріне тапсырылды. Сондай-ақ, судан 924 мал өлексесі шығарылды. Жалпы су басқан ауылдарда апаттық-құтқару жұмыстарына 1626 адам, 17 жүзу құрылғысы, 324 техника, 217 су сорғы жұмылдырылған.