Covid-19: бір айдан соң нәрестесін бауырына басты
Covid-19: бір айдан соң нәрестесін бауырына басты
© Сурет ғаламтордан
146
оқылды
Алматыда коронавирустық инфекция расталған 30 жастағы босанған әйел сауығып, емдеуден шығарылды. Ол 17 сәуірде №1 Қалалық клиникалық ауруханада салмағы 2,5 келі дені сау қызды дүниеге әкелген болатын. Жаңа туған сәбиде тексеріп-қарау кезінде Covid-19 диагнозы расталмады. Нәресте туғаннан балалар бөлімшесінде дәрігерлердің қарауында болды.
«Бүгін мен өз қызымды алғаш рет қолыма алып отырмын. Босанғаныма бір ай болды. Өкінішке қарай, бұл пандемия маған да келіп жетті. Мен 12 сәуірде жұқпалы аурулар ауруханасынан осында келіп түскенде өзімді жайсыз сезіндім. Менде жөтел, дене қызуы, ентігу болды. Маған моральдық және физикалық тұрғыдан көмектескені үшін дәрігерлерге үлкен рақмет. Олар мені емдеп қана қоймай, мейіріммен қарап, үнемі рухани қолдау көрсетті. Тек дәрігерлерге ғана емес, сондай-ақ мейірбикелерге, санитарларға да алғыс айтқым келеді. Олардың еңбегі зор. Қорғаныш костюмдерде жүру олар үшін оңай емес, сондай қолайсыздыққа қарамай олар өз міндеттерін орындауда. Олар біздің денсаулығымызды жақсартуға барын салып отыр, – деп өз ойымен бөлісті Жібек Дюсупова.
Қазіргі уақытта ана мен бала денсаулығының жай-күйі қанағаттанарлық деп бағалануда. Енді олар үй карантинінде болады. Медициналық директор Сәбит Пазыловтың айтуынша, қазір перзентханада Covid-19 вирусы бар босанған 5 әйел жатыр. Барлық жаңа туған нәрестелерде талдау теріс нәтижені көрсетті. Жақын арада олар да емдеуден шығарылатын болады.
«Ауруханамыз – 442 төсек-орынға арналып ашылған провизорлық орталық. Оның ішінде 50 төсек-орын біздің перзентхана еншісінде. Онда Covid-19 диагнозына күдікті не расталған жүкті және босанған әйелдер жатыр.  Перзентхана провизорлық стационар ретінде өз жұмысын 12 сәуірде бастады. Осы уақыттан бері перзентханада карантиндегі жүзден астам жүкті әйел емделді. 20 әйел босанды. Оның 5-уі расталған диагнозымен дені сау сәбиді дүниеге әкелді», - деді Сәбит Пазылов.

Гүлнар Жұмабайқызы