Қызылордада Nur Otan партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері қалалық прокуратура, қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және Қызылорда автобус паркінің басшылары біріккен іс-шара өтті. Олар шара барысында Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктердің жұмысы мен санитарлық жағдайымен танысып, Қызылорда автобус паркі жұмысына мониторинг жүргізді.
Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 10.05.2020 жылғы #12 қаулысына сәйкес 11 мамырдан бастап облыс, аудан орталықтарында күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен қоғамдық көліктердің жүруіне рұқсат етілді. Бірақ жолаушылар саны көліктегі орындық санынан аспауы тиіс.
Партиялық мониторинг аясында қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдайға, жолаушылардың саны көліктегі орындық санынан аспауына, көлік жүргізушілері мен кондукторлардың, жолаушылардың бетперде киюіне және қоғамдық көліктердің әрбір рейс алдында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуіне баса назар аударылды.
Мониторинг барысында бірқатар тәртіп бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, көлік жүргізушілері гигиеналық қолғаптармен қамтамасыз етілмеген және қоғамдық көлікте жолаушылардың белгіленген мөлшерден көп кіруіне жол берілген. Сондай-ақ азаматтардың көлікке бетпердесіз кіруі, жолаушылар арасында 1 метр қашықтықтың сақталмауы және тағы басқа жағдайлар тіркелді.
Әбілмансұр ЖАСАН