Тоқсан есе құнсызданған теңге: болашағы не болмақ?
Тоқсан есе құнсызданған теңге: болашағы не болмақ?
240
оқылды
Қазақ теңгесі қолдануға шығарылған күннен бері 90 есе құнсызданыпты. Ал­ғаш рет айналымға ен­ген­де теңгенің долларға қа­тынасы 4,69 теңге болса, бү­гіндері бұл көрсеткіш 422 теңгеге жеткен. Ұлт­тық валютамыздың құ­ны қолға тиген соң-ақ түсе бастады: 1994 жы­лы қаң­тар­да теңгенің дол­ла­р­ға шаққандағы бағасы 10 теңге, қарашада 50 тең­геге жетті. Ал 1999 жылы сәуір­ге дейін теңгенің дол­ларға қатынасы 85 тең­ге болса, бір айда бұл көр­сеткіш 150-160 теңгеге бір-ақ секірді. Бұл теңгенің бірін­ші рет құнсыздануы еді. Теңгенің екінші рет құнсыз­дануы 2014 жылы тіркелді. Сол жылы ақпанда 1 доллардың ба­­­ғасы 185 доллар болды. 2015 жыл­дың соңында 1 доллар үшін 322 теңге төлеуге мәжбүр болдық. Мұны ұлттық валютаның үшінші рет девальвацияға ұшырауы деу­ге болады және бұл үрдіс жал­­­­ғаса берді. Сөйтіп, былтыр ақ­пан айында теңгенің долларға қа­тынасы 378 теңгеге жетіп, тұ­рақтағандай болған. Алайда биыл­ғы наурызда теңгенің дол­ларға қатынасы 450 теңгеге жет­ті. Әрине, теңге деваль­ва­ция­сы­­на түрлі фактор әсер етеді. Мы­салы, соңғы девальвацияға мұ­­найдың күрт арзандауы мен ко­ронавирус инфекциясы ық­пал етті дедік. ОПЕК+ мұнай өн­­­діруді қысқарту туралы қол жет­­кізген уағдаластық, акциялар на­­рығында қалыптасқан оң жағ­­дай, дамушы және мұ­най экс­порттаушы елдер валю­та­ла­ры­­ның нығаюы теңге үшін оң үр­діс болды. Сонымен қатар ка­рантин кезінде  көптеген кә­сі­порын шектеулі режимде жұ­мыс істеді, бұл шетел валю­та­сы­на сұраныстың төмендеуіне әсер етті. Мысалы, наурыз айы­мен салыстырғанда теңге-дол­лар жұбы валюталық сау­да-сат­тығының көлемі 3,46 млрд-тан 1,72 млрд долларға дейін тө­мен­деді. Нәтижесінде, бү­гін­дері тең­генің долларға қатынасы 422 теңгенің маңайында.  width= Ал алдағы уақытта ұлттық валю­­тамыздың болашағын қа­лай болжаймыз? Теңге дева­льва­ция­сы жалғасуы мүмкін бе? Осы са­уал­ды сарапшыларға қойдық.      width=Олжас ТӨЛЕУОВ, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының басқарушы директоры:  – Теңгенің болашағы мұнай ба­ғасымен байланысты. Мұнай бағасы 10-18 долларға дейін түсіп, кейін 30 долларға дейін көтерілген кездегі екі аралықта доллар бағасы 450-ге дейін көтеріліп, сосын 420-ға дейін түсті. Бұл теңге бағамына мұнай бағасының тікелей қатынасын көрсетеді. Ал әрі қарай теңгенің болашағы қалай болады? Біздің экономикамызда теңге құнына оң ықпал ететіндей өзгеріс жоқ. Көп сарапшылардың пікірінше, мен де ол пікірге қосыламын, қазір мұнай профициті азайып жатыр. Өйткені ОПЕК+ келісімшарты бойынша араб мем­лекеттері мұнай өндіруді шектеді. Олардың арасында қойылған лимиттен де аз өндіру туралы шешім қабылдап жатқан елдер бар. Сонымен бірге, АҚШ-тағы мұнай қоры азайып жатыр. Осыған дейін апта сайын мұнай қоры аптасына 7-15 млн баррельге өсіп отырса, кеше ғана тараған ақпарат бойынша, АҚШ-та мұнай қоры 750 мың баррельге төмендеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. ОПЕК+ шарттары орын­далып жатса, әлемдегі елдер карантиннен шы­ғып, шикі­затқа сұранысын көбейтсе, теңгенің дол­лар­ға қатынасы 420-450 диапазонында сақталуы мүмкін. Бірақ карантиннің қашан бітерін, вирустың екінші толқыны болар-болмасын ешкім білмейді. Мысалы, Қытайда алдыңғы күні 4 млн адам тұратын Цзилинь қаласы карантинге жабылды. Оңтсүтік Кореяда да эпидемия күшейіп жатыр. Ал мемле­кет­тердің карантинді жалғастыруға ниеті жоқ, эко­но­мика жұмыс істеуі керек. Өйткені коронавирустен өлмеген халық аштан өлуі мүмкін. Егер коронавирус инфекциясының екінші толқыны болса, мұнай бағасы төмендеуі мүмкін. Сонда да мұнай бағасы 420-450-ден аспайды деп ойлаймын. Ең жаман сценарийдің өзінде сол деңгейде қалады. Себебі екінші толқын болған күнде де, оған мемлекеттер дайын, коронавирустың алғашқы толқыны кезінде тәжірибе жинақтады.      width=Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист: – Мұнай дағдарысы болмай тұ­рып та, теңге белгілі бір мөлшерде сыртқы экономикалық факторларға тәуелді болған. Тек ол ұлттық валюта бағамында байқалмады. Өйткені бұрын Ұлттық банк теңге бағамының өзгеруіне шек­теуді тұрақты қойып отырған. Ал қазір теңге еркін айналымда. Демек, кез келген сыртқы фак­тордың әсе­рі теңгенің өзге валюталарға қатысты бағамында көрінеді. Яғни, қазіргі 1 доллар құнының 420 теңге көле­мінде қалыптасуы валютамыздың еркін айналымдағы нақты көрсеткіші болып саналады. Енді теңгенің курсына әсер ететін факторларда жағымсыз көрсет­кіштер, яғни мұнай бағасының төмендеуі, экспорт­тық түсімдердің азаюы, импортқа тәуелді эконо­миканың қалыптасуы, алтын-валюта резервтерінің азаюы, мемлекеттің сыртқы қарыздарын төлеу кезіндегі қиындықтар және экономикадағы теңге өтімділігінің төмендігі, осылардың барлығы жасырын девальвация толқындарының пайда болуына алып келеді. Соның салдарынан теңгенің долларға шаққандағы бағасының 600 теңгеге дейін артып кетуіне ықпал етеді. Сонымен қатар басты қаржы реттеуші – Ұлттық банк тарапынан валюталық интервенция жүргізу де шектелген. Осындай факторлар қалыптасса, келесі тоқсанда теңгенің долларға шаққандағы құнының 600-ге дейін баратынын болжауға болады.      width=Бауыржан МҰҚАНОВ, қаржы сарапшысы: – Мамырдың басынан бері мұ­най бағасы бір баррель үшін 30 доллардың айналасында сақталды. Осы уақытта теңге бағамы да шама­мен 420 доллардың үстінде болды. Кеше ғана мұнай бағасының 32 доллардан асқанын байқадық. Оған АҚШ президенті Дональд Трамптың доллардың базалық мөлшер­лемесін минусқа түсіру туралы мәлімдемесі себеп болды деп ойлаймын. Яғни, бұл жолғы мұнайдың кымбаттауы шикізат нарығының өсуін емес, дол­лардың өзіндік құнының төмендеуін көрсетеді. Демек, келер апта доллар бағамы Қазақстанда аздап төмендеуі мүмкін. Ал теңгенің алдағы бірер айдағы тағдыры туралы айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты компаниялардағы шетел валютасының бір бөлігін биржада сату туралы тапсырмасын негізге аламыз. Осы тапсырма қазіргі карантин уақытында ұлттық валютаны демеп тұр. Наурыздың соңынан бері квазимемлекеттік компаниялар биржада 300 млн доллардың үстінде валюта сатты. Доллар тапшы­лығы кезінде бұл теңге бағамына айтарлықтай кө­мектескені анық. Алайда ертең бұл осынау «жаппай сату» аяқталғанда доллар тапшылығы туындап, доллар тағы бірнеше теңгеге кымбаттап кетуі мүмкін. Бірақ ол кезде халықаралық сауда да қайта жанданып, мұнай кымбаттайды деген үміт бар. Олай болса, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы қазіргі деңгейде сақталады. Ал егер мұнай кымбаттамаса, теңге бағамы тағы бір антирекорд жасамаса да, екінші рет қайтадан 440-қа жетуі ықтимал. Әрине, Ұлттық банктің интер­венция жасау ықтималдығын да жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен объективті бағам әдеттегідей, мұнай бағасына байланысты қалыптасады. Трамптың қазіргі риторикасы мұнай бағасын барынша арзан ұстауға бағытталған. Сондықтан да қазір пандемия бәсеңдегенімен, инвесторлар мұнайдың кымбат­тауына бәс тігуге тәуекел етпей отыр.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ