Мектеп түлектеріне сын сағаты жақын
Мектеп түлектеріне сын сағаты жақын
201
оқылды
Ұлттық бірыңғай тестілеу жылда айқай-шусыз өт­пеген. Қайшы пікірлерді де жиі естіп жатамыз. Ми­нистрлік талапкерді дұрыс таңдау жасай алмаған деп кінәлайды, ата-ана ми­нистрлікті кінәлайды. Ми­нистрлік өз нәтижесін беріп жат­қан сәтті жүйе десе, қар­сы­лар тест оқушы білімінің көрсеткіші бола алмайды деген пікірде. Неде болса, Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп түлектерін отандық ЖОО-ға қабылдаудың бас табалдырығы. Сол себепті ол өтуі тиіс міндетті сынақ. Қазір елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин талаптары сақталып отыр. 20 маусым мен 5 шілде аралығына жоспарланған ҰБТ қалай өткізілмек?  

Рекордтық көрсеткіш

Сонымен, биыл ҰБТ-ға қа­тысуға жалпы саны 131 459 адам ниет білдірген. Оның 110 402-сі биыл мектеп тамам­да­йтын­дар, ал қалған 20 мың 57-і – кол­ледж­дердің және өткен оқу жыл­дары­ның мектеп түлектері. Биыл сынақ тапсырушылардың саны өзге жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін көрсетті. Мәселен, былтыр – 117 242 түлек ниет білдірген, оған дейін де сол шамада болды. Ал биылғы ҰБТ-ға қатысушылар саны жал­пы мектеп бітірушілердің 82 па­йызын құрайды, өткен жылмен салыстырып көрсек, 10 пайызға артық (71,58%). Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл өтетін тестілеуге өті­ніш қабылдау 15 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн түрде өтті. Былтыр да сынаққа онлайн тіркелу болған. Дегенмен эпидемиологиялық ахуал Білім және ғылым министрлігін тәуе­келге итермелеп, бұл про­цесті жылдамдата түсті. 12 наурызда Ұлттық тестілеу орта­лы­ғының директоры Дидар Смағұлов «Онлайн форматтың артықшылықтары көп, ең бас­тысы, мектеп түлектеріне толықтай еркіндік беріп отыр. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігі тарапынан білім деңгейі төмен оқушылардың тестілеуді тапсыру мүмкіндігін шектеу фактілері орын алған. Енді бұл мәселе де шешіліп, мектеп түлектеріне толықтай еркіндік беріліп отыр» деген болатын. Орталық басшысының сөзінше, ҰБТ тапсыруға ниет білдірушілердің санының артуы өтініш берудің жаңа форматымен байланысты екен. Ал әдіскер Гүлмира Имашева мұнымен келіспейді. Оның ай­туынша, онлайн тіркелуді енгізу ҰБТ-ға қатысамын дегендердің құлшынысын арттырып, санын көбейтпейді. «Біздің ойымызша, үлгерімі төмен оқушылардың тестілеуге жіберілмей, мектеп қабырғасында емтихан тапсыруы дұрыс шешім. Себебі тестілеуден өте төмен нәтиже көрсеткеннен гөрі қанағаттанарлық баға алып, аттестатқа ие болар еді. Бұл мүм­кін­дікті шектеу емес, керісінше, мүм­кіндік беру емес пе?» деген пікірде. Алматы қаласы Әуезов ауданы №42 жалпы білім беретін мектепті биыл 17 түлек аяқтағалы отыр. 12 оқушы ҰБТ-ға өтініш берген. Қалған 5 оқушының 2-і шет мемлекеттердің университетіне түспек, 3 оқушы қаңтар айында өткен ҰБТ көрсеткіші бойынша ақылы түрде ЖОО-ға түседі. Мектеп директоры Салтанат Тегимбаева соңғы жылдары оқушылардың үлгерімі артып, білім сапасы жоғарылап келеді деп санайды. Сол себепті тестілеуге қатысушылар санының артуы заңды деп санайды.    width=  

Талап – қатаң

Тестілеуге өтініш беру 100 пайыз онлайн форматта өтті деп айтуға келмейді. Қолына қағаз бен қалам ұстап баяғы тәсілмен өтініш толтырғандар да бар. Ұлттық тестілеу орталығының бізге берген ақпараты бойынша, 110 402 түлек онлайн өтініш берген. Олар негізінен 18 жасқа толғандар, қалғаны кәмілеттік жасқа толмағандықтан, олар­дың ата-аналары дәстүрлі әдіс­пен тіркелген. Екіншісіне шал­ғайда орналасқан, интернет жыл­дамдығы төмен ауылдардың оқу­шыларын да қосуға болады. Аталған жағдай цифрлық мүм­кіндігіміздің қандай екенін тағы бір аңғартқандай болды. Биыл ҰБТ талабы қатаң. Тес­тілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен ұсталған түлек сынаққа жіберілмейді, келесі тамыз айында өтетін тес­тілеуге қатысу мүмкіндігінен де айы­рылады. Бұл өз орнына өзге аза­маттарды қатыстыруға әрекет­тенген тұлғаларға да қатысты. Енді тестілеу аяқталған соң да тексеру жүретіні бар. 25 тамызға дейін бейнебақылау жазбалары түгел сүзгіден өтпек. Егер талапкердің тыйым салынған заттарды пай­даланғаны әшкере болса, бірден ҰБТ нәтижесі жойылады. Ал та­лапкер білім беру грантын жеңіп алған болса, грантынан айырылады. Оқуға түсушілерге қойылған қатаң талап қандай нәтиже берері алдағы уақыттың еншісінде.  

ҰБТ – соңғы сынақ емес

Тест тапсыруды қазірден уайым­дап жүргендердің бірі – Мадина Мақсұтова. Оның ұлы Болат биыл Түркістан об­лысы Жетісай қаласының маман­дандырылған «Дарын» мектебін бітіреді. Болаттың анасы тесті­леу талаптарының жыл сайын күшейіп бар жатқанына алаң­даулы. «ҰБТ жақындағын сайын ба­ла­мызбен бірге біз де күй­зелеміз. Өтініш қабылдау он­лайн түрде болды. Біздің Же­тісай ауданында 2 мамыр күні сағат 8:00 мен 14:00 аралығында тіркеуден өттік. Биыл бейне­бақылаулар тестілеу орталығына жіберіледі екен. Карантинге бай­ланысты жеңіл түрде өткізсе деген тілегіміз бар», – дейді Мадина Мақсұтова. Ал жас түлек Болат Тұрғанбай Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика факультетіне түсуді алдына мақсат етіп отыр. «Дайындығым жақсы. Тестілеуден өте жоғары балл жинауға тиіспін. Өйткені менің таңдап отырған мамандығым үшін конкурс жоғары. Тест 11 жыл бойы жинаған білімімізді көрсетеді деп ойлаймын», – деді талапкер. Баланың білімге деген қы­зығушылығын арттыру үшін мотивация беру керек дейміз. Алайда бұл қиын жұмыс мұғалім мен ата-ананың қолынан келе бермейді. Біздің ойымызша, дайындық өз алдына, ҰБТ-ның әдеттегідей сынақтардың бірі екенін танытатындай жағдай қалыптастыру қажет секілді. Себебі қазір ҰБТ-ны тапсыру мерзімі жақындаған сайын үрейге бой алдырып отырған талапкер де, ата-ана да көп.  

Жаңа мүмкіндік

Биылғы төтенше жағдай мектеп бітірушілерге жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Мәселен, соңғы сы­нып оқушылары биыл кешенді аттестаттау емтихандарынан босатылды. Демек, олардың бір жүгі жеңілдеді. Ал ата-аналарда қашықтықтан оқыту форматынан балаларының ҰБТ-ға дайындығы төмендеп кете ме деген уайым болғаны рас. Төтенше жағдай кезінде 11-сынып оқушылары 4 тоқсанның тақырыптарын толық меңгеріп алды деп айту қиын. Сол себепті тестілеуде аталған сұрақтардың келмейтіні құптарлық шешім. Осы сұрақты Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұловқа қойған едік. «Соңғы тоқсанда жаңа тақырыптар талқыланбайды, көбінде, өткен бағдарламаларды қайталауға арналған тапсырмалар беріледі. Сондықтан 11-сыныптың 4 тоқсанында өтетін материалдар ҰБТ-ға енгізілмейді», – деді Дидар Смағұлов. Бұл да жүктемені аз да болса жеңілдете түседі. Сондықтан талапкерлер осы мүмкіндіктерді пайдалана біліп, лайықты нәти­жеге қол жеткізуі тиіс.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=