Құнанбайдың әйелдері
Құнанбайдың әйелдері
4,279
оқылды
Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы бұрынғы Семей облысы Шыңғыстаудың бауыр жағына құлай ағатын «Хан өзені» деген өзеннің жағасында туған. «Өз басы бір шешеден жалғыз. Қалың дәулет пен әмір, билік иесі. Үлкен әкесі Ырғызбайдан та­раған осы мына жиырма ауылдың мынандай топта­ры­ның ішінен бірде-бір жан әлі күнге Құнанбайдың алдынан көлденең шығып көрген емес». Өскенбайдың баласы Құнанбай да ат жалын тартып мінісімен ата жолын қуып, шағын ауылды басқаратын старшина, Тобықты елін басқаратын болыс управителі, кең атырапты Қарқаралы дуанын басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейінгі сатылардан өткен даланың беделді де білікті адамдардың бірі болған. Құнанбайдың отбасы туралы айтар болсақ, ол өмірінде төрт әйелге үйленген. Бәйбішесі – Әйбөбек («Күнке» деп атап кет­кен), екіншісі – Ұлжан, үшіншісі – Айғыз, төртіншісі – Нұрғаным. Құнанбай заманындағы архив деректерінен отбасы туралы біраз дерек табылған. Оның бірі – Құнанбай Өскенбаевқа 1852 жылы 24 желтоқсанда толтырылған іс қағазы. Орыс тілінде жазылған бұл документ 1976 жылы Мәскеудегі әскери-тарихи архивтен табылды. Құнанбай жөнінде мынандай де­ректер айтылады: «Үш әйелге үйленген: Әйбөбек, Ұлжан, Айғыз. Бірінші әйелінен ұл балалары: Құдайберді 1830 жылы 30 ок­тябрьде, Ысқақ 1847 жылы 11 майда туған, екінші әйелінен: Тәңірберді 1834 жылы 21 мартта, Ибрагим 1846 жылы 15 июньде, Оспан 1852 жылы 15 сентябрьде туған. Үшінші әйелінен; Халиолла 1849 жылы 11 апрельде, Смағұл 1852 жылы 1 июньде туған» деп көр­сетілген. Архив деректерінде оқыр­мандардың бұрын назарына ілінбеген ойландыратын жайлары да бар. Әйбөбек деп жазылған – Күнке. Ысқақ Ұлжаннан туған, ол Күнкенің бауырында өскен, сол себептен Күнкеден туған болып жазылған». Екіншісі – академик Әлкей Марғұлан тауып, «Жұлдыз» жур­налының 1982 жылғы 4-санында шыққан дерек, бірақ автор қай архивтен алынғанын көрсетпеген. Құнанбай әйелдері ішінде қазақ салтымен бірінен туған баланы бірі бауырына салып өсіргендіктен, бұл деректерде Құнанбайдың қай баласы қай әйелінен туғаны және олардың туған жылдары жаңылыс көрсетілген, бір-біріне қайшы келетін тұстары бар. Енді Құнанбайдың әйелдеріне тоқталмақпыз. Күнке – Құнанбайдың бәй­бішесі. Архивте кездесетін аты – Айбөбек. Найманнан шыққан Ағанас бидің қызы. Күнкенің туған, қайтыс болған жылдары туралы мәлімет жоқ. Күнкеден Құдайберді 1830 жылы 20 қазанда туған. «Күндестің күлі де күндес» дейді қазақ. Романда да Күнке Ұлжанмен күндестік таластырудан аса алмайтын дәрежеде ғана суреттелген. Ұлжанға кінә тақ­қыштап, Абайдың көзінше әртүрлі сөздер айтатын. Оны «абысын-ажынға да, ағайын-жақын үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш еді», – дейді жазушы. («Белесте). Тіпті, Абай ауылына Біржан ақын келгенде: «Абай-ау, шырағым-ау, мұның не? Кімге өнеге беріп тұрсың? Кімді асырып, асқақтатып тұрсың, осынша басындырып?» деп кінә тағады. («Жайлауда»). Сөйтіп, Күнке романда көп ретте жағымсыз жағынан көрінеді. Күндестік деген сұм мінездің ызғары басылған ба? «Мұсақұл соғысына» байланысты Құнанбай Қарқаралыға кеткелі Күнке Ұлжанға кінә таққыштап, Абайдың көзінше де әртүрлі сөз айтады. «Мырзаның жайы не? Не күйде жүр? Оны ойлап Ұлжан қысылмайды ғой. Қасына ағайынды, елді жиып, үлкен үйді мырза бардағыдай қан базар ғып отыр» деп жазғырады. Әрине, Ұлжан үйінің сойысы көп болғанға Күнке күйінеді. Ол да күндестік пен бәсекенің қиын да шытырман жері болатын. («Белесте»). Омбы архивіндегі Құнанбай­дың қылмысты ісінде Күнкенің аты аталатын жерлер бар. Тергеуші Күнкеден Құнанбайдың елден жылқы, түйе жинап, оны өзі пайдаланып кеткенін сұрайды. Күнке күйеуінен қорыққаннан бұл жайлы айта алмайтынын және денсаулығының нашарлығынан Байсал Әйтиевпен беттесе ал­майтынын айтыпты, істе осылай жазылған. Бұл тергеу амалдары 1852 жылдары жүргенде Күнке 40 жас шамасында екен. Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі – (1810-1887). Ұлжаннан туған Құнанбайдың балалары: Тәңірберді – 1884 жылы, Ибраһим – 1845 жылы, Ысқақ – 1847 жылы, Оспан – 1852 жылы туған. Бұл деректер Мәскеудегі архивтен Халиолла Өскенбаевтың ісінен тауып алынды. Ұлжанның төркіні туралы айтар болсақ, Орта жүздің үлкен бір руы қаракесек Болатқожа баласынан тарайды. Болатқожа баласы – Шаншар. Шаншардан Нұрбике, Әйбике деген әйелдерінен тараған ұрпақтарды аналарының атымен қатар айтып, Әйбике – Шаншар, Нұрбике  – Шаншар деп атап кет­кен. Архивтерде осы атау­мен жазылып отырған. Нұрбике-Шаншардан – Бертіс би туады. Бертістің: Мөшеке, Битен, Шитен есімді немерелері болған. Мөшекеден Қазанғап, Қазанғаптан атақты күйші, композитор Тәттімбет туады. Битеннен  Қантай, Тонтай, Тұрпан деген ұлдар тарайды. Тұрпаннан Ұлжан, Молқара атты қыздар туады. Ұлжанның әкесі – Тұрпан. Құнанбай Нұрбике –Шаншар еліне күйеуде, ал Абай бұл елге жиен болып келеді. Ұлжанның есімі Омбы архивтеріндегі Құнан­байға қатысты қылмыстық ісінде айтылады. Айғыз – Құнанбайдың үшінші әйелі. Одан Халиолла мен Смағұл туған. Романда көп айтылмайды, тек балаларына қатысты жерлерде ғана суреттеледі. Абай Семей медресесіндегі оқуын тамамдап, ауылына келгенде, сұлу жүзді Айғыз оны қарсы алып: «Пай, жаман қатындар, сілекейлеп, баламыздың бетінен сүйер жер де қалдырмады-ау!» деп паңдана күліп, Абайдың көзінен сүйеді («Қайтқанда»), Асыққа таласып, қызыл құлжасынан айырылып қалған Смағұл Оспанмен төбелесіп қалғанда арасына түскен Абайға Айғыз ауыр сөздер айтады. «Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де сенің сыбағаңды берер!» деп орысша оқуда жүрген үлкен баласын арқа тұтады. Жасақтасып, төбелескелі тұрған екі ауылдай. «Тоқал демексін, мүйіздемексін ғой бірігіп ап.. Көрермін... Кел­сін ертең» деп шапылдағанын қоймайды. Ескерткені – Құнанбай. Бел қылғаны – сол». Қарқаралыдағы байлау бойынша Құнанбай ауылына бала алуға Бөжейлер келген кезде үйінде жер бауырлап жылап жатқан Айғыздың қолынан Кәмшатты Қарабас алып, киіндіреді. «Апа!.. Апа!.. Әже!...» деп шырылдап, қорқыныш қысып, зар қаққан баласынан айырылып, ет бауыры езіліп, не істерге шамасы болмай, Айғыз қалады еңіріп. «Ол Кәмшат кеткелі қатты жүдеу. Үлкен қара көздері алаңқырап, барлық жүзі сұрланып, ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары көкшілденіп, әдемі жүзіне уайым көлеңкесі түскен тәрізді. Үнсіз уайымдаған ана – қаралы. («Шытырманда»). Кейін Кәмшаттың ауру екенін естігенде, көзіне жас толған Айғыз «Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетімегім-ай! Не қарғысқа ұшырап туып ең?» дей беріп еді, Құнанбай «тоқтат» деп тыйып тастады. Күйеуінің әмірінен жасқанып өскен Айғыз салбырап, сыбырлап сөйлеп, тұншыға жылады». («Жолда»). Сөйтіп, сорлы ана үлкен аяныш зарын төгеді, жан ұшыра күйінеді, ауыр азап шегіп, зор күйзеліске ұшырайды. Айғыздың аты да Құнанбайдың қылмысты ісінде бірнеше жерге аталып, жауап алынады. Нұрғаным (1843-1911) – Құнанбайдың төртінші әйелі. Құнанбай Нұрғанымға 1855 жыл­дардың шамасында үйленген. М.Әуезовтің үшінші атасы – Бердіқожаның қызы. Әуездің қарындасы. Көп ұлдардың ішіндегі жалғыз қыз. Бердіқожаға кісі сал­ғанда, көп қатын алу әзірше өз тұқымына салт болмаған қожа әуелде үркіп кетеді. Әрі Нұрғаным мұның жақсы көретін баласы еді. Бірақ қожа балаларының айтқанынан шыға алмай, амалсыз көнеді. «Өзі жас та болса, кесек, ірі денелі, нұр жүзді болатын. Әсіресе, толқынды қара қою шашы мен бет бітімі бөлек. Жүзіндегі әдемі қызылымен қатар бет тұлғасы да сұлу. Шошақтау біткен, үлкен қара көздерінде аса бір қайратты ашудың және естіліктің оты болатын». («Қияда»). Құнанбай басқа әйелдерінің, балаларының қарсылығына қарамай, қалың­малымен жыртысты бірақ жіберіп, бір қыстың ішінде Нұрғанымды Ақшоқыға әкеп түсіртеді. Бұл кезде Құнанбай елу жаста еді. Нұрғанымнан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйретіп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған Ақылбайды бауырына салып өсірген. Құнанбай балаларының ешқайсысы оның алдынан кесе-көлденең өтпеген. Құнанбай тірі кезінде қолына асырап алған немересі Ақылбайға найманның Мұрын деген еліндегі қарадан хан болған Қисық мырзаның ел басқарған баласы Жұмақанның қызы Ізханды айттырып алып берген. Сөйтіп, ол Нұрғанымның қолына келін болып түскен. Бойы үйреніп алған соң Нұрғанымның жұмсағанына көнбей, кеудесін көтеріп: «Сендей қожаның қызының әмірі маған жүрмейді. Менің кімнен туғанымды білесің бе?» деп екеуі сыйыса алмайды. Бұл – Құнанбайдың жоқ кезі. Абай әкесінің жылын бергеннен кейін Ақылбайға енші беріп, бөлек отау қылып шығарады да, Нұрғанымды өз қолына алады. 1865 жылы сегізінші қарашада Құнанбай өз қолымен арабша хат жазып, Омбыда кадет корпусында оқып жатқан ұлы Халиоллаға елдің үй-ішінің аман­дығын айта келіп, «Нұрғаным ханым науқас» деп, Нұрғанымның есімін өз аузынан атап жазады. Осыдан басқа Нұрғаным есімі аталатын архив жоқ. Нұрғаным Ақшоқыда жерленген. [embed]https://youtu.be/NMIOFG_D_cA[/embed] Құнанбай бірнеше әйел алған адам. Бір әйелден туған ба­ланы басқа әйелдерінің бауы­рына салу арқылы балаларын бауыр­малдыққа, бірлікке тәрбиелеп отырған.  

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ, ғылыми қызметкер