Таулы аудандарды тағы су басты
Таулы аудандарды тағы су басты
305
оқылды
«Апат айтып келмейді» демекші, осы аптада Түркістан облысында ауа райы құбылып, кейбір таулы аудандарда жауын-шашынның шектен тыс мол жаууы салдарынан сел тасқыны болды. Атап айтқанда, 13 мамыр күні кешке қарай Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында нөсер жауын жауып, 500-ден астам үйдің ауласын су алып, бірқатар үйге зақым келген және 300-ге жуық отбасы қауіпсіз жерге көшірілген. Мал шығыны бар болғанымен, ең бастысы адам шығыны жоқ. Нөсердің мол жауғаны сонша бір ай бойы жауатын жауынды ша­­­мамен бір сағатқа жетпес уа­­қыт ішінде төгіп тастапты. Ай­та­лық, Түркістан облысының таулы ау­дандарында нөсерлі жауын сал­дарынан бірнеше ауданды су шай­ды. Мұнда толассыз жауған нөсер жауын­ның әсерінен өзендердің су деңгейі көтерілді. Түскен ақ­па­рат бойынша, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаң­быр суларынан Төлеби, Қа­зығұрт, Бәйдібек аудандарында жал­пы 522 үй ауласы, 4 үйді су ба­сып, 258 адам эвакуацияланды. Жал­пы, 27 үйдің құлау қаупі бар. Осы­ған қатысты жедел штаб құ­ры­лып, жергілікті билік өкіл­­­дері мен төтенше жағдай қыз­мет­керлері жағдайды реттеуге кі­ріс­кен және қажетті техникалар жұ­мылдырылған. Су тасқыны зар­­дабын жоюға 612 маман мен 84 техника, 47 мотопомпа жұ­мыл­дырылды. Сел болған аймаққа жедел жет­­кен облыс әкімі Өмірзақ Шө­кеев жағдайды көзбен көріп, тұр­ғындармен кездесті. «Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл – соң­ғы жылдары алғаш рет бо­лып отырған табиғи құбылыс. Қауіп­сіз аумаққа көшкендеріңіз дұ­рыс болды. Үйлерді полиция қыз­­меткерлері күзетеді. Уайым­да­маңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық ау­дан осында көмекке келіп жа­тыр», – деді Өмірзақ Естайұлы Тө­­леби ауданы тұрғындарымен кез­­десу кезінде. Аудандардағы жағдайға бай­ла­нысты облыс әкімі Өмір­зақ Шө­кеев төтенше жағдай жө­нін­дегі штаб отырысын өткізіп, тиіс­ті орындарға бірқатар тапсырма бер­ді. «Сел салдарымен күресте «Мақ­­­таарал тәжірибесін» пайда­ла­­намыз деген өңір басшысы нө­сер жауыннан үйлері бүлінген азаматтардың шығыны арнайы са­раптау комиссиясының ше­ші­мімен анықталатынын жет­кіз­ді. Жарамсыз болған үйлер мен жөн­деуді қажет ететін бас­па­на­лар­ды қай­та қалпына келтіру жа­­ғы қа­рас­тырылуда. «Жергілікті деңгейдегі тө­тен­­ше жағдайдың салдарын өз кү­шімізбен жоямыз. Оған тә­жі­­­­­рибеміз жеткілікті. Сел сал­да­­­­рымен күресте Мақтаарал тә­­­­­жірибесін пайдаланамыз. Су шай­ған аумақтар секторларға бө­лін­­ген. Оларға көмекке келген ау­­­дан­дардың басшылары жауапты. Жұ­мылып төтенше жағдайды ең­­­­­серуге барлық мүмкіндік бар», – деді Өмір­зақ Шөкеев тө­тен­­­­ше жағдай жө­ніндегі штаб оты­ры­сында.    width= Төлеби ауданындағы Қас­қасу өзенінде су деңгейінің кө­терілуі­нен 4 үй, 376 аула аумағын су бас­­ты. Жергілікті маңызы бар төрт көпірді су шайып кеткен бо­­­­латын, дегенмен қазір көпірлер қай­та жөнделді. 8 бас ірі қара және ұсақ мал шы­ғыны болды. Аудан орталығы Лен­гір қаласындағы 20 аула су ас­тында қалды. №5 кәсіби техникалық кол­ледж базасында зардап шеккен Сұл­тан рабат ауылының 150 тұр­ғынына эвакуациялық пункт ұйым­дастырылды. Ол жерге 70 адам жайғастырылды. Оның 32-сі – балалар. Тағы 80 адам жақын маң­дағы туыстарының үйіне ор­наласты. Қосымша Көксәйек ел­ді мекенінде орналасқан №9 көп­са­лалы колледжінде 150 адамға ар­налған эвакуациялық пункт дайынды. Қазығұрт ауданында 13 мамыр күні 19.30 сағат шамасында жау­ған нөсердің салдарынан бірқатар ауылды су басқан. Оқиға орнына барған төтенше жағдайлар басқармасы мен ау­дан әкімдігі қызметкерлері Жі­гер­ген ауыл округі бойынша 30 үй­дің ауласына су кіріп, 4 қо­ра құлағанын, Алтынтөбе ауыл ок­ругі, Қаржан елді мекенінде 2 үй, 1 ем­хана, 1 дәріхана, 2 қоражай­дың ау­­ласына және С.Рақымов ауыл ок­ругі Қызылата елді меке­нін­де 4 үй, 1 мешіттің ауласына су кірге­нін анықтады. С.Рақымов ауыл округіндегі Кө­кібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты Кө­кібел елді мекеніндегі 27 от­ба­сының 133 адамы (оның 45-і ба­­лалар) Көкібел мектебіне эва­куацияланып, азық-түлікпен, ме­­дициналық жабдықтармен қам­­тамасыз етілді. Аталған оқиға орнына өрт сөн­діру бөлімінің 30 қызметкері, ау­дан, ауыл әкімдігінің 15 қыз­меткері 6 техника және 5 мо­топомпамен үй аулаларынан су шы­ғару жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендер жоқ. Қа­­зіргі уақытта жағдай толық ба­қы­лау­ға алынып, келтірілген залал шы­ғ­ындары есептелуде. Бәйдібек ауданы әкімінің бас­пасөз қызметінің мәліметінше, 13 ма­мыр күні сағат 20.00 шамасында Бәйдібек ауданы, Боралдай ауыл­­дық округіне қарасты Са­ры­­бұлақ ауылында жауын-ша­шын салдарынан қырдағы сай-салалардан аққан сумен кел­ген ағаш бұталар Сарыбұлақ ары­ғының көпірін бекітіп қалған. Соның салдарынан су арнасынан та­с­ыған. Көпір астының таза­лануы­мен судың деңгейі төмен тү­­сіп, қалыпты жағдайға кел­ті­ріл­­ген. Ал Ақбастау ауылдық округіне қа­расты Тұрақты елді мекеніндегі жауын-шашын салдарынан Тұ­­­тарық каналы 4 жерінен бұ­зы­лып, ауылды су басқан. Жал­пы, каналдан тасыған су сал­дарынан 3 елді мекендегі 13 үй ауласын су басты. Төтенше жағ­дай қызметкерлерінің кө­ме­гімен Тұрақты ауылынан 55 адам Ақбастау ауылындағы Ш.Уәлиханов орта мектебіндегі эвакуациялық пунктте орна­лас­ты­рылды. Оның ішінде 18-і – жас балалар. Түскен мәлімет  бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда. Сонымен бірге қырдағы сай-са­лалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үй­дің ауласына су кірген. Су ай­да­ғыш құрылғылар арқылы су ау­­ла­дан шығарылуда. Аталған оқиға орнына өрт сөн­діру бөлімінің 48 қызметкері, ау­дан, ауыл әкімдігінің 23 қыз­мет­кері, аудандық полиция бөлімінің 16 қызметкері, 10 техника және 8 мотопомпа жұмылдырылған.  

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы