Түйенің күл ауруына (оспа) қарсы вакцина шығарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады. Бұған дейін Маңғыстау облысында түйе малынан күл ауруы табылып, отандық ғалымдар 100-ден аса малға вакцина салып, сынамадан өткізіп жатқаны айтылған. Нәтиже тиімділігін көрсеткендіктен, облыстағы ойсыл қара тұқымына екпе жасалмақ. Осылайша, аурудың алдын алуға мүмкіндік ашылды. Ал төрт түліктің өзге түрі індеттен аман ба? Еліміздің Биология және биотехнология ғылыми-зерттеу институты түйе індетіне сынақ өткізіп, оған қарсы вакцина шығара бастады. Маңғыстау облысының Бейнеу, Тәжен және Сыңғырлау ауылдық округтерінде карантин жарияланып, мал оқшауланған. «Індет анықталған орындарда «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РМК Маңғыстау филиалының мамандары дезинфекция жұмыстарын жүргізуде», – делінген министрліктің хабарламасында. Түйенің күл ауруы 2018 жылы Түркіменстанда тіркелген. ҚР Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдулдановтың айтуынша, күл ауруы шекаралас елден келуі мүмкін. «Осы уақытқа дейін Бейнеудегі шаруа қожалықтарының 110 түйесіне сынама жасалған болатын. Кері әсері байқалған жоқ. Отандық ғалымдар жасаған вакцина 60 мыңнан аса түйеге егіледі деп жоспарлап отырмыз. Нәтижесі осы айдың аяғында анықталып қалады. Аурудан жазылғаннан кейін малда осы індетке қарсы тұратын иммунитет пайда болады. Сондықтан қауіп жоқ», – дейді Т.Қабдулданов. Айта кетейік, статистика комитетінің 2020 жылдың 1 сәуіріндегі дерегіне сүйенсек, елімізде 235,3 мың бас түйе бар. Оның 83 мыңы Маңғыстау облысында өсіріледі. Одан кейінгі орындарды Қызылорда (50,1 мың), Атырау (33 мың) және Түркістан (32,4 мың) облыстары тұр. Қалған өңірлерде түйе саны аз. Әдетте халқымыз «мал-жан аман ба?» деп алдымен төрт түліктің аман-есендігін түгендеп жататыны рас. Әсіресе, мал баққан ел үшін індет атаулыдан ада болу алдыңғы орында тұратындықтан, көктем шыға есендік сұрауымыз сол сөзден басталатын. Алайда биылғы коронавирус пандемиясы ондай жоралғыға жеткізбегендей. Әлемдік індеттен аман-есен өткендей болғандықтан жаппай ауылдың жағдайын, қырдағы малдың есебін түгендеп, атакәсіпке басқаша көзбен қарап жатқан жайымыз бар.
АСА ҚАУІПТІ АУРУ ТҮРЛЕРІН АУЫЗДЫҚТАЙ АЛДЫҚ ПА?
Ветеринар мамандардың айтуынша, дүниежүзінде мал ауруының 67 түрі бар. Оның 29 түрі біздің елде кездеседі. Осының ішінде жиі кездесетін 19 ауру түрі айрықша бақылауға алынып, жыл сайын екпе салынады. Осыдан біраз жыл бұрын еліміздің ветеринария қызметі көкпарға түскендей болғаны рас. Ауыл шаруашылығы саласына жасалған реформалардың кейбірі тиімділігін көрсетсе, енді бірі кері әсер берді. Мәселен, 2007 жылы жүргізілген реформа бойынша республикадағы барлық мемлекеттік ветеринарлық стансалар мен пункттер қызметі тоқтатылды. Оның орнына жекеменшік ветеринарлық қызмет келеді, салада бәсекелестік болып, қызмет сапасы жақсарады деген үміт болған. Алайда ол үміт ақталмады да, кейіннен ветеринария саласы қызметі мемлекет қарамағынан өтті. Экс-министр, қазіргі Ет одағының басшысы Асылжан Мамытбековтің сөзінше, оның тиімсіздігі ветеринариялық қызмет көрсетушілерде жауапкершілік болмауынан көрінген. «Себебі ол мемлекеттік қызметкер емес, еш жерде штатта жоқ. Егер қаласа шалғайдағы ауылға барады, қаламаса аудан орталығынан ғана қайтады. Ал ол кезде ірі қараның 82% қосалқы үй шаруашылығы, яғни жеке адамның қолында болды. Ауылдағы зейнеткер, мұғалім, дәрігердің қолындағы 2-3 сиыр үшін жекеменшік ветеринар әр қораға барып, қан алып, вакцина салуға бармайды. Нәтижесінде, жылына 10-15 рет аусыл ауруы тіркеліп тұратын. Кейіннен ол қызметті мемлекет қадағалауына алып, штат санын көбейттік. Осылайша, 2013 жылдан бастап Қазақстанда аусыл ауруы тоқтады», – дейді А.Мамытбеков. Иә, елімізде аусыл ауруының басылғанына 7 жылдай болды. Қазақстан Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) тарапынан аусылдан таза ел деген статусқа ие болды. Айта кетейік, бұл бюроның қызметіне 180 ел жүгінеді. Әйтсе де, аталған індет көрші елдер Қытайда, Қырғыз Республикасында және Ресейдің кейбір аймақтарынан әлі де тіркеліп қалады. Аусыл індеті – ет экспорттаушы және импорттаушы елдерге үлкен қауіп. Себебі ол тез тарап, тез жұғатын вирус. «Дүниежүзі бойынша аусылмен күрестің бес кезеңі бар, біз соның барлығынан өтсек, қырғыз ағайындар соның екінші кезеңімен күресіп жатыр. Қазіргі күні еліміздің 9 облысында аусылға қарсы вакцина салынбайды, тек жоғарыдағы елдермен шекаралас бес облысты егуге мәжбүрміз. Ол қауіпсіздік үшін», – дейді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдулданов. Аусылды ауыздықтағанымызбен, сиырдың және өзге де түліктің ауруы өңірлерде әлі де кездесіп жататыны жасырын емес. Мысалы, бруцеллез, сібір жарасы тоқтамай тұр. Елімізде сібір жарасының ошағы көп. Ал бруцеллез біздің елде малда да, жанда да кездеседі. Жылына мыңнан аса бруцеллезбен ауырған адамдар тіркелуі – осының белгісі. Естеріңізде болса, 2016 жылы Қарағанды, Павлодар, ШҚО және Алматы облыстарында 16 адамнан сібір жарасы тіркелген болатын. Былтыр 12 адам жұқтырғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, бірнеше паразиттік аурулар – описторхоз, эхинококкоз секілді ауру түрлері кездесіп қалады.ЗЕРТХАНАЛАР ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?
Ет экспортынан, әлемдік нарықтан дәмесі бар кез келген ел үшін ветеринария саласының дамуы маңызды. Бұл тұрғыда індеттің алдын алу, түбірімен зерттеп, жойып жіберу мақсатында ветеринариялық зертханалардың жұмысы нәтижелі болуы қажет. Ғылымда «зертхана – ветеринария айнасы» деген сөз осыны аңғартса керек. Қазіргі күні республика бойынша 178 ветеринария зертханасы жұмыс істейді. Оның 154 аудандық зерхана болса, 22 өңірлік және 2 қалалық маңызға ие. «Республикалық ветеринария зертханасы» РМК бас директоры Нұрлан Сбановтың айтуынша, жүргізіліп жатқан зертханалық-диагностикалық зерттеулердің 90%-ы бруцеллез ауруына қатысты екен. «Еліміздегі зертханаларда 3 800-дей адам қызмет етуде. Зертханалардың барлығы халықаралық деңгейде аккредитациядан өткен. Соңғы жылдары Қытайдың ветеринария мамандары біздің зертханалардың жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Нәтижесінде, еліміз ҚХР-ға ет экспорттау мүмкіндігін алды. Дәл қазіргі сәтте қой, сиыр және шошқа еті экспорты бойынша келісімдер жасалуда. Бұл – біздің нарық үшін үлкен мүмкіндік», – дейді Н.Сбанов. Әйтсе де, бас директор салаға тән қиындықтар барын да жасырмады. Әсіресе, соңғы жылдары зертханалар жұмысына кететін шығын көлемі артқан. «Диагностикалық зерттеу жұмысына бөлінетін қаржы жетіспеушілігі байқалып отыр. Одан бөлек, әр өңірде орналасқан зертхана ғимараттарын жылытуға, күтіп ұстауға қажетті шығын бар. Мәселен, ғимараттарды жылытуға 700 млн теңгеге дизель отынын сатып алсақ, амортизациялық шығындарға жұмсалатын қаржы 1 млрд теңге көлемінде. Газ тартылған өңірлердегі ғимараттарды газға қосып жатырмыз, бірақ оның көлемі аз», – дейді ол. Биыл елімізде жоғарыда аталған мал ауруының 19 түріне қарсы вакцинациялау бойынша 150 миллионнан астап манипуляция жүргізілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жұқпалы індет қатарына аусыл, сібір жарасы, құтыру, пастереллез, құс тұмауы, оба, эмкар және басқа да бірнеше түрі кіреді. Бүгінде вакциналау үшін 120 млн ветеринария препараттары мен 30 мың литр дезинфекциялық құралдар сатып алынған. Қазақстан – жер көлемі және геосаяси әрі экономикалық тұрғыдан экспорттық әлеуетке ие мемлекет. Іргедегі ел Ресей мен Қытай сырттан үлкен көлемде ет импорттап отыр. Көрші нарықтың қажеттілігін өтеп, сұранысқа сай өнім беру үшін алдымен өз ішіміздегі жағдайды түзетуіміз керек. Мамандар елдегі ветеринария қызметінің сапасын жақсартып, індет ошағын тезірек жойған жөн деген пікір айтады.