Бекмаханов және Абай
Бекмаханов және Абай
494
оқылды
Ресей үкіметінің қазақ да­ласына жүргізген отарлау саясатының бетпердесін ашып, Кенесары бастаған қа­зақтың ұлт-азаттық кө­терілісінің мәнісін ашық жаз­ғаны үшін «халық жауы» ата­нып, қуғындалып, істі болған Ермұхан Бекмахановтың қа­зақ тарихындағы орны ерек­ше. Ғалым басына түскен қиын­дықтарға қарамастан, өзін әмбебап тарихшы ретін­де көрсете білді. Оның еңбегі кеңестік жүйе тұсында та­рихшылар тарапынан қатты сынға ұшырағаны белгілі. Шынтуайтқа келгенде, оның еңбектерінің маңыздылығын әрбір ғалым іштей мойын­даған-тын. Е.Бекмахановты академиктер М.Қозыбаев пен К.Нұрпейісов «ғылыми өрісі кең, қалам тартқан тақырыптары сан қырымен ерек­шеленеді» деп бағалаған. Оның халықтың тарихи санасын көтеруге қызмет еткен ғалым ретінде кө­те­ріп, ғылыми мұраларының маңыз­ды­лығының жоғарылығын атап өткен. Тұлғатану саласында Ермұхан Бекмаханұлының ХIX ғасырда өмір сүріп, қазақ қоғамына танымал болған, өзінің ісімен, қызметімен ерекшеленген Шоқан, Ыбырай және Абай сияқты ағартушыларға арналған еңбектері бұл күнде де өзінің құндылығын жойған жоқ. Бұл үш тұлға да ХIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрді. Ол кезде қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік қайшылықтары шие­леніскен, ру-руға бөлініп тар­тысқан, жер дауы, жесір дауы өр­шіген заман еді. Ақынның сөзімен айтқанда, «ел басына қиындық пен әуре туған күйзеліс әкелген» кезең болатын. Ғалым сол кездің билік құрылымын, ел ішіндегі соттық-құқықтық іс барысындағы халық арасына танымал би-болыстардың салт-дәстүр, ежелден келе жатқан заң ережелеріне сүйене басқаруын талдап, зерттеу, зерделеу бары­сында ұлы ақын Абайдың қоғам­да­ғы орнына қызығушылық танытты. Ол Абайдың тарихи тұлға­сын жоғары бағалаған бірнеше ғылыми мақалаларын мерзімді баспасөз беттеріне, ғылыми-зерт­теу кітаптары мен ғылыми жинақ­тарға жариялап, ақын­ның өскен ортасын, оның қайрат­керлігін, философиялық ой-тұжырым­дарына, ағартушылық қызметіне талдау жасаған. Ғалым ақынның өмір мен шығармашылығына алғаш рет 1957 жылы Мәскеуде шыққан «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деп аталған кітабында тоқталады. Бұл жерде ол ақынның туған жері, ата-анасы, оқыған ортасы жайында мәлімет беріп, аталары Ырғызбай мен Өскенбай туралы, әкесі Құнанбайға мінездеме берген. Абайдың әділ де тура мінезді болуы атасы Ырғызбай мен Өскенбайдан тарағанын, ал ұстамдылығы әжесі Зеренің тәрбиесінен қалып­тас­қанын келтіреді. Ермұхан Бекмаханұлы ақын­ның Ахмет Риза діни медресесінде білім алуы, Фирдоуси, Низами, Саади, Науаи сияқты шығыс шайырларының өлеңдерін қаныға оқып сусындауы, араб, парсы, түрік, шағатай тілдерінде жазылған еңбектерді оқуға жол ашты дейді. Абайдың Семейде оқыған жыл­дарында орыс мәдениеті мен оның өкілдеріне деген қызығушылығы оянған Бекмахановтың жазуынша, қатал әкенің және медресенің қатаң тәртібіне қарамастан ақын орыс мектебіне оқуға түседі. Осы мек­тепте болған кезінде оның орыс халқының мәдениетін білу­ге деген ынтасы артып, өз еркі­мен орыс әдебиетін үйреніп, еркін түрде орыс тілін меңгереді. Еңбекте көрсетілгендей, Абай қазақ халқының мәдениетінің көп қырларын үйренуге талпынып, қазақ жеріне жер аударылып кел­ген орыс демократтары Пуш­кин, Лермонтов, Салтыков-Шедрин, Толстой, Чернышевский, Добролюбов сияқты жазу­шы­ларының шығармашы­лығымен та­нысуы дүниетанымына көп өзгеріс әкелді деген тұжырым жасайды. Абайды білімге, ғылымға рух­тан­дырған кітапхана болатын. Ол орыстың ғана емес, шетелдік Спенсер, Милль, Тэн, Дрепердің кітаптарын оқи отырып, батыс­тың мәдениетін, мұраларын үй­ренуге бой бұрып, солардың шығар­ма­ларын насихаттады. Бекмаханов мақаласында Абайдың ең жақын досының қа­та­рынан Семейге саяси жер ау­дарылған Е.П.Михаэлисті атай­ды. Абай шынымен де оны «дү­ниеге көзімді ашқан» адам ретінде ба­ға­ла­ған еді. Ақынның Е.Ми­хаэлис­ті ұстаз есебінде тұтып, оның фило­со­фиялық, тарихи, мә­дени бағыт­тағы ғылымдармен та­нысуы орыс мәдениетін қы­зығу­­шы­лықпен оқып-білуіне, шығарма­шы­лығына тікелей әсер етті деп топшылайды. Ғалым Абайдың медресені аяқтамай, елге оралған соң әке­сімен бірге түрлі даулы мәселе ше­шуге қатыстырыла бастағаны болыстық қызметке араласуынан деп келтіреді. 1875-1878 жылдары Абайдың әділдігімен, адалдығымен ел намысын биік көтерген төбе билігін асқақтатуға тырысқан. Абайдың қай жылдары болыс болғаны жайында Бекмаханов нақты мәлімет келтірмейді. Де­генмен сол болыстық қызмет еткен жылдары халықтың қа­сы­нан табылуын, солардың сөзін сөйлеп, істі болғандарға араша болуының мәнісін өресінің жоға­ры­лығында, өзінің қара басында емес, санасына жүгінуінен деп тұ­жырым­дайды. Алайда көреалмау­шы­лық, кер­тартпалық, ішітар­лық оның аяғынан шалып, болыс­тық қызметті дұрыс атқаруға мүм­кіндік бермеді. Ақынның үсті­нен бірнеше домалақ арыздар ұйым­дастырылып, оның арты қылмыстық іске ұласты. Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, домалақ арыз көбейген кезде оның қасынан Е. Михаэлис табылған екен. Ол дос­тық қолын созып, жабылған жала­­сынан ақталып шығуға барын­ша көмек көрсетіпті. Ақыры бұл іс 1884 жылдың тамызының соңында тоқтатылады. Десе де, осы жағдай ақынды ұзақ уақыт әуре-сарсаңға салып, жүйкесіне қатты әсер еткен. Ермұхан Бекмаханұлы саяси жер аударылғандардың Абай өміріне қалай ықпалы болғанын ашық айтады. Олармен арадағы әңгіме, пікірлесуі ақынның ру­хани өсуіне, беделінің артуына да әсер еткенін айшықтай түскен. Абайдың орыстың ашық пікірлі қай­раткерлерімен кездесуі оның көз­қарасына өзгерістер әкеліп, өзіндік пікірінің қалыптасқанын байқау қиын емес. Әсіресе, демо­кратиялық бағытта болған орыс жазу­шылары Долгополов, Гросстың кейіннен реакциялық ағымдардың ықпалына кетсе де, Абайдың дүниетанымының қалып­тасуына әсері мол болды деген тұжырымды ұстанады. Ақынның орыс әдебиетіне деген ұмтылысы Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин сияқты ақын­дардың өлең-сықақтарын аударып қанай қоймай, айналасына наси­хаттай білуінде болды. Ермұхан Бекмаханұлы Абайдың шығармашылық өміріне қатысты тапқан жаңа материалдардың негізінде 1959 жылы сол кез­дер­дегі С.Киров атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университеті шығар­ған ғылыми жазбаларына жария­лаған мақаласында ақынды жаңа қырынан танытуға тырысты. Ақын­ның тұлғалық қасиетін сол кездегі саяси оқиғалармен ты­ғыз бай­ланыстыра қарастырып, оның өміріне қалай әсер еткенін нақтылайды. Ғалымның келтіруінше, Абай патшалық үшін «өте қауіпті адам» болған. Патша үкіметінің жергілікті әкімшілік билігі оны ұзақ уақыт бақылауында ұстап, әрбір басқан қадамын жасырын түрде аңдып, жоғары орындарға хабарлап отырғанын айта келе, ақынды «өмірінің соңына дейін өз халқының бақыты мен еркіндігі жолында күрескер болып, жер­гілікті отаршыл үкімет пен бай-феодалдардың қылмысына ара­шашы болды» деп түйіндейді. Ол сонымен қатар Абайды гу­манист және қоғамдағы про­грессивті қайраткер ретінде ба­ға­лаған. Рулар арасындағы қақ­­­­тығыстарды реттеудің ба­сы-қасынан Абайдың табы­лып, олар­дың бейбіт бітістіру­мен аяқталғанын архив құ­­жат­­­­тарындағы мәліметтердің айғақ­­­тап отыр­ғанын атап өтеді. Ол ақын­ды әділетті, халықтың жа­на­­шыры ретінде көрсетеді. Ақын көмек сұрай келгендерге арашашы болуға тырысқан, кеңес бер­ген. Қара халыққа етене жақындығы үкімет адамдарын қатты алаңдатып, оның жазған хаттары мен жазбаларын арнайы тексерістен (цензурадан – С.С.) өткізіп отырды. Осы мәселені ға­лым мақаласында архив дерек­тері­мен жан-жақты талдауға алады. Абайға қайтыс болардың алдында «үкіметке қарсы үндеулер таратты» деген жала жабылып, бірнеше рет үйіне тінту жүргізілгенін жазады. Ғалымның айтуынша, 1903 жылы 18 мен 25 сәуір аралығында Абайдың үйіне тінту жүргізіліп, оның алған хаттарын, жазбаларын тәркілеп алып кеткен. Негізінде, тінту Абайдың Көкшетаудан алған хатына қатысты жүргізілген. Ақын бұл хаттарды жойып үлгерсе керек. Ермұхан Бекмаханұлы ақынның Арқаттағы пошта конторы арқылы бірнеше хат алғанын келтіреді. 80-жылдың соңында Абай досы Е.П.Михаэлистің ұсынысымен Семейдегі облыстық статистикалық комитеттің толық мүшесі болып сайланады. Ғалымның айтуынша, осы комитеттің шығарып отыр­ған «Памятная книжка Семи­па­латинской области» кітапша­сына ақынның «Заметка о проис­хож­дении родов Средней киргизской орды» деген мақаласы жарияланған екен. Дегенмен мақаланың соңына Абай өз аты-жөнін көрсетпеген. Жалпы, ақынның жариялаған және баспа бетін көрмеген еңбектеріне Е.Бекмаханов «қазақ халқының этногенезін зерттеуде маңызды» деген тұжырым жасаған. Абай Құнанбаев өмірін өзі жазған «Қазақстан тарихы» оқулығына да енгізіп, ақынның қызметі мен шығармашылығынан басқа араласқан адамдары жа­йында құнды мәліметтер береді. Бұлардың арасында ақынды көрген шетелдік жазушылар мен орыс демократтары бар. Солардың бірі – Абаймен тілдескен америкалық жазушы Джорж Кеннан болған. Өзінің естелігінде ол Ибраһим Құнанбаев деген қарт-қырғыздың кітапханаға барып қана қоймай, Милль, Бокль және Дрепер сияқты авторлардың көп кітаптарын оқығанын сұрақтарға берген жауабынан байқағанын айтқан. Ғалым Абайдың аударма­шылық қызметіне ерекше тоқ­та­лып, ақынның М. Лермонтовтың «Вадим», «Жын», «Қанжар», «Желкен» және тағы басқа 27 өлеңін, сонымен бірге А. Пушкин­нің, Салтыков-Щедриннің, Крыловтың мағыналы өлеңдерін аударып, халыққа жеткізбек болғанын да келтіреді. Бұлардың арасында А. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан үзіндісі, Крыловтың мысалдары бар. Пушкиннің «Евгений Онегинін» Абайдың аударуы, Татьяна – Онегин хаттарына арнап ән шығаруы және халыққа жеткізуі орыс ақынының шығармашылығын ерекше баға­лауынан еді. Бұл жерде ғалым Абайдың ше­бер аудармашылығын, оқушы­сына түсінікті болу үшін теңеу­лерді лайықты қолдана біл­генін көрсетеді. Ақынның сөз сап­тауын­дағы ерекшеліктерді де баса кел­тіреді. Ол Абайды Пушкиннен көп нәрсе үйренді деп топшылайды. Оған екеуінің өлеңдеріндегі идея­лардың ұқсастығын жатқызады. Ермұхан Бекмахановтың Абай­дың өмірі мен қоршаған ортасын, қызметін, шығармашылығын талдап жазған еңбегі ақынның қоғамдағы орнын нақтылай түс­ті әрі оның тұлғалық қасиетін асқақ­татты. Абайды әлемдік тұрғыда танытпаққа тырысты. Оның ұлы ақын Абайдың өмірі мен қызметіне, шығармашылығына берген бағасы аса құнды.  

Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымдарының докторы