Ресей үкіметінің қазақ даласына жүргізген отарлау саясатының бетпердесін ашып, Кенесары бастаған қазақтың ұлт-азаттық көтерілісінің мәнісін ашық жазғаны үшін «халық жауы» атанып, қуғындалып, істі болған Ермұхан Бекмахановтың қазақ тарихындағы орны ерекше. Ғалым басына түскен қиындықтарға қарамастан, өзін әмбебап тарихшы ретінде көрсете білді. Оның еңбегі кеңестік жүйе тұсында тарихшылар тарапынан қатты сынға ұшырағаны белгілі. Шынтуайтқа келгенде, оның еңбектерінің маңыздылығын әрбір ғалым іштей мойындаған-тын. Е.Бекмахановты академиктер М.Қозыбаев пен К.Нұрпейісов «ғылыми өрісі кең, қалам тартқан тақырыптары сан қырымен ерекшеленеді» деп бағалаған. Оның халықтың тарихи санасын көтеруге қызмет еткен ғалым ретінде көтеріп, ғылыми мұраларының маңыздылығының жоғарылығын атап өткен. Тұлғатану саласында Ермұхан Бекмаханұлының ХIX ғасырда өмір сүріп, қазақ қоғамына танымал болған, өзінің ісімен, қызметімен ерекшеленген Шоқан, Ыбырай және Абай сияқты ағартушыларға арналған еңбектері бұл күнде де өзінің құндылығын жойған жоқ. Бұл үш тұлға да ХIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрді. Ол кезде қазақ қоғамының ішкі әлеуметтік қайшылықтары шиеленіскен, ру-руға бөлініп тартысқан, жер дауы, жесір дауы өршіген заман еді. Ақынның сөзімен айтқанда, «ел басына қиындық пен әуре туған күйзеліс әкелген» кезең болатын. Ғалым сол кездің билік құрылымын, ел ішіндегі соттық-құқықтық іс барысындағы халық арасына танымал би-болыстардың салт-дәстүр, ежелден келе жатқан заң ережелеріне сүйене басқаруын талдап, зерттеу, зерделеу барысында ұлы ақын Абайдың қоғамдағы орнына қызығушылық танытты. Ол Абайдың тарихи тұлғасын жоғары бағалаған бірнеше ғылыми мақалаларын мерзімді баспасөз беттеріне, ғылыми-зерттеу кітаптары мен ғылыми жинақтарға жариялап, ақынның өскен ортасын, оның қайраткерлігін, философиялық ой-тұжырымдарына, ағартушылық қызметіне талдау жасаған. Ғалым ақынның өмір мен шығармашылығына алғаш рет 1957 жылы Мәскеуде шыққан «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деп аталған кітабында тоқталады. Бұл жерде ол ақынның туған жері, ата-анасы, оқыған ортасы жайында мәлімет беріп, аталары Ырғызбай мен Өскенбай туралы, әкесі Құнанбайға мінездеме берген. Абайдың әділ де тура мінезді болуы атасы Ырғызбай мен Өскенбайдан тарағанын, ал ұстамдылығы әжесі Зеренің тәрбиесінен қалыптасқанын келтіреді. Ермұхан Бекмаханұлы ақынның Ахмет Риза діни медресесінде білім алуы, Фирдоуси, Низами, Саади, Науаи сияқты шығыс шайырларының өлеңдерін қаныға оқып сусындауы, араб, парсы, түрік, шағатай тілдерінде жазылған еңбектерді оқуға жол ашты дейді. Абайдың Семейде оқыған жылдарында орыс мәдениеті мен оның өкілдеріне деген қызығушылығы оянған Бекмахановтың жазуынша, қатал әкенің және медресенің қатаң тәртібіне қарамастан ақын орыс мектебіне оқуға түседі. Осы мектепте болған кезінде оның орыс халқының мәдениетін білуге деген ынтасы артып, өз еркімен орыс әдебиетін үйреніп, еркін түрде орыс тілін меңгереді. Еңбекте көрсетілгендей, Абай қазақ халқының мәдениетінің көп қырларын үйренуге талпынып, қазақ жеріне жер аударылып келген орыс демократтары Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Шедрин, Толстой, Чернышевский, Добролюбов сияқты жазушыларының шығармашылығымен танысуы дүниетанымына көп өзгеріс әкелді деген тұжырым жасайды. Абайды білімге, ғылымға рухтандырған кітапхана болатын. Ол орыстың ғана емес, шетелдік Спенсер, Милль, Тэн, Дрепердің кітаптарын оқи отырып, батыстың мәдениетін, мұраларын үйренуге бой бұрып, солардың шығармаларын насихаттады. Бекмаханов мақаласында Абайдың ең жақын досының қатарынан Семейге саяси жер аударылған Е.П.Михаэлисті атайды. Абай шынымен де оны «дүниеге көзімді ашқан» адам ретінде бағалаған еді. Ақынның Е.Михаэлисті ұстаз есебінде тұтып, оның философиялық, тарихи, мәдени бағыттағы ғылымдармен танысуы орыс мәдениетін қызығушылықпен оқып-білуіне, шығармашылығына тікелей әсер етті деп топшылайды. Ғалым Абайдың медресені аяқтамай, елге оралған соң әкесімен бірге түрлі даулы мәселе шешуге қатыстырыла бастағаны болыстық қызметке араласуынан деп келтіреді. 1875-1878 жылдары Абайдың әділдігімен, адалдығымен ел намысын биік көтерген төбе билігін асқақтатуға тырысқан. Абайдың қай жылдары болыс болғаны жайында Бекмаханов нақты мәлімет келтірмейді. Дегенмен сол болыстық қызмет еткен жылдары халықтың қасынан табылуын, солардың сөзін сөйлеп, істі болғандарға араша болуының мәнісін өресінің жоғарылығында, өзінің қара басында емес, санасына жүгінуінен деп тұжырымдайды. Алайда көреалмаушылық, кертартпалық, ішітарлық оның аяғынан шалып, болыстық қызметті дұрыс атқаруға мүмкіндік бермеді. Ақынның үстінен бірнеше домалақ арыздар ұйымдастырылып, оның арты қылмыстық іске ұласты. Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, домалақ арыз көбейген кезде оның қасынан Е. Михаэлис табылған екен. Ол достық қолын созып, жабылған жаласынан ақталып шығуға барынша көмек көрсетіпті. Ақыры бұл іс 1884 жылдың тамызының соңында тоқтатылады. Десе де, осы жағдай ақынды ұзақ уақыт әуре-сарсаңға салып, жүйкесіне қатты әсер еткен. Ермұхан Бекмаханұлы саяси жер аударылғандардың Абай өміріне қалай ықпалы болғанын ашық айтады. Олармен арадағы әңгіме, пікірлесуі ақынның рухани өсуіне, беделінің артуына да әсер еткенін айшықтай түскен. Абайдың орыстың ашық пікірлі қайраткерлерімен кездесуі оның көзқарасына өзгерістер әкеліп, өзіндік пікірінің қалыптасқанын байқау қиын емес. Әсіресе, демократиялық бағытта болған орыс жазушылары Долгополов, Гросстың кейіннен реакциялық ағымдардың ықпалына кетсе де, Абайдың дүниетанымының қалыптасуына әсері мол болды деген тұжырымды ұстанады. Ақынның орыс әдебиетіне деген ұмтылысы Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин сияқты ақындардың өлең-сықақтарын аударып қанай қоймай, айналасына насихаттай білуінде болды. Ермұхан Бекмаханұлы Абайдың шығармашылық өміріне қатысты тапқан жаңа материалдардың негізінде 1959 жылы сол кездердегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті шығарған ғылыми жазбаларына жариялаған мақаласында ақынды жаңа қырынан танытуға тырысты. Ақынның тұлғалық қасиетін сол кездегі саяси оқиғалармен тығыз байланыстыра қарастырып, оның өміріне қалай әсер еткенін нақтылайды. Ғалымның келтіруінше, Абай патшалық үшін «өте қауіпті адам» болған. Патша үкіметінің жергілікті әкімшілік билігі оны ұзақ уақыт бақылауында ұстап, әрбір басқан қадамын жасырын түрде аңдып, жоғары орындарға хабарлап отырғанын айта келе, ақынды «өмірінің соңына дейін өз халқының бақыты мен еркіндігі жолында күрескер болып, жергілікті отаршыл үкімет пен бай-феодалдардың қылмысына арашашы болды» деп түйіндейді. Ол сонымен қатар Абайды гуманист және қоғамдағы прогрессивті қайраткер ретінде бағалаған. Рулар арасындағы қақтығыстарды реттеудің басы-қасынан Абайдың табылып, олардың бейбіт бітістірумен аяқталғанын архив құжаттарындағы мәліметтердің айғақтап отырғанын атап өтеді. Ол ақынды әділетті, халықтың жанашыры ретінде көрсетеді. Ақын көмек сұрай келгендерге арашашы болуға тырысқан, кеңес берген. Қара халыққа етене жақындығы үкімет адамдарын қатты алаңдатып, оның жазған хаттары мен жазбаларын арнайы тексерістен (цензурадан – С.С.) өткізіп отырды. Осы мәселені ғалым мақаласында архив деректерімен жан-жақты талдауға алады. Абайға қайтыс болардың алдында «үкіметке қарсы үндеулер таратты» деген жала жабылып, бірнеше рет үйіне тінту жүргізілгенін жазады. Ғалымның айтуынша, 1903 жылы 18 мен 25 сәуір аралығында Абайдың үйіне тінту жүргізіліп, оның алған хаттарын, жазбаларын тәркілеп алып кеткен. Негізінде, тінту Абайдың Көкшетаудан алған хатына қатысты жүргізілген. Ақын бұл хаттарды жойып үлгерсе керек. Ермұхан Бекмаханұлы ақынның Арқаттағы пошта конторы арқылы бірнеше хат алғанын келтіреді. 80-жылдың соңында Абай досы Е.П.Михаэлистің ұсынысымен Семейдегі облыстық статистикалық комитеттің толық мүшесі болып сайланады. Ғалымның айтуынша, осы комитеттің шығарып отырған «Памятная книжка Семипалатинской области» кітапшасына ақынның «Заметка о происхождении родов Средней киргизской орды» деген мақаласы жарияланған екен. Дегенмен мақаланың соңына Абай өз аты-жөнін көрсетпеген. Жалпы, ақынның жариялаған және баспа бетін көрмеген еңбектеріне Е.Бекмаханов «қазақ халқының этногенезін зерттеуде маңызды» деген тұжырым жасаған. Абай Құнанбаев өмірін өзі жазған «Қазақстан тарихы» оқулығына да енгізіп, ақынның қызметі мен шығармашылығынан басқа араласқан адамдары жайында құнды мәліметтер береді. Бұлардың арасында ақынды көрген шетелдік жазушылар мен орыс демократтары бар. Солардың бірі – Абаймен тілдескен америкалық жазушы Джорж Кеннан болған. Өзінің естелігінде ол Ибраһим Құнанбаев деген қарт-қырғыздың кітапханаға барып қана қоймай, Милль, Бокль және Дрепер сияқты авторлардың көп кітаптарын оқығанын сұрақтарға берген жауабынан байқағанын айтқан. Ғалым Абайдың аудармашылық қызметіне ерекше тоқталып, ақынның М. Лермонтовтың «Вадим», «Жын», «Қанжар», «Желкен» және тағы басқа 27 өлеңін, сонымен бірге А. Пушкиннің, Салтыков-Щедриннің, Крыловтың мағыналы өлеңдерін аударып, халыққа жеткізбек болғанын да келтіреді. Бұлардың арасында А. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан үзіндісі, Крыловтың мысалдары бар. Пушкиннің «Евгений Онегинін» Абайдың аударуы, Татьяна – Онегин хаттарына арнап ән шығаруы және халыққа жеткізуі орыс ақынының шығармашылығын ерекше бағалауынан еді. Бұл жерде ғалым Абайдың шебер аудармашылығын, оқушысына түсінікті болу үшін теңеулерді лайықты қолдана білгенін көрсетеді. Ақынның сөз саптауындағы ерекшеліктерді де баса келтіреді. Ол Абайды Пушкиннен көп нәрсе үйренді деп топшылайды. Оған екеуінің өлеңдеріндегі идеялардың ұқсастығын жатқызады. Ермұхан Бекмахановтың Абайдың өмірі мен қоршаған ортасын, қызметін, шығармашылығын талдап жазған еңбегі ақынның қоғамдағы орнын нақтылай түсті әрі оның тұлғалық қасиетін асқақтатты. Абайды әлемдік тұрғыда танытпаққа тырысты. Оның ұлы ақын Абайдың өмірі мен қызметіне, шығармашылығына берген бағасы аса құнды.
Светлана СМАҒҰЛОВА, тарих ғылымдарының докторы