Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтына көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, публицист, этнограф Әлихан Бөкейханның есімі берілді –, деп хабарлайды институттың сайты. Әлихан Бөкейхан өзінің саналы өмірін қазақ халқының бостандығы мен саяси дербестігі үшін күреске арнады. Оның отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі де орасан. Әлихан Бөкейхан артында бай мұра қалдырды. Оның мыңнан астам мақалалары, очерктері мен жазбалары, Қазақстан тарихы, антропология, егіншілік, мал шаруашылығы, әдебиет және басқа да білім салалары бойынша іргелі ғылыми еңбектері бар. 1894-1926 жылдары ғалым төрт ғылыми-зерттеу экспедициясының жұмысына қатысты: «Тобыл» ретінде белгілі экспедицияға; Ф. А. Щербинаның басшылығындағы экспедицияға; С. П. Швецовтың басшылығындағы статистикалық-экономикалық экспедицияға; сонымен қатар (1926 жылы) СССР Ғылым академиясының антропологиялық экспедициясына қатысты. Ол Тәуелсіздіктің қалыптасу болашағына зор үлес қосты.