Қордай қақтығысы бүгін болып, ертең ұмытылар қорқынышты түс емес. Сол бір ақпандағы жұрттың көз жасы мен балалардың шырылы талай санада әлі күнге жаңғырып тұр. Десе де, Үкімет қолдан келгенше қираған дүниелерді қалпына келтіріп, тұрғындардың тұрмысын түзеуге күш салуда. Әрине, бүлінген бүтінделер. Алайда халықтың рухани санасына қалай серпін береміз? Жанжал отын біржола сөндіру үшін не істемек керек?
Бұл тұрғыда көп сарапшылар «Қордай қақтығысы ұлттар арасындағы араздықтан туған дүмпу» деп баға берді. Бұл тек дүнген мен қазақ арасындағы емес, тіл мен таным төңірегіндегі текетірес дегендер де ойын ашып айтты. Қазақ тілі ағайын арасында ғана емес, мектеп қабырғасында да құрметтелмейтінін қордайлықтардың өзі жеткізді. Шындығында, бәрі солай ма?
Ең әуелі жалпы Қордай ауданындағы жағдайға тоқталсақ. Аталған ауданда бүгінде 48 мектеп жұмыс істеп тұрса, оның 21-і – қазақ, 5-і – орыс және 21-і араластілді мектептер. Онда 30 462 оқушы білім алып жатса, 17 922 бала қазақ тілінде, 12 540 оқушы орыс тілінде сауатын ашуда. Аудан мектептерінде 2 743 мұғалім ұрпақ тәрбиесімен айналысып жатса, қақтығыстар орын алған Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Қарасу, Қаракемер ауылдық округтеріндегі 16 мектепте 1 045 ұстаз тәлім беруде. Міне, осы 1 045 мұғалімнің 505-і қазақ болса, 456-ы дүнген. 37-і орыс және 47-і басқа ұлттың өкілдері. Байқап отырсаңыздар, қазақтілді мұғалімдер ауыл мектептеріндегі ұстаздардың 48,3 пайызы, яғни жартысына да жетпейді.
Тағы бір статистиканы сөйлетсек, жоғарыда аталған бес ауылдағы 16 мектептің 7-і қазақтілді болса, 3-і орыстілді, ал 6-ы аралас тілде жұмыс істейді. Онда 12 274 оқушы білім алып жатса, оның 4 189-ы ғана қазақ тілінде хат таниды. 8 085 бала орыс тілінде тәрбиеленуде. Бұл мектеп оқушыларының 65,9 пайызын құрайды. Бұл аз десеңіз, облыс әкімдігі білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, бастауыш сыныптардың 130 педагогі мемлекеттік тілді мүлде білмейді. Ал балабақшалардағы 44 тәрбиелеуші қазақ тілінде әріп танымайды. Мұндай жағдайда мемлекеттік тіл туралы сөз қозғаудың өзі артық шығар. Тұтас аудандағы 48 мектептің 21-і ғана қазақ тілінде қызмет көрсетіп жатқанда, Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Қарасу, Қаракемер ауылдарынан не үміт күтсек болады? Ұрпақ тәрбиесі сеніп тапсырылған ұстаздардың өзінің жартысынан көбі мемлекеттік тілді менсінбей отырса қайтеміз?
Білім басқармасының мамандары №7, 9, 12, 16, 17, 19, 45, 48 және 50-ші мектеп оқушыларының ата-аналарымен сөйлесіп, қазақ сыныптарына ауыстыру туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Сондай-ақ 2020-2021 оқу жылында 1-сыныпқа келетін 1 516 оқушы қазақ сыныптарын таңдайды дегенге сала мамандары үміт артып отыр. Әрине, «үмітсіз шайтан ғана» екені түсінікті. Алайда көзін ашқаннан дүнген немесе орыс тілінде тәрбиеленген баласын ата-ана қазақ сыныбына береді дегенге сену қиын. Оған қоса, бұл тұста әке-шешенің де жүрегі шайлығып қалғаны рас. Нақтырақ айтсақ, Қордай қақтығысынан кейін мектептердегі біраз былықтар бетке қалқып шықты. Мәселен, аралас мектепте дүнген ұлтты оқушылар қазақ қызына әжетханада жасаған әлімжеттілігін естіп, жаға ұстадық. Сондай-ақ мектеп ұстазын дүнген ұлтты азаматтар білім ордасының қабырғасында ұрып кеткенін Үкіметтік комиссия мүшелерінің өздері айтты. Одан бөлек, мектепке келмей қойған балаларға мұғалім егістік басына барып сабақ беруге мәжбүр болғанын да естіп, не жыларымызды, не күлерімізді білмедік. Тізе берсек, мұндай фактілер жетерлік. Осы жайттың бәрін естіп отырған өзге ұлтты ата-ана баласын қазақтілді мектепке немесе сыныпқа оқуға бере ме? Түптеп келгенде, Қордай қақтығысынан кейін балалардың да психологиясы бұзылған жоқ па? Ертең қазақ пен дүнген бір партада отырып білім ала ала ма? Егер патриоттық рухты былай қойып, шындыққа тіке қарайтын болсақ, бұл – өте қиын жағдай.
Естеріңізде болса, осыдан үш ай бұрын Қордайда құрылған «Қоғамдық келісім кеңесі» қақтығыс орын алған ауылдарды ауызбіршілікке шақырып, тіл саясаты мен ұлттық рух төңірегінде ауқымды шаруалар жүргізуі керек болатын. Алайда кеңес төрағасы Әбдібек Сейілханов бастаған кеңес мүшелері ауылдарды аралап, бірлі-жарым тізім жүргізіп, қолдау болмағаннан кейін бәрін қойған.
Кейін жанданған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы да ұлттық идеологияны көтеру бағытында жұмыс істеуі тиіс еді. Алайда оның да атқарған жұмысы толық көрінбейді. Мұндайда қайтпек керек? Бұл сауалмен ономастика саласының маманы, тіл жанашары Зиба Құламановаға қайырылған едік.
– Біріншіден, неге біз осы «аралас» деген сөзден арыла алмай жүрміз? «Смешанныйдан помешанный шығады» деген ұғым бар. Біз сыртқы күштердің әсерінен ұлттық тілі жоғалып, шұбарланған ел емеспіз ғой. Қазақтың тілімен қатар тарихы тереңде. Осылай бола тұра біз неге балаларымызды аралас мектепте оқытып, дүбәра күй кешудеміз? Жарайды, орыс мектептері қалсын дейік, ал аралас мектептердің қажеті қанша? Сонда біз әлі күнге өз тарихымыз бен тілімізді таласқа қоятын елміз бе?
Екіншіден, қанымызға сіңген қонақжайлылықпен бәрін өзіміздей көреміз. Он қазақ отырып, бір өзге ұлт өкілі келсе, орысша сайраймыз. Оған арланбаймыз да. Керісінше, орыс тілде сөйлегенді мақтан тұтып, жат тілді білмеген қандастарымызды кемсітеміз. Сондай-ақ орыс және аралас мектептерге жылдар бұрын кезекке тұрып, баламызды сонда оқытуға тырысамыз. Себебі бұл бүгінгі қазақ үшін мақтаныш.
Үшіншіден, кеселді көре тұра күреспейміз. Соңғы онжылдықтың басында елімізде 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы жанданғанын жұрт жақсы біледі. Сол кезде Елбасы «тоғыз жылдың ішінде қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгеруі керек» деп талап қойған болатын. Алайда қазір 95 пайыз емес, алақандай Қордай ауданындағы бес ауылды қазақша сөйлете алмай отырмыз.
Төртіншіден, халыққа қызмет көрсету мекемелерін толықтай қазақ тіліне көшіре алмадық. Қарапайым дүкенге барып, өзге ұлт өкілінен нан бағасын сұрай алмаймыз. Ол сені түсініп тұрса да, қазақ тілінде жауап қайтармайды. Шіркін, егер мемлекеттік тілді меңгермегендерді жазалаудың бір тетігі табылса, бәрі басқаша болар ма еді?
Бесіншіден, бізге қазір батыл қадамдар қажет. Ең әуелі Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Қарасу, Қаракемер сынды ауылдарды толықтай қазақтандыру керек. Ол үшін алдымен оралман қандастарымызды сол аймаққа жаппай көшірсек, ұтымды шешім болмақ. Ал өзге ұлт өкілдерін бір жерге шоғырландырмай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өзге өңірлерде жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу қажет. Ал олардың орнына мемлекеттік бағдарламалар арқылы қазақтілді жас мамандарды көптеп жіберген жөн. Егер осылайша жергілікті жұртшылықтың 60 пайызын қазақыландыра алсақ, ертең жер мен су атауларын да қазақшалап, ұлттық болмысты қайта тірілтуге болады. Бәлкім, мемлекеттік мекемелерде отырған өзге ұлтты мамандарды да ротациялық жүйе арқылы алмастырып, қазақы ортаны көрсету керек шығар?
Әрине, мұның бәрі бірден бола салмайтыны белгілі. Алайда «көш жүре түзелетінін» ескерсек, қазір көшті қозғайтын кез келді. Бұл ең бірінші бір-бірімен жанжалдасып жатқан дүнген мен қазақ ұлтының өздері үшін тиімді, – дейді тіл жанашыры.
Иә, маманның сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда бізге батыл шаралар қажет. Күні кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапарымен барғанда жол құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания кеңсесіндегі маңдайша жазулары қытайша тұрғанын қатаң сынға алған болатын. Міне, осы секілді Қордайды да қазақыландыруда батыл да, бағдарлы ұстаным керек.
Рас, қазір Қордай ауданында мемлекеттік тілді білмейтін мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілерін қазақ тілі курстарынан өткізіп жатыр. Біз неге осыны қазір байқадық? Олар отыз жыл бойы мемлекеттік тілді меңгермей қайда жүрді? Неге бұл мәселеге енді көңіл бөліп жатырмыз? Мемлекеттік тілге мән беру үшін міндетті түрде жанжал тууы керек пе еді?