Спорт тарландары қайда жүр?

Спорт тарландары қайда жүр?

Көк Туды желбіретіп, Әнұранды әлемдік аре­на­ларда ойнатқан спорт­шы­ларымызды қашан да мақтан тұтамыз. Әрине, шаршы алаң­да олар ойқастап жүре бер­месі хақ. Бір күні спортпен қоштасуы керек. Заңды да. Ал олар сосын қайда барады? Біреуі жаттықтырушы болса, енді бірі шенеунік атануда. Мұхтархан Ділдәбеков. Есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ХІІ Азиялық ойындарының жеңімпазы, ХІV Азиялық ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған атақты боксшының үлкен спортқа дейін додабұзар көкпаршы болғанын екінің бірі біле бермейді. «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қа­зақстан облысының құрметті азаматы. Бокс қолғабын шегеге ілген 2006 жылдан Мұхтархан Ділдәбеков Шымкент қаласының №5 бокстан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, 2008 жылдан осы уақытқа дейін «Оңтүстік Қа­зақстан облысының бокстан олим­пиада резервін дайындайтын бала­лар мен жасөспірімдердің маман­дандырылған спорт мектебінің» директоры қызметін атқарып келді. Республикалық «Көкпар» федерациясын басқарады. Илья Ильин. Қызылорда қаласындағы «Мұзайдыны» спорт кешенінің директоры қызметіне кірісті. 2005, 2006, 2011, 2014 жыл­дары әлемнің 4 дүркін чемпионы атағына ие болды. – Токио Олимпиадасына қа­тысуды алдыма мақсат еткен едім. Дегенмен аталған дода белгілі себептерге байланысты кейінге шегерілді. Сондықтан спортшы ретінде карьерамды аяқтауды жөн көрдім. Жаңа қызметте спорт саласында менеджмент мәсе­лесін жан-жақты меңгерсем дей­мін. Келешекте бапкерлікке де келуім мүмкін. Оны уақыт көрсете жатады, – дейді Илья. Болат Жұмаділов. Қазақ спортының тарихында бокстан олимпиада ойындарының фи­налына екі мәрте шығып, екеуінде де күміс жүлде алды. Одан бөлек, тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы ата­нып, ел байрағын биікке көтерген де Болат Жұмаділов. Бүгінде бап­керлік қызметке ауысып, ел спортының болашақ жұлдыздарын тәрбиелеуде. Ермахан Ибраимов. Сидней Олимпиадасының чемпионы. 2002-2004 жылдары бокстан Қазақстан құрама командасының бас бапкері, 2004-2007 жылдары Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті қызметін ат­қарды. 2007 жылдан бокстан рес­публикалық олимпиадаға даярлау орталығының директоры. Бахтияр Артаев. Бокстан Афины Олимпиадасының, Вэл Баркер кубогының иегері, 7 дүркін Қазақстан чемпионы. Спортты карьерасын аяқтаған соң, 2009 жылы ол Жамбыл об­лысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, қа­раша айында Жамбыл облысы туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. 2011 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орын­басары, 2012 жылы 24 желтоқсанда «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті болды. 2014-2016 жылдары Лондонда білім алды. 2016 жылы «Тарлан батырлары» компаниясының директоры қызметін атқарды. Компания Қазақстанда спорттық кешен салумен айналысады. 2018 жылдың ақпанынан Astana Arlans кәсіпқой бокс клубының директоры болды. Бақыт Сәрсекбаев. 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының (69 келіге дейін) чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы (2006). 2009 жылы Қазақстанның бокс федерациясында тер төкті. Бүгінде жеке кәсіпкер. Серік Сәпиев. Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы (69 келіге дейін), Вэл Баркер кубогының иегері, 2 дүркін әлем чемпионы (2005, 2007). Қазақстандық танымал боксшы 2012 жылы спорттағы жолын аяқтады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Брунель университетінде білімін шыңдады. Astana Arlans кәсіби бокс клубының бас директоры қызметін атқарды (2014-2017). 2017 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Қазір Серік Сәпиев Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетін басқарады. Әділбек Ниязымбетов. Олим­пиаданың 2 дүркін күміс жүлдегері, әлем және азия чемпионы. 2018 жылдың қазанында Әділбек Ниязымбетов денсаулығына бай­ланысты қолғабын шегеге ілді. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласында Олимпиадаға даярлау орталығында методист болып еңбек етеді. Ольга Шишигина. 2000 жылы Австралияда өткен Сидней Олимпиадасында 100 метрге кедергілермен жүгіру сайысында Қазақстанның намысын қорғап, дүбірлі додада алтыннан алқа тағынған. Ол 2001 жылы спорттағы мансабын аяқтады. Ұзақ жылдар бойы жаттықтырушы және оқыту­шы қызметін атқарды. 2013 жылғы 22 қаңтарынан осы уақытқа дейін Парламенті Мәжілісінің депутаты. Юрий Мельниченко. Грек-рим күресінен Олимпиада чем­пионы (1996, 57 келіге дейін), әлем чемпионы, 3 дүркін азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, балуан. Спорттық жолын аяқтаған соң, 2000 жылы грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырды. Кейін Қазақстан күрес қауымдастығы мен федера­ция вице-президенті, күрес түр­лері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының директоры, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубында басшылық қыз­метін атқарды. Александр Винокуров. Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық танымал велоша­бандоз. 2012 жылғы Ұлыбритания астанасында өткен дүбірлі додадан соң, спорттағы кәсіби карьерасын аяқтады. Кейін «Астана» велокомандасының спорттық директоры болды. 2013 жылдан осы уақытқа дейін бұл команданың бас менеджері қызметін атқарады. Қазір Францияда тұрады. Өздеріңіз көріп отырғандай, қазақ спортын әлемге паш еткен дүлдүлдеріміз әр салада жүр. Біреулері шетел асқан. Дегенмен өнер көрсеткен саласында болашақ жеңімпаздарды жаттықтырса деген ой келеді. Өйткені жастар ағаларына қарап бой түзейді емес пе?!    

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ