Ол қайта оралды
Ол қайта оралды

Орта салмақта жұдырық­тасатын қазақстан­дық кәсіп­қой боксшы Геннадий Головкин Нью-Йорктегі Madison Square Garden аре­насында канадалық Стив Роллспен қолғап түйістіріп, нокаутпен жеңіске жетті. Бұл GGG-дің тоғыз айлық үзіліс­тен кейін шаршы алаңға қай­та оралуы. Күллі әлемді әдемі боксымен тәнті еткен Головкин үлкен боксқа әдемі орала білді. Өзінің үлкен күреске әзір екенін анық аңғартты.

Тура тоғыз ай бұрын мекси­калық Сауль «Канело» Альварес ұпай санымен Головкинді жеңіп кетіп, бүкіл титулын тарпа бас салғанда еңсеміздің түсіп, көңі­лі­міздің жабырқау тартқаны жасы­рын емес. Бірақ бокс тарихына көз салып қарасақ, жеңіліс дәмін татпаған мықтылар кемде-кем. Қайта жеңіліс – үлкен жетістіктер алдындағы аз-маз тынығу, ентігін басу, күш жинау секілді көрінеді кейде. Мұхаммед Әли де, Майк Тайсон да талай мәрте рингтен жеңі­ліп түскен. Қазір кәсіпқой бокс әлемінде атой салып жүрген­дердің тең жартысы жеңістің қадірін жақсы білетін боксшылар. Жеңіл салмақта белбеу біткенді жиып жүрген украиналық Василий Ломаченко да, жасы 50-ге тақаса да жұдырықтасуды қоймаған филиппиндік Мэнни Пакьяо да жеңілген. Тіпті сол Альварестің өзі 2013 жылы америкалық Флойд Мейвезерден оңбай таяқ жеген. Сондықтан бокстағы жеңіліс дегеніңіз соншалықты бір трагедия емес. Ең бастысы, Головкин орал­ды. Атағы шартарапқа жайылған DAZN стримингтік сервисімен үш жылға келісімшарт жасасты. Ондағы шарт бойынша Головкин үш жылда алты кездесу өткізбек. Роллсқа қарсы салған сойқаны – соның алғашқысы. Канадалық та оңай қарсылас емес екен. Талай мәрте қорғаныстан сытылып шығып, шабуылдап қалуға ты­рысты. Екінші раундта біршама белсендірек болғаны да рас. Бірақ жекпе-жекке, жеңіске шөліркеп келген Головкин техникалық тұр­ғыдан да, тактикалық тұрғыдан да 35 жастағы қарсыласынан басым тү­сіп жатты. Сериялы соққылар­дың соңы ауыр нокаутқа әкеліп соқ­ты. Тап бір осыдан 2-3 жыл бұ­­рынғы ойнақ салған Головкинді көргендей болдық. Бұл – 37 жас­тағы Головкиннің карьерасын­дағы 39-шы жеңісі. Оның 35-ін нокаут­пен аяқтаған. Енді алда мәнді де мәртебелі бес кездесу күтіп тұр. Екіншісі, әлбетте дәл қазір орта салмақтағы WBC, WBA (Super) және IBF белдіктерін иеленген Альвареске қарсы өтсе деп арман етеміз. Мұны кешегі жекпе-жектен кейін Генаның өзі де айтып қалды.

– Мені қолдаған жандардың бәріне алғыс айтамын. Екінші қадамым әлдеқайда үлкен болмақ. Бүгін өте бақыттымын. Алғашқы раундтарда ештеңе сезген де жоқ­пын. Біраз бокстасуға тырыстым. Мен өз нокаутыммен қайта орал­дым. Бұл – менің стилім. DAZN-мен үлкен келісімшарт, көрермен­дердің қызу қолдауы адамды ба­қытты ете түседі. Келесі кездес­у­дің қыркүйекте, «Канелоға» қарсы өтетініне сенемін. Әрине, мұның үлкен бизнес екенін бәрі біледі. Дегенмен біздің жекпе-жегіміз міндетті түрде болады. «Канело­мен» болған екі кездесуден үлкен тәжірибе жинадым. Тиісті қоры­тынды шығардым. Үшінші кездесу мүлде басқаша болады. Оны жең­гім келеді, ал белдіктер сонша­лықты маңызды емес, – дейді Головкин.

Головкин өз карьерасында төртінші рет өмірі жеңіліп көр­меген боксшыны нокаутқа жіберіп отыр. Бұған дейін ресейлік Михаил Макаровты, америкалық Доминик Уэйдті және британиялық Келл Брукті нокаутпен ұтқан болатын. Бұлардың барлығы дерлік GGG-мен жолыққанға дейін жеңіліс дәмін татпаған боксшылар. Енді Головкин шаршы алаңға күзде оралады. Шамамен үш айдан соң. Егер «Канело» кездесуге келісіп жатса, онда ғасыр жекпе-жегінің нүктесі қойылмақ. Мейлі, кімнің пайдасына болса да. Мексика ұланы келіспеген күннің өзінде Головкиннің келесі қарсыласының осал болмасы белгілі.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ