Өзбекстанмен шекарадағы кеден бекеттерінде қауіпті індеттің таралуына жол бермеу шаралары қолға алынған
Өзбекстанмен шекарадағы кеден бекеттерінде қауіпті індеттің таралуына жол бермеу шаралары қолға алынған
фото: ашық дереккөз
5,133
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Төлеген Байғұлов Сарыағаш ауданына қарасты «Қазығұрт» және «Жібек жолы» кеден бекеттерінде болып, кешенді мониторинг жұмыстарын жүргізді. Республикалық кеңсе жетекшісі кеден бекеттерінде жүріп жатқан бүгінгі жұмыстармен танысып, жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы шараларды жалғастыру керектігін атап өтті, –деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мониторингтік топтың құрамында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Сапар Жантөреев болды. Сондай-ақ, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мен аталған кеден бекеттерінің басшылары, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайл Тасқұлов пен «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері қатысты. Топ мүшелері алдымен «Қазығұрт» кеден бекетіне барып, бақылау-өткізу пунктінің бүгінгі жұмысымен жіті танысып шықты. Кешенді жұмыстар барысында «Қазығұрт» кеден бекетінің басшысы Берік Мергенбаев әлемді алаңдатқан індеттің шекара арқылы енуіне жол бермеу мақсатында қатаң шаралар қолға алынып жатқанын баяндап өтті. Шекаралық өткізу пункттерінде дезинфекциялық жұмыстардың әр екі сағат сайын жүргізілетінін және осы уақытта өткізу пункттері жабылып, аймақ тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Мұнан соң, жобалық кеңсе жетекшісі «Жібек жолы» кеден бекетін аралап көріп, көрші елден келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын және жеңіл және ауыр жүк көліктері мен автобус қатынастарының да шешімі табылғанына көз жеткізді. Коронавирус індетімен күресу үшін кеден бекетінің өткізу пункттерінде тепловизорлық бейне-камералар мен қол өлшеуіштері бар инфрақызыл камералар орнатылғанын, олар арқылы дене қызуы көтерілген адамды 15 метр қашықтықтан табуға мүмкіндік беретіндігімен танысты. Мамандар алдағы уақытта да Түркістан өңірінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар әріқарай өз жалғасын табатынын айтып өтті.