Қанжар сұқса қан шықпайтын «темір адам»
Қанжар сұқса қан шықпайтын «темір адам»
371
оқылды

Павлодар қаласының тұрғыны Жеңісбек Қадырұлы экстремал жанры бойынша «Темір адам» ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат иеленді.

Ол 2012 жылы «Аймақтар аламанына» қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. «Мәдениет майталманы» медалінің иегері. Омбы қаласының 300 жылдығында үш күн қатарынан өнер көрсетіп, «Батыр Жеңісбек» атанған. «Қазақстанның ерекше бес адамы» қатарына енген. Бүгінде Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде көпшілік ағарту бөлімінің маманы. Енді, міне, тылсым күш иесінің ерекше қасиеті жайында әңгімелесудің орайы келді. 


 женисбек1.jpeg

«Темір адам» ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына енуі


Жеңісбектің күші қайдан келді?


 Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, ерекше өнер ата-бабасынан дарыған. Себебі, ата тегінде батырлығы мен күш-жігерімен тарихта қалған. «Мәселен, Көбеген деген бабам 200 келілік тасты көтерген. Бозтай бабамыз аюды пышақпен жарып өлтірген. Міне, қанда бар тектілік. Бір жағынан, Алланың берген қасиеті», – дейді ол.

Ол 1972 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынның Қызылқайың ауылында дүниеге келген. Салмағы 5 келі болып туған екен. Алып сәбиді анасы көпке дейін ешкімге көрсетпей өсірген. «Тіл-көз тиеді» деп мені елге көрсетпеген. Өйткені алдымда егіз ұл тіл-көзден қайтыс болған. Араға 6-7 жыл салып барып дүниеге мен келіппін», – деген Жеңісбек анасының беріге дейін ұшықтағанын айтты. Өзі жеті ағайынның кенжесі екен.

 Алып күштің иесі

Жеңісбек өзінің алып күш иесі екенін білмеген. Бірақ үш жасында марқа қозыларды ұстап мінгенде, омыртқасын сындырып жібергенін естіген. 16 жасында Шәкірт деген ақсақалдың таңданғаны есінде қалған. Ол кезде жылқыны айдап әкеліп, бие байлағанда құлындарға шалма салып ұстайды екен. Бірде үлкен құлын үркіп, секіргенде Жеңісбек аттың үстінде отырып-ақ арқанды жібермеген. Оны көрген ақсақал «білегінде күшің бар екен» деп басын шайқап, таңданыпты.  Балалықпен ол оған мән де бермеген.

– 12 жасқа келгенімде түс көрдім. Түсімде ақ сақалды қария келіп, «Денеңнен ештеңе өтпейді. Пышақпен кессең, қан шықпайды. Ештеңеден қорықпа» деді. Анама көргенімді айтып едім: «Балам әлі биік шыңдарды бағындырасың. Бабаларыңның батыр болғаны ғой» деп жорыған еді. Сол кезде ерекшелігімді сездім, бірақ ешкімге көрсеткенім жоқ. Әйтеуір, бала кезімнен спортқа құмар болдым, – дейді ол.

Тісімен 32 келілік кір тасын көтереді

– Еденге жатып, маңдайыма кірпіш қойып, балғамен ұрып соғуы керек еді. Бірақ одан кірпіш сынбай қалғаны бар. Сол кезде ел «өлді, өлді» деп шу ете қалды. Орнымнан атып тұрып, сахнадан шығып кеттім. Бірақ еш жерім ештеңе болмаған. Маңдайымды кішкене жырып кеткені бар. Оны байқамай істегендіктен бе, әлде ұрған кісіге байланыста ма білмедім. Бірақ сол бір жағдайдың болғаны бар. Бұл алғаш кірпіш сындыртқаным еді. Басқа үлкен жарақат алғаным жоқ, – деген Жеңісбек шынының үстіне жатып, үстінен он шақты адамды өткізе алатынын жеткізді. 

Шегеге жатып, кірпіш құлақшыңға қойдырып, балғамен ұрғызып сындыру оған таңсық емес. Ол тіпті кеудесіне үлкен бетонды қойып, кувалдамен ұрғызады. Тісімен 32 келілік кір тасын көтерсе, екі шынашағымен екі 16 келілік кір тасын көтере алады. Міне, ол осындай өнерімен ел арасында белгілі. Айтуынша, бұл өнерімен той-томалаққа шықпайды екен.  

Денесін пышақпен кескілейді 

Жеңісбек тамағын пышақпен кесуді алғаш рет 1995 жылы Түркістанда Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына орай Оңтүстік Түркістан байқауында көрсеткен. Таңғалдыру бөлімінде ол сахнаға араны алып шығып, үстіне жатқан. Артынан пышақпен тамағын кесіп көрсеткен.

– Алғашында тамағымды пышақпен кескен кезде қорыққаным жоқ. Сахнаға шықтым да ешқандай дайындықсыз тамағымның екі жағынан кескіледім. Ештеңе кесілмеді. Сол кезде қалтамда бір пышақ жүрген, соны пайдалана салдым. Артынан тамағымда пышақтың ізі қалғанын көрдім. Бірақ ол 2-3 күнде орнына келді. Қазір де солай кескеннен кейін пышақтың ізі қалады, бірақ ол тез кетеді, – деген ол осыдан кейін бұл трюкті жасамаған екен.

Кейін 2012 жылы Жеңісбекке «бүкіл денемді кескілеп көрейін» деген ой келген. Содан «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауына қатысып, екі пышақпен денесін тіліп шыққан. Бұл өнерін көрген  марқұм Әшірбек Сығай «Өнердің биік шыңы деп осыны айтуға болады» депті. Міне, осыдан бастап Жеңісбек шақырған жерде денесін тіліп көрсете бастаған. Тіпті осы нөмірімен Асқар Наймантайевпен бірге гастрөлдік сапарға шыққан. Жоқ дегенді күніне екі рет көрсеткеніне ол еш қиналмаған. Айтуынша, бірде өз пышағын ұмытып кетіп, басқа жердің асханасындағы пышақпен кескен кезі де болған. Осы өнерімен Омбы қаласының 300 жылдығында үш күн қатарынан өнер көрсетіп, «Батыр Жеңісбек» атанған. Қазірге дейін ештеңе байқаған жоқпын. «Әлі де болса, із қуатын біреу дүниеге келер деген үкілі үміт бар. Бәрі бір Алланың қолында» деген ол әзірге кішкентайынан ештеңе байқамағанын жеткізді.  «Болашақта ыңғайын көрсем, тәрбиелеймін. Егер өзінің ыңғайы болмаса, оны күштемеймін», –дейді ол.  

https://youtu.be/oOAqzqNpQfE

Жеңісбек не жейді?

Жеңісбектің айтуынша,  уақыт болып жатса күніне жарты сағаттай денешынықтырумен айналысады. Көбіне суық сумен жуынады екен.  «Бірақ денемді кескілемеймін. Жай ғана жаттығу жасаймын. Әйтпесе, үйде көтеретін гір тасым да жоқ. Оны дайындықсыз да көтере беремін», – дейді Жеңісбек Қадырұлы. 

– Ет жеп өскен қазақтың баласымын ғой. Ұлттық тағамдарды жақсы көремін. Қымыз, шұбат іше беремін. Сорпаны бір ішсем 10 шақты кесесін бір-ақ ішемін, – деген ол жалпы күш-қуат беретін тағамдарды жей беретінін айтты.