Жамбыл облысында су қоймасы салынуы мүмкін
Жамбыл облысында су қоймасы салынуы мүмкін
фото: ашық дереккөз
168
оқылды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды. Министр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге өңірдегі су шаруашылығы  саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Тиімді суару жүйесі болмаса, суармалы жер көлемін ұлғайту мүмкін емес. Осындай суармалы алқаптарды 200 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылған. Бүгінгі таңда оның көлемі 110 мың гектарды құрайды. Ал, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң  бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артапақ. Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап Раис магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылық ішіндегі арналарынан келетін суға тәуелді. Бүгінде ондағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен, 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары  осы мәселені шешуге бағытталған, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта. Ұзындығы 8,4 шақырым болатын Исмаил магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде. "Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, облыс бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 млрд теңге несиесі  есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады", - делінген ақпаратта. "Қазсушар" РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев мәселелер қатарында Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын  8,5 миллион текше метрден 18,5 миллионға дейін ұлғайту, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, "Химпарк Тараз"ЖШС-нің тірек құрылысын жөндеу қажеттігін атап өтті. "Каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісі де өзекті. Мүмкін болса, барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажет. Бұл аздап қымбатқа түскенімен, бірақ ол ұзақ шыдас береді және су шығынын айтарлықтай азайтады", - деді Бердібек Сапарбаев. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Президент алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 миллионнан үш миллион гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін атап өтті. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дамыту мен шаруалардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін керек. Таратылған хабарламада «Талас пен Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр болатын Ақмола су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны - 4,8 млрд. теңге. Жобаның мақсаты – Темірбек станциясының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету, - делінген. Облыс әкімі қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текше метрге дейін ылғал жинау мүмкін екендігін ескеріп өтті. Мағзұм Мырзағалиев жобаны қолдап, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. "Ұсынылып отырған құрылыстың орнымен танысқаннан кейін каскадты типтегі нысанды құру туралы ұсыныс жасалды. Ондай үлгіде тиімділік екі есе артып, судан басқа электр энергиясы да  жеткізілмек. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемені қайта қарау, басқа да құжаттарға өзгерістер енгізу қажет. Су қоймасы құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылатын болды",  - делінген ақпаратта. Бердібек Сапарбаев пен Мағзұм Мырзағалиев каналдарды тазарту бойынша Байзақ ауданының механикаландырылған жасақтың қызметімен танысты. Жасақ 17 бірлік техникамен қамтылған. Олар Талас ауданындағы бесінші каналды тазартуға кіріскен. Механикаландырылған жасақ қызметінің нәтижесінде бұл жұмыс түріне тарифтер екі еседен астам көрсеткішке төмендеп, көптеген шаруалар суармалы суға қол жеткізе бастаған.