Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт
Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт
1,161
оқылды

Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев отандық және шетелдік журналистермен кездесіп, Қазақстан президенті сайлауының қорытындылары бойынша баспасөз конференциясын өткізді.

Мемлекет басшысы сайлаудың жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өткенін атап өтті. Оның мәліметінше, сайлау үдерісін 1 мыңнан астам халықаралық миссия өкіл­дері, сондай-ақ 40-тан астам елден келген шамамен 350-дей журналист бақылады.

Ал баспасөз конференциясына – 66, соның ішінде 22 шетелдік БАҚ атынан 107 тілші қатысты. Қ.Тоқаевқа 9 маусымда өткен президенттік аламанға, жеке басына, Қазақстанның ішкі және сыртқы саяса­тына қатысты 30-ға жуық сұрақ қойылды.

Жаңа сайланған Президент ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, сайлау науқанында өзге кандидаттар көтерген мәселелер жерде қалмайтынын, оларды шешу жолдары да ізделетінін хабарлады.

– Бұл сайлаудың бір ерекшелігі додада көп кандидаттың бақ сынауы болды. Сайлауға қатысқан 7 кандидатқа өзгеден ерекшеленетін, дара бағдарламаларын жария етіп, халыққа түсіндіруіне мүмкіндік берілді. Яғни, президент сайлауы ашық өтті. Үміткерлер мәлімдеген бастамалар мен ұсыныстардың ең ұтымдыларын, елге пайдалыларын Мемлекет басшысы ретінде өз жұмысым барысында міндетті түрде іске асырамын. Өйткені олар да біздің азамат­тарымыз. Демек, олардың айтқаны – биліктен талап етілетін істер, – деген Қ.Тоқаев үміткерлерге ой-пікірлерін ашық білдіргені үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де сайлау науқаны барысында еліміздің әр өңіріне барды, әр аймаққа тән мәселелерге қанықты. Осы орайда, тілшілер өңірлерге сапар барысында елге ортақ қандай түйткілді проблемаларды көңілге түйгенін сұрады.

– Аймақтарымыздың барлығын аралап шықтым. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Сонымен бірге, республикада түйіні шешілмеген ортақ мәселелер де жетерлік, олар жайын жақсы білемін. Атап айтқанда, медициналық қызмет сапасы, жа­лақының төмендігі, экология, ауызсу­мен қамта­масыз ету және басқалары. Бұл өзекті мәселелерді мен басты назарға аламын. Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп, міндеттер қоямын, – деді Мемлекет басшысы.

Ол ырғалып-жырғалып жүруге уақыт жоқтығына, бұл заманда әбжіл қимыл­дағанның ғана аты озып, шоқтығы биік болатынына назар аудартты.

– Жалпы, бүгінде ұзақ сөз сөйлеудің, көлемді баяндама жасаудың қажеті жоқ. Қазіргі кезде нақты шешімдер қабылдау маңызды. Халық бізден осындай жедел шешім күтіп отыр. Жұрт ұзақ сөзден шаршады. Президент ретінде осы стильде жұмыс істеп, күрделі мәселелерді шешу­мен айналысамын, – деді Қ.Тоқаев.

Журналистер Үкіметте қандай өз­герістер болатыны жайында да сұрақ қой­ды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Ата заңға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Парламент алдында ғана өз өкілеттігін доғаратынын еске салды.

– Қазір Үкімет отставкаға кет­пейді. Бірақ нысаналы түрдегі кадрлық тағайын­даулар жүргізіледі. Соның ішінде өзім уәде еткендей, Үкімет құрамына жаңа есімдер де, жастар да тартылатын болады. Менің ойымша, дарынды, қабілетті жас ма­мандарға үлкен мән беруіміз керек. Осыған байланысты «Пре­зиденттік кадр­лық тізім» дайындалады, оған барлық өңір­ден 300 адам кіреді. Біз бұл тізімді ұдайы жаңартып отырамыз. Басты мақсат – жастарды мемлекетті басқаруға тарту. Сайлау науқаны кезінде «Қазақ­стан­ның болашағы жастардың қо­лында» дегенді мен жаңылысып, не үгіт-насихат үшін айта салған жоқпын. Бұл, шынында, солай. Өмір заңдылығы. Демек, дәл осы бағытта жұмыс істейтін боламыз! – деді Мемлекет басшысы.

Ол өз жұмысында конструктивті диалогқа арқа сүйейтінін, дегенмен өзі­не сеніп тапсырылған жұмысты ілгері­летіп, өркендете алмағандарға немесе үйлесімді іске ірікті салатындарға қа­тыс­ты қатаң шаралар да қолданаты­нын қадап айтты.

Ақпарат құралдарының өкілдері сайлау күні ірі мегаполистерде кейбір азамат­тардың заңдастырылмаған шеруге шығып, тәртіп сақшыларына қарсылық біл­діргеніне тоқтала келе, халық сайлаған Президенттен бұлардың әрекетіне баға беруін өтінді.

Белгілі болғандай, заңсыз шеруге шыққандар тарапынан соққыға жығылған, жараланған үш полиция қызметкері ауруханаға жеткізіліпті.

– Сайлау қарсаңында мен барлық құқық қорғау органдарына барынша ұстамды болу туралы тапсырма бердім. Олар заңсыз шеру кезінде ұстамдылық танытты. Болашақта да тәртіп сақшылары өздерін осылай ұстайтын болады, – деді Президент.

Ол шеруге шыққан қазақстандық­тардың қарсы пікірлері де елеусіз қал­майтынына сендірді.

– Азаматтардың наразылығына келсек, осыған орай мен диалог фор­ма­сын ұсыну­ды қажет деп таптым. Қоғам­дық келісім комитеті құрылатын болады. Оның құра­мына қоғамымыздың әртүрлі то­бының өкілдері кіреді. Осы алаңда өзара еркін пікір алмаса аламыз. Менің прин­ципті ұстанымым сол, бір қоғамда алуан пікір болуы мүмкін, бірақ ол ұлттық бір­тұ­тас­тықпен ұштасып жатуы тиіс! – дей келе, Мемлекет басшысы «Әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» форматын ұсынды.

Сөз соңында Қазақстан Президенті сайлау үдерісін жариялап көрсетуге және оның ашық өтуін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін журналистердің бәріне ри­зашылық білдіре келе, осындай кез­десулердің дәстүрге айналатынын мәлім етті.