Елордада қоғамдық көлік қызметі қайта тоқтауы мүмкін бе?
Елордада қоғамдық көлік қызметі қайта тоқтауы мүмкін бе?
Фото: ашық дереккөз
133
оқылды
Елорда тұрғындары санитарлық нормаларды сақтамаса, қоғамдық көлік қызметі қайта тоқтауы мүмкін, – деп хабарлайды City Transportation Systems компаниясы. «Қоғамдық көлік 12 мамырдан бастап қатынай бастады. Әзірге желіде - қалалық бағыттар ғана. Автобус жүргізушілері қауіпсіздік шараларын сақтайды, яғни маска тағады, қолғап киеді және антисептик қолданады. COVID-19 жұқтыру қаупі әлі сейілмегендіктен, жолаушыларды қоғамдық көлікте бетперде тағып жүруге шақырған едік. Өкінішке қарай, барлығы ережені бір адамдай сақтай бермейді», - деді компанияның баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова. Оның айтуынша, 27 наурыздан 16 сәуірге дейін №1 автопарктің бір қызметкері ауырған адаммен байланыста болғандықтан, карантинге жабылған. «Егер де жағдай тағы қайталанса, қоғамдық көлік түгелімен тоқтауы мүмкін. Сол себепті елорда тұрғындарын өзінің және айналасындағы адамдардың денсаулығына бей-жай қарамай, санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз», - деді Оксана Лоскутова.