Түркия президенті Режеп Ердоған және Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісіне орай құттықтау жеделхатын жолдады.
Түркия президенті Қазақстанның алдағы дамуына сенім білдірді.
«Қазақстанның тыныштық пен тұрақтылық жолындағы қадамдарын одан ары жалғастыра түсетініне және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса беретініне күмәнім жоқ. Халықтар арасындағы тарихи және ежелгі достыққа негізделген Түркия-Қазақстан қарым-қатынастары Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жоғары деңгейге жетті. Осы орайда, елдер арасындағы қарым-қатынастарды барлық салада одан ары дамыту үшін жұмыс істеуге дайын екенімді атап өткім келеді» делінген жеделхатта.
Ал ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау жеделхатында: «Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануыңызға байланысты Үкіметтің және қытай халқының, сондай-ақ, жеке өзімнің атымнан жүрекжарды құттықтауым мен ізгі тілегімді білдіруді абырой санаймын.
Қытай мен Қазақстан тату көрші әрі стратегиялық әріптес саналады. Мен қазақ-қытай қатынасын тереңдетуге баса мән беремін. Осыған дейінгі мемлекет басшыларының эстафетасын қабылдай отырып, екі елдің тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуы үшін жаңа парақты ашамыз және Сізбен тығыз байланыс орнатамыз деп үміттенемін» делінген.