Сырымбек Тау – белгілі кәсіпкер, меценат. Өзі Yokohama және Triangle компаниясының Орталық Азиядағы ресми дистрибьюторы – Daco motors KZ компаниясының негізін қалаушы. Ол елдегі карантин жағдайына байланысты табысынан айрылған азаматтарға көмек қолын созып, қайырымдылық ақциясын өткізіп жүр.
– Сырымбек, ара-тұра қиналған жандарға көмектесіп тұрасыз. Бүгінгі карантин жағдайында біреу жомарттығын танытып жатыр, басқалар ашуға беріле бастады. Жалпы, қазақтың жанашырлығы, кеңдігі нарық заңы келісімен жойыла бастаған жоқ па?
– Қазақтың ол қасиеті жойылып кетеді деп ойламаймын. Біз жеті атамызды білетін ұрпақпыз. Осыны ұрпағымызға үйретіп отырсақ, бұл үрдіс үзілмейді. Әлемді жаулаған дерттен біздің де мемлекет шет қалмады. Бұл кез ұлтымыздың намысын қайрап, мемлекетіміздің бірлігін сынап тұр. Бір атаның баласындай осындай қиын-қыстау сәтте біз бірге екенін көрсетудеміз. Өз елін, жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанашыры бізде де жетерлік. Оның арасында айтып беретіндер де, айтпай беретіндер қаншама?! Бір білетінім, қазақтың жігіттері жомарттыққа келгенде ешқайсысы қол қусырып, қарап қалмайды. Қазақы санада өскен адам құндылықты жоғалтпайды. Ал ондай бизнесмендер барымен бөліседі.
[embed]https://www.instagram.com/p/B986-ufJ8Qq/?igshid=18cpq61ttd0wf[/embed]
– Туған күніңізде қала көшелеріне шығып, кездескен адамдарға бетперде тараттыңыз. Мақтааралдағы жағдайға да шет қалмай, өнер адамдарымен бірлесіп, атсалысудасыз. Оған қоса, басқа да қалталы азаматтарды осыған шақырып, насихаттап жүрсіз. Сізге үн қосып жатқан жандар бар ма?
– Әлем қазір Шыңғысханның әскері қоршауға алған Отырар секілді боп тұр. Қайда барсаң да, кіммен сөйлессең де, вирус жұғатындай қауіп. Мұндайда не істеу керек? Біздің дінімізде қиындық кезінде екі нәрсе жасалады дейді. Күнәларға тәуба ету, мол садақа беру. Әсіресе, садақа бәлені қайтарады дегенді жақсы білеміз. Осыған амал етіп, игі істі бастадым. Әл-ауқаты төмен отбасына бір реттік ас-ауқатын әпердік. Күндіз-түні аурулардың қасында жүріп, үйдің бетін көрмей жүрген медбикелерге қосымша жарты айлығын тауып беруге тырыстық. Блокпосттарда тұрған жігіттерді наурыз мерекесімен құттықтап, тамақтандырып, олардың көңілін көтеруге тырыстық. Осы ісімді қолдап-қолпаштағандар да жігіттер табылып, игі істеріміз әлі жалғасуда. Алла жазса, бұл сынақтан да аман-есен өтеміз.
– Жапония, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің деңгейіне жету үшін не қажет? – Олар озық ел қатарына жатады. Біз Азия елдері ішінен солардан үлгі алуымыз керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, көп еңбектенуіміз қажет. Олар 8 сағат жұмыс істесе, біз 10 сағат істеуіміз тиіс. Бізде бос уақыт көп. Оны болмайтын нәрсеге жұмсамай, өзімізді жетілдіруге арнаған жөн. Әйтпесе, олардың бізден ешқандай артықшылығы жоқ. Олар жетістікке тек тынымсыз еңбектің арқасында жетті. Ел ішінде оқып, талпынып шығып жатқан жастарымыз жоқ емес, бар. Соларға демеу болып, оларды көтеріп, басқаларға үлгі етуден неге қашамыз?![caption id="attachment_44379" align="alignright" > Сырымбек отбасымен бірге[/caption] –4 сыныптан сағыз сатып, бизнес бастаған екенсіз. Сол кезде кәсіпкер болатыныңызды білдіңіз бе? – Сағыз, значок сатып бастағанда кәсіпкер боламын деген ой кіріп те шықпады. Бірінші – Алланың, екінші – ата-анамның арқасында осы жағдайға жетіп отырмын. Олар мені «сен мынаны істегенің жөн» деп қыспақтаған емес. Алла да несібемді сол жақтан бұйыртқан болар. Ол кезде нарықтың күшейіп тұрған кезі. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей 6-7 сыныпта базарға шығып, неше түрлі нәрсе саттым. Онда қазіргідей базарда орын болмайтын. Таңғы алтыдан базарға барып тұратынбыз. Әйтеуір, 8 сыныпта жүргенде тырнақ алғыш сатып, жақсы пайда тапқаным бар. Қазіргі мөлшермен есептесем, 20 мың теңге болады.
– Бүгінде кәсіп ашу жайында бизнес тренингтер көбейіп кетті. Оның жас кәсіпкерлерге көмегі бар ма? Арасында ешқандай жетістігі жоқ адамдар осы арқылы ақша жасап жатқаны да бар. Бұған не дейсіз?
– Тренингтердің көбейгені рас. Бірақ оның бәрі бірдей жаман емес. Негізі тренинг қазақтың бойындағы ұяңдықты ашуға көмектеседі. Бастысы – тренингті кім және қандай деңгейде жүргізеді дегенге мән беру керек. Жалпы, біз шешен сөйлей алатын халықпыз. Сондықтан біз жақсы сөзге емес, жақсы іске көшуіміз қажет. Шынымды айтсам, шет елдегі тренингке қатысқаным болмаса, біздегі тренингтерге қатыспадым. Өз басым үлкен бизнесмендерден гөрі жас балалардан шабыт аламын. Олардың жүрегі таза, арам ойы жоқ. Өтірігі де болмайды. Олармен сөйлесіп, пікірлескен ұнайды. Өзім қай елге барсам да, сол елде оқып жүрген және сонда жұмыс істеп жүрген қазақ жастарымен кездесемін. Жастар арқылы өзіме тәжірибе жинақтаймын.