«Педагог мәртебесі туралы» заң аясында «Әдеп кеңесі» құрылады. Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңеске жергілікті атқарушы органдардың, ата-аналар қоғамдастығының, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілі мүше болады-мыс. Жалпы, кеңес құрамын қамқоршылық кеңесі сайлайды. Егер мектепте аталған кеңес жоқ болса, білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді. Әрине, басшылық педагогикалық және ата-аналар қауымдастығының пікірін ескеруі қажет. Жоғарыдағы жоба нақты бекіген жоқ. Өйткені мұғалімдер ата-ана алдында кеңеске түсуге қарсы. Бастаманы бірі «педагогке қысым көрсетудің жаңа тетігі» десе, екіншісі «мәртебемізді ата-ана алдында кеңеске салып көтермек пе?» деп ашынады. Бұл кеңес көп кеңестің қатарын толықтыра ма, әлде берері бар ма, ұстаздардан сұрап көрдік.
Мейіржан ТЕМІРБЕК,
«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– «Әдеп кеңесі» ашық үкімет порталында нормативтік құжаттар актісі бөліміне шықты. Жоба деп көрсетілгеннен кейін талдайтынын талдап, ұсынысымызды жібердік. Жобада ата-ана, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардан бір кісі мүше болады деп көрсеткен. Біз бұған үзілді-кесілді қарсы болып, ұсыныс жібердік. Ертеңгі күні мұғалімдердің әдебін ата-ананың қарап жатқаны қолайсыз жағдай. Министрлік бекіткен мұғалімнің «Педагогикалық әдеп қағидасы» бар. Соған сүйеніп жасап отыр. «Әдеп кеңесіне» мұғалімдер мүше болса, білім саласында мұғалім құқығымен айналысып жүрген қоғамдық ұйымдар кірсе деген ұсыныс білдірдік. Кеше Түркістан қаласы бойынша бір мұғалімнің ісіне араластық. Министрліктің үкімі шықпай, өңірде «әдеп кеңесі» жобасын «бекітіп» жіберген.
Мектептерде түрлі кеңестер жұмыс істейді. Кеңеске ата-ана емес, педагогиканың иісі мұрнына баратын, нормативтік құжаттарды білетін азамат кіргені жөн. Естеріңізде болса, Ақмола облысы Целиноград ауданы Қосшы ауылында мұғалімге кафеге барғаны үшін шара қолданған. Байқап қарасаңыз, қазір құл иеленуші дәуірі емес. Әдеп дегендегі қоғам көзқарасы «арақ ішпеу керек, темекі шекпеу керектен» ары аспайды. Біріншіден, мұғалім де адам. Жоғарыдағы оқиғада үстел басында арақтың ізі де болмаған. Суретке назар аударсаңыз құмыраны көресіз. Ал оның ішінде не барын ішіп көргендер ғана біледі. Нәтижесінде, шара қолданып, мұғалімге қатаң сөгіс берді. Оқытушыны мәжбүрлеген соң, өтінішін жазды да жұмыстан кетті. Осындай жайт орын алмасына кім кепіл? Сол үшін «Әдеп кеңесі» деп мұғалімнің әр ісіне шүйліге беретін болса, дұрыс емес.
Осы заң жобасы шыққанда дабыл қағып, алып тастауын сұрағанбыз. Егер педагог әдеп нормасына жат іс-әрекет жасаса, Әкімшілік кодекс, Қылмыстық кодекс пен Азаматтық кодекс бар. Осы арқылы тек педагогті ғана емес, кез келген адамды жауапқа тартуға болады. Мысалы, ата-ана немесе оқушы мұғалімге тіл тигізсе арнайы айыппұл төлейді. Мұғалімге де сондай айыппұл қарастырылған. Құдай бетін ары қылсын, бірақ мектепте оқушыға бірдеңе болса, 10 күнге дейін қамауға алынады немесе 20 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Осыны Әкімшілік кодекске кіргізді. Тура сондай бап Қылмыстық кодексте де тұр. Ол жерде 40 күнге дейін қамауға алынады деп жазылған. Мұндайда дубль жасамай, біреуін ғана қалдыру керек еді.
Айман САҒИДУЛЛА,
«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ұстаз:
– Негізі, «Әдеп кеңесі» мүлдем қажет емес дүние. Себебі мектепте жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында қандай да бір мәселе туындайтын болса, оған Еңбек кодексінде көрсетілген Келісім комиссиясы бар. Келісім комиссиясына арыз жазу арқылы мұғалім істі сотқа жеткізбей шешуге болады. Келісім комиссиясы шешпей жатқан жағдайда ғана сотқа жүгінуіне болады. Былтыр заң жобасы дайындалып, талқылауға шығарылғанда мұғалімдер қарсы болғанбыз. Бірақ өкінішке қарай, заңға енгізіліп кетті.
Мұғалім тәртібін ата-ана тексеріп, тағдырын шешетін болса, бұл – дұрыс емес. Мұғалімнің мәселесі «Әдеп кеңесінде» қаралғанын ата-ана көреді. Ол басқа ата-анаға, танысына, баласына айтпай ма? Ата-ана алдында мұғалім тәртібінің қаралуы ұят нәрсе. «Әдеп кеңесі» мектеп жанынан құрылғандықтан, қысым жасайтын ұйымның біріне айналып кетпесе дейміз. Мұғалім үні жоғары жаққа жетіп жатыр. Министрліктің кеңес құрамын өзгертетін ниеті бар. Алдағы уақытта «Әдеп кеңесінің» құрамы бекітіледі.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
Шымкент қаласы
№41 мектептің тарих
пәні мұғалімі:
– Жалпы, мектепте кәсіподақ бұрыннан бар. Олар көбінесе мектеп директоры мен басшылықтың айтқанымен жүретіні жасырын емес. Енді «Педагог мәртебесі» заңы бойынша «Әдеп кеңесі» құрылатын болды. Оны білім беруге уәкілетті орган өзі құрады. Яғни, мектеп басшылығы құрады. Мектеп басшыларының ішінде адалы да, басқасы да бар. Олар жақтастарын жанына топтап, ойын ашық айтатын ұстаздарға қысым көрсете ме деген қауіп бар. Не істерімізді білмей отырмыз. Заң қабылданып кетті, ал қоғам үнсіз отыр. Арамызда жанталасып жүрген он шақты мұғалім бар. Ата-ананың біразы әлі заңмен толық танысқан жоқ. «Әдеп кеңесі» еркін ойлы мұғалімді тұсап тастай ма деп ойлаймын.
Ұстаз ретінде кеңес құрамына ата-ананың кіргеніне емес, мектеп директоры мен уәкілетті органның құрғанына қарсымын.
Гүлнәр МАНСҰРҚЫЗЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы
Ата-аналар қоғамдастығының төрайымы:
– Қазір «Педагог мәртебесі» заңы бойынша «Әдеп кеңесін» жасақтап жатыр. Әрине, бұл жерде мұғалімнің де, ата-ананың да құқығын қорғау үшін кеңеске ата-ана мүше болуы қажет. Бірақ педагогикадан, физиологиядан, психологиядан хабардар, тәжірибесі мен білімі бар ата-ана болса, құба-құп. Заңнан да хабары болғаны абзал. Осыған психологиялық жағынан қоғам дайын ба? Ата-ана мұғалімге баға бере ала ма? Бұл заңмен ұстаздың құқығын қорғау емес, керісінше шектеу қойғандай әсер қалдырамыз. Аталған мәселеге назар аударған жөн. Субъективті түрде емес, объективті түрде қарау керек. Жалпы, ақпаратты министрлік, қоғам қайраткерлері мен қоғам белсенділері халыққа түсінікті етіп жеткізсе екен. Мұғалімнің тәртібін «Әдеп кеңесінде» қарау үшін қоғамның санасы соған жетуі керек.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ