Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ: Елімізде донор тапшы
Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ: Елімізде  донор тапшы
226
оқылды

Бүгінде елімізде донор тапшы. Ал ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар күн сайын көбейіп жатыр. Біріне – бүйрек, енді біріне жүрек керек. Туысқандарының органын салудан бөлек, мәйіт донорлығы деген бар. Қазақстанда донорлықтың бұл түрі 2009 жылдан бері ресми түрде рұқсат етілген. Осы заңның аясында мемлекет аумағында қаза тапқан адамның ағзасын дәрігерлер мұқтаж пациентке салуға құқылы. Көзі тірісінде «дене мүшемді алуға тыйым саламын» деген құжат қалдырып кетпесе, донор болуы бек мүмкін. Мәйіттің ағзасын салуға қатысты көп сауалға Ұлттық ғылыми онкология орталығының аймақтармен жұмыс бойынша координаторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев жауап берді.

– Заңда мәйіттің ағзасын алар­да туыстарының рұқсатын алу мін­детті емес делінген. Бұған көпші­ліктің қарсы шығатыны да түсінікті. Келісім презумпциясы қаншалықты дұрыс әдіс деп ойлайсыз?

– Егер адам тірі кезінде өзі мәйіт болған соң ағзама тимеңіз десе, оған ешкім қол ұшын тигіз­бейді. Қолхат жазылмаса, дәрі­герлердің шешімімен ағзаларын алуға рұқсат. Әдетте, донорлыққа рұқсат бергісі келетіндер учаскелік дәрігеріне барып, мәйіт донорлы­ғына келісім беретінін жеткізеді. Одан кейін толық тексеріс жүр­гі-­зіліп, қолхаттың бір нұсқасы – координациялық орталыққа, екін­шісі туысқандарына жолдана­ды. Донорлық туралы мәліметтер базада сақтаулы, жабық күйде болады. Жоғарыда атап өткенім­дей, заңда туыстарының рұқса­тын­сыз алуға болады. Дегенмен біз небәрі 18 миллион тұрғыны бар, енді дамып келе жатқан ел­міз. Сондықтан жақындарымен келісіп жасаған дұрыс деп санай­мыз. Мәйіттің туыстарымен тіл­де­сіп, жағдайды түсіндіруге тыры­самыз. Тірі адамнан гөрі мәйіт донорлығы тиімдірек. Өйт­кені оның бірнеше ағзасын алып, көп адамның өмірін сақтауға болады.   

– Өлген адамның ағзасы түкке жарамайды деп ойлаушы едік. Осының басын ашып алсақ. Миы істен шыққаны толық көз жұмды дегенді білдірмейді ғой?

– Қазақстанда донор болудың екі тәсілі бар: тірі адам және мәйіт. Екінші жағдай туралы сұрап отыр екенсіз, түсіндіріп өтейін. Мәйіт деп миы өлген кезден саналады. Бірақ басқа ағзалары әлі де жұмыс істеп тұрады. Негізі миы істен шыққан соң әрі кетсе 3 тәуліктен кейін басқа органдар да өледі. Өйткені оған дейін олардың барлығы аппарат пен дәрінің күшімен ғана тұрады. Мәйіт деп танылған соң бірден туыстарымен сөйлесіп, ескертеміз. Міндетті түрде алдымен экспертиза жаса­лып, қай ағзасының сәйкес келетіні анықталады. Көбіне өлімі дереу келгендердің органдары алынады. Яғни, жарақат алса, миына қан кету сияқты жағдай­лар­ды жедел өлім дейміз. Ондай кезде заңға сәйкес, аутопсия жасалады. Бұл – мәйіт сойылып, неден екенін анықтау процедура­сы. Содан барып оның пайдаға асатын ағзаларын мұқтаждарға салу жағын қарастырамыз.

– Трансплантация жедел жасал­маса, орган кәдеге жарамай қалады. Алынған ағзаны қанша уақыт ішінде салып үлгеру керек?

– Бізде арнайы ерітінділер бар. Оны консервант дейді. Мәйіт ағзасын алғанда, мысалы, жүректі тоқтатпай аламыз. Бірден аппа­рат­қа қосылады. Өкпе сынды ағза­ларға консервация жасалады. Яғни оларды қатырмайды, +4 градустық ерітіндіде сақтайды. Мұндай температурада ағза ұйық­тап жатады. Мұны парабиоз жағ­дайы дейді. Сол жағдайға келті­ріп, ұйықтатамыз. Негізі адам азғасы 40 градусқа дейін қалыпты жағдайда қызметін атқара береді. Одан асқанда протеиндер ұйиды, орган жұмыс істей алмай қалады. Ал енді консервация жасалған ағзаны саларда қайтадан жылы­тып, «оятады». Негізі транспланта­ция 12 сағат ішінде жасалуы тиіс.

– Әр адам міндетті түрде келісе­­тін не тыйым салатындай етіп жасауға бола ма? Құжатта таңба тұрса дегендей.

– Әлемде түрлі тәжірибе бар. Ол жан-жақты зерттелген. Мысалы, жүргізуші куәлігіне белгі салу туралы айтайық. Куәлік алар­да донорлық туралы сұра­лады. Дамыған елдерде бұл үрдіс біраз жылдан бері бар. Біз бар болғаны 2012 жылдан бастап айналысып келеміз. Басқа елдерде құжатқа белгі салу енгізілгенімен, біз жаппай енгізе алмаймыз. Өйткені оның бір қиын тұсы – адам құбылып тұрады. Кешегі шешімімен бүгін келіспеуі мүм­кін. Ол кезде куәлікті қайта жасатып жүру – қосымша жұмыс. Егер қазір мұндай сауалнама жасайтын болсақ, 20 пайызы ғана келісім береді. Себебі, әлі мәде­ниет қалыптаспаған. Негізі ағза өлген соң көп болса, 5-6 жыл сақталады. Кейін еріп, тек сүйегі ғана қалады. Қытайда мынадай әдіс болған. Қазір қаншалықты қолданылып жүргенін білмеймін. Ату жазасына кесілген адамның ағзасын алады. Бірінші бастан атылады, миы өлген соң басқа ағзаларын кәдеге жаратады.

– Медицинаның дамуы сол елдегі трансплантацияның деңгейі­мен өлшенеді деседі. Басқа елдердің көрсеткіші қандай?

– Көршілес елдерге келсек, Қырғызстан, Түркіменстанда жасалмайды. Өзбекстанда енді қолға алынып жатыр. Ресей мен Қытайда жасалады. Ал енді даму жағынан АҚШ, Еуропа елдері көш басында. Жеті жыл ішінде Қазақ­стан­да 1 667 адамға опера­ция жа­сал­ған. Бірақ мұқтаж жан­дар­дың саны – 2 759. Оның ішінде 96-сы – бала. 2 320-сына – бүйрек, 316 адамға – бауыр, 114-не жүрек ауыстыру керек. 8 адамға өкпе, 1 адамға өкпе мен жүрек қажет екен.

– Донор болуға ынталандыру­дың қандай әдісін ұсынасыз?

– Бұл үшін бесіктен бастап тәрбие беру керек. Біз – көпұлтты мемлекетпіз. Қаншама діни кон­фессия бар. Яғни, әркімнің ойы әртүрлі. Мына қызықты қара­ңыз, донорлардың 80 пайызы – солтүс­тік­тен. Келісім беретін көбіне басқа ұлт өкілдері. Ал оңтүстік, батыс жақта көрсеткіш – 0. Бірақ ең көп тапшылық осы өңірлерде байқалады. «Орган керек, тауып беріңізші» деп келеді. Оларға «айма­ғыңа бар, өтініш жаса. Донор болуға үгітте» деп жауап беремін. Бізде ынта өте төмен.

– Көпшілігі мәйіт деуге қимай, тіріліп кетер деген үмітте болады емес пе?

– Әрине, оның бәрін түсінеміз. Бірақ құтқару мүмкін емес болып жата­ды. Ондайда туыстарға айт­саң, «емдегісі келмей жатыр, бір шенеу­нікке орган керек бол­ға­ны ғой» деп ашумен түрлі нәрсе айта­ды. Елімізде енгізілгені­не аз ғана уақыт болды. Сондықтан дұрыс түсі­нік қалыптаспай жатыр. Әлі де дұрысталып кетеді деп ойлай­мын.     

Тақырыпқа тұздық: Қазақ­станда «Келісім презумпциясы» ая­сында атқарылады. Әлем бо­йын­ша бұдан бөлек «Келіспеу презум­пциясы» жүйесі де бар. Алғаш­қысы Испания, Австрия, Бель­гия, Франция, Италия, Пор­туга­лия, Финляндия, Норвегия, Польша сынды елдерде бар. Яғни, біздегідей дәрігерлерге мәйіт азғасын алуға еркіндік берілген. Екінші жүйеде, яғни келісетінін сұрау міндеттелген жүйе АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Нидер­ланды, Австралия, Швей­ца­рия, Жаңа Зеландияда, Жапо­ния­да жұмыс істейді. Америкада келі­сім презумпциясы болмаға­ны­­мен, онда үгіт-насихат жұмысы қар­қын­ды. Бала кезден транс­план­­тация туралы ақпарат беріле­ді. Содан барып әркім ерікті түрде келесі бір адамға көмектесуге даяр тұрады. Біздегі ахуал одан басқа­ша. Өйткені ағза ауыстыру туралы толық түсінік қалыптаспаған. Айталық, 2017 жылы дәрігерлер шешімімен ағзасы транспланта­ция­­ланған туысы туралы естіген­дер медицина қызметкерлерін сотқа берген. Алайда барлығы заң аясында жасалғандықтан, дәрі­гер­­лердің пайдасына шешілген. Мәйіт донорлығына қарсы тарап­тың айтар уәждері де ойға қоным­ды. Туыстарының рұқсатынсыз ағза ала беретін болса, заңсыз сауда күшейеді деген қорқыныш бар. Дәрігерлер өлім аузында жатқан пациенттің жақындарына бір мәйіттің ағзасын ақшаға тауып беруі мүмкін деп сезіктенеді. Онсыз да ақ халаттыларға деген сенім аз кезде, бұл одан сайын өрші­туі мүмкін. Медицина ма­ман­дарының пікірі белгілі – елде трансплантацияны дамыту керек. Діни сеніміне байланысты қарсы келетіндер де бар. Дегенмен ислам республикасы саналатын Иранда ағза мәйіт донорлығы жақсы дамыған. Әсіресе, Аятолла Хомей­ни өлген соң органдарын алу­ға рұқсат еткеннен кейін тіпті қатты қарқын алған. Сондай-ақ Испа­ния­дағы католик шіркеу­ле­рінде «Құдайға сендердің жанда­рың керек. Азғаларыңды жерде қалдырыңдар» деп жазылып тұра­ды екен. Осы ретте ҚМДБ қандай пәтуа шығарды деген сұрақтың тууы заңды. Ғұламалар кеңесі шығарған «Пәтуалар жинағында» өлі ағза мүшелерін тірі адамға көшірудің бес шарты көрсетілген. Бірін­шіден, өлім хәлі нақты болуы керек. Одан кейін азғаны ауыс­тыруға зәру болуы, ағза алмастыру­дан басқа амалдың болмауы қажет. Ағза беруші өз еркімен өлгеннен кейін мүшесін өсиет етіп қалдыруы тиіс. Өліден тіріге ауыстырғанда ұрпақ тарату жүйесіне байланысты болмауы шарт. Мұндай ота мемле­кеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы керек деген шарттар бар.