5G және Қазақстан
5G және Қазақстан
242
оқылды

Мамыр айында Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанда 5G қолданысқа енгізу бойынша жиналыс өткізіп, жаңа технология көмегімен цифрлық экономика мүмкіндіктерін арттыру мәселесін талқыға салды. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, Қазақстан жаңа желіні іске қосуға кіріскен АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария, Эстония сияқты мемлекеттердің ондығына кіреді. Қазақстан территориясын жыл соңына дейін 5G технологиясымен қамтуға бағытталған пилоттық жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге аспақ. Жоспар бойынша, 5G байланыс желісі 50 мыңнан көп тұрғыны бар елдімекеннің барлығына тартылады.

5G – қазір қолданыста жүрген 4G орнына келетін ұялы байланыстың бесінші толқыны. Мұндағы қысқартылған G сөзі «generation» – толқын, буын деген мағынаны береді. Ең алғашқы 1G желісі 1984 жылы қолданысқа енді. 3G, 4G, 5G арасындағы негізгі айырмашылық деректерді жіберудегі жылдам­дыққа негізделген. Қарапайым тілмен айтқанда, әр жаңа толқын сайын мобильді интернет дерек­тер­ді бұрынғыдан жылдамырақ өңдеп, оның жұмысы жетілдіріліп отырады. Мысалы, 3G кезінде интернет жылдамдығы 3,6 Мбит/с, 4G-да 1 Гбит/с болса, 5G-дың іске қосылуымен желіде ақпарат алмасу жылдамдығы 20 Гбит/с дейін қысқарады.

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында ақпарат және байла­ныс саласына бөлінген инвес­тиция 21,8 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27,5% көп. Бұл саладағы инвес­ти­цияның көп бөлігі Алматы қаласының үлесіне тиесілі 8,1 млрд теңге). Алматы­дан инвес­тиция көлемі бойынша көшбас­шылар қатарына Нұр-Сұлтан қаласы (3,8 млрд теңге) мен Солтүстік Қазақстан облысы (2,7 млрд теңге) кіреді.

Халықаралық International Data Corporation ұйымы жүргізген зерттеулерге сәйкес, 2019 жылы әлемде 5G-мен жұмыс істейтін 6,7 млн смартфон нарыққа шы­ғады. Бұл әзірге барлық смарт­фондардың небәрі 0,5% құрап отыр. Қолданыстағы теле­фондар­дың шамамен барлығы дерлік (95,4%) 4G интернет желісінде қызмет көрсете алады. Олардың жалпы саны – 1,3 млрд дана.

Сарапшылар 2023 жылға қарай 5G смартфондарының саны артып, нарықтың 26%-ын (401,3 млн дана) жаулап алады деп болжайды. Бұл 4G смартфон­дарының үлесін 71,7%-ға дейін қысқартады. Ал әлі де 3G желісіне қосылған смартфондар 2023 жылы нарықтың бар-жоғы 2,2% еншісінде сақтап қалады.


Сәуір айының соңында ranking.kz жариялаған деректер бойынша, мобильді интернет абоненттерінің саны өскені байқалған. Мәселен, наурыз айының аяғына қарай елде 14,6 млн мобильді интернет абоненті болған. Бұл мобильді интернет қолданушылар саны бір жылда 7,2% артқанын көрсетеді.

5G форматының тестілік нұсқасы 2018 жылы 23 сәуірде оңтүстік-батыс Қытайдағы Чун­цин мегаполисінде танысты­рыл­ды. Оңтүстік Кореяда өткен Пхенчхан қысқы олим­пиадасы кезінде KT мобильді операторы Ericsson компания­сымен бірлесіп 5G желісін тестілеуден өткізді. Желіні тестілеу кезінде қойылған Interactive Time Slice видеоде­монстра­циясы Олимпиа­да­ның ең үздік бағдарламасына айналды.

Өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2019 жылдың ортасынан бастап Қазақстанда 5G технологиясы енгізіле бастайды деген жаңалық­пен қуантқан еді. Ізінше сол кезде­гі президент Нұрсұлтан Назарбаев та ТМД көлемінде 5G технологиясын бірлесіп дамыту­ды ұсынды.

– Технопарктер интеграциясы мен бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру ТМД аумағында жоғары технологиялық өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді. Батыс елдері 5G форма­тын­дағы интернетті белсенді қолданады, онсыз жасанды интеллект қызметін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бізге 5G дамыту­ды қолға алу керек. Біз мұны жекелеген елдер болып жасай алмаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның осы бағытта мақсаттары барын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та айтқан. Ол «Елде 5G енгізуге салынған инфрақұры­лымды ішкі нарықтан бөлек, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияны Каспий теңізі арқылы Еуропамен байланыстыратын телекоммуникациялық ма­гис­тра­ль жобасына қолдануға болады. Бұл жоба Еуропа мен Азияның ақпарат алмасу орталықтарын байланыстырып, Қазақстан, Қытай, Грузия, Әзірбайжан, Түркия мен Германия территория­сын қамтиды» деді. Министрдің айтуынша, 2018 жылы 1 250 ауылдық елдімекенде 20 мың шақырымға созылатын талшық­ты-оптикалық байланыс желісі­нің құрылысы басталған. Бұл аймақтарда 2,5 млн қазақстандық тұрады. Бірақ 5G-дан бұрын 4G байланыс желісі әлі жетпеген ауылдар да бар. Мәселен, 2021 жылға қарай 3 мыңға жуық ауылға 4G интернеті қосылады. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар Павло­дар және Қостанай облыстарында жүргізілмек.