Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту және оларды кооперациялау есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті. Кооперация мәселесінің алғаш рет осыншалық жоғары деңгейде айтылғаны бізді қуантады және үлкен үміт тудырады. Қазіргі уақытта барлық дамыған елдер ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдаланады, бұл ауылдық жердегі еңбек өнімділігін арттыруға және қала халқын сапалы және арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар ауылда жүйелі негізде тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Әрине қазіргі заманғы агротехнологияларды жеңіл және жылдам енгізетін ірі және орта шаруашылықтардың өндірісін қарқынды дамыту да маңызды. Бірақ бізде бүгінгі таңдағы шынайы жағдай мынадай: мал шаруашылығы өнімінің 70 пайызы және өсімдік шаруашылығы өнімінің 30 пайызы жеке шаруашылықтарда өндіріледі. Сондықтан біз жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана аламыз және пайдалануға тиіспіз.Айта кету керек, АӨК-дегі кооперативтік қозғалысты дамыту, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы мәселесі бұрыннан көтерілуде. Оларды нақты тәжірибеге енгізуге бірнеше рет әрекет жасалғанын да мойындау керек. Өкінішке қарай бұл қадамдардың барлығы осы уақытқа дейін қалағанымыздай нәтижелерге жеткізілмеді. Мұның себебі неде? С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары жүргізген талдаулар көрсеткендей, үстірт, шалағай көзқарас, жергілікті жерлердегі нақты жағдайдан бейхабарлық, орын алған мәселелерді шешуге кешенді тәсілдің жоқтығы – олардың негізгі кемшіліктері болды. Нәтижесінде, мұндай олқылықтар кооперация идеясының беделін түсірді. Осыдан кейін ауылдықтардың бірлескен қызмет түріне деген сенімсіздігі қалыптасты. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын алайық. Барлығыңыздың есіңізде, бізде үлкен қаржы жұмсалып, сүт кооперативтерін құру есебінен және шағын сүт қабылдау пункттерімен қамтамасыз ете отырып, сүт өндіру көлемін бірден ұлғайтып, оның сапасын арттыру көзделген еді. Алайда бүгінде мұнда қордаланған мәселелер баршылық. Шағын сүт қабылдау пункттерінің және сүт блоктарының негізгі бөлігі тоқтап қалды немесе толық жұмыс істемейді. ЖҚШ-да сүт өндірудің көлемін күрт өсіруге қол жеткізе алмадық, ал сүт сапасы белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін деңгейде қалып қойды.
Бұл жерде бірінші кезекте жем-шөптік база проблемасын шешіп алмай, жұмысты сүтті суыту мен өткізу мәселесінен бастағаннан қателік орын алды. Халық даналығында: «Сүт – сиырдың тоқтығында» деп бекер айтылмаса керек.Бүгінгі таңда ЖҚШ жазғы кезеңде жайылымдардың жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Қоғамдық табынды жаю үшін бөлінген ауылдық елді мекендердің жерлері, негізінен, шамадан тыс пайдалану салдарынан қалпына келтіруге келмейтіндей жағдайға жетіп, азып-тозған. Ал малды қорада ұстау кезеңінде жем-шөпті дайындау мәселесі әлі де қиын. Көптеген елді мекендерде шабындық алқаптарының болмауына байланысты мал иелері шөпті нарықтық бағамен сатып алуға мәжбүр болады. Әрине, бұл олардың қызметін тиімсіз етеді. Келесі мәселе – өнім сапасына ғана емес, оның өзіндік құнына тікелей әсер ететін заманауи технологияларды ЖҚШ-ға енгізу мүмкіндігінің жоқтығы. Сонымен қатар, өнімді өткізу мәселесі де бар. Сондықтан, ЖҚШ-ны кооперациялау аталған сұрақтарды кешенді шешуге бағытталуы тиіс. Тек сонда ғана ауыл тұрғындары кооперацияның артықшылығы мен тиімділігін сезінеді. Дәл осындай нақты жағдайларды ескере отырып, біздің университет ғалымдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржылай қолдауымен, «Ақмола облысы Ақкөл ауданы мен Степногорск қаласының жекелеген ауылдық округтері үлгісінде оларды кооперациялау негізінде жеке қосалқы шаруашылықтардың кірістілігін арттыру» атты пилоттық жоба әзірледі. Аталған жоба кооперация аясында ЖҚШ-ның қазіргі проблемаларын шешуді кешенді қарауымен маңызды. Алайда бұл міндетті жаңадан құрылған кооператив бірден іс жүзінде шеше алмайды. Біріншіден, барлық жерде жергілікті атқарушы органдардың жер қорларында тұтас жер алқаптары дайын болмады, сондай-ақ жаңадан құрылған кооператив өзінің шаруашылық қызметін ыңғайлы жүргізе алатындай елді мекендерге жақын жер жоқ. Екіншіден, кадрлар дайын емес. Үшіншіден, дайын өндірістік инфрақұрылым мен техникалық парк болмады, ал олардың жаңа құрылысы мен сатып алынуы елеулі қаражатты талап етті (олардың қайтарымдылығы да жаңа кооператив үшін қиын болар еді), ал үлкен мөлшерде несие алу, тиісінше оның мүшелеріне қиындық келтіреді. Сонымен қатар мұндай несиелендіру үшін қолайлы кепіл базасының болмауы қосымша сұрақтарды туғызар еді. Ал көрсетілген мәселелердің барлығы осы уақытқа дейін ауылда кооперацияны дамытудың тежеуші ықпалдары болып отыр. [caption id="attachment_44518" align="alignnone" width="1200"]
Кооперацияның бұл тәжірибесі Мемлекет басшысының ауылдық кооперацияны дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қойған міндеттерін іске асыру кезінде пайдалы болуы және пайдаланылуы мүмкін деп ойлаймыз. Әсіресе, бұл ауылдардағы кооперацияны дамыту бойынша ел Президенті айтқан «фермадан сөреге дейін» пилоттық жобасына қатысты.Өйткені, жергілікті жерлердегі нақты жағдайды ескере отырып құрылған өміршең кооперативтерсіз «фермадан сөреге дейінгі» тізбекті құру мүмкін емес. Егер қазіргі уақытта ішкі нарықтағы мал шаруашылығы өнімінің 67% ЖҚШ үлесіне тиетінін ескерсек, онда біз жоғарыда аталған кооперативтер түріндегі осы тізбектің мықты бастапқы буынын қалыптастыруға тиіспіз. Онсыз соңғы уақытта құрылысы көп айтылып жатқан көтерме азық-түлік базарлары мен көтерме-тарату орталықтары импорттық өнімдерге толады. Сондықтан, ауылдық кооперацияны дамыту жедел қарқынмен және осындай базарлар желісін құрудың алдында болуы тиіс. Кооперацияны дамыту мемлекеттік қолдау шараларын қажет ететіні түсінікті. Бүкіл әлемде кооперативтік қозғалыс көптеген жеңілдіктер мен тікелей мемлекеттік қолдауды пайдаланады. Ал бізде осы уақытқа дейін кооперативтерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін заңнамалық база жоқ екенін мойындау керек. Тіпті, ЖҚШ қызметін реттейтін заңнамалық база да жоқ. Сондықтан дамыған елдердің тәжірибесін пайдалана отырып және табысты отандық тәжірибеге сүйеніп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, бізге ЖҚШ қызметіндегі әлеуетті барынша ашу қажет. Бұл ауыл шаруашылығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ғана емес, бұл – уақыт талабы.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры.