Балалар кинофестивалі өтті
Балалар кинофестивалі өтті
272
оқылды

Қостанайда Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық кинофестиваль өтті. Бұл жайында ҚазАқпарат хабарлайды.

Мұндай шара елімізде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Кино фестивалінің қатысушылары бұған дейін аудан-қалалық және облыстық кезеңдерде іріктеуден өткен. Көрермендерге бас-аяғы 134 оқушының туындылары ұсынылды.

«Балалар өз қиялын қойылымдар арқылы шебер суреттей білген. Айта кететін жайт, жасөспірімдер көбіне ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балалардың тұрмыс тауқыметіне, жасөспірімдерге арналған гаджеттің әсеріне, достық, жалғыздық тақырыптарына ерекше назар аударыпты. Олар өз туындылары арқылы өлкетану бағыты бойынша туған жерге үлес қосуға ұмтылыстары мен сананы жаңғыртуда ұлттық кодты басымдықта ұстанатынын да байқатты. Жас өскіннің бұл байқау арқылы шығармашылық ой-қабілеті дамып, кино мәдениетіне деген қызығушылығы артатыны сөзсіз», - дейді қазылар алқасының мүшесі Шұға Қоңқабай.  

Үміткерлер деректі фильм, әлеуметтік жарнама, ойынды кино, видео арт-бейнеролик, анимация, музыкалық клип, stop-motion-видео, «Ералаш», киножурнал сынды 9 жанрда жұмыс тапсырған. Ережеге сай, қатысушылар цифрлы технологияның көмегімен түсірілген 3 минутқа дейінгі қысқаметражды фильмдерін ұсынды.

ҚР БҒМ республикалық қосымша білім беру, оқу-әдістемелік орталығының сарапшысы Әсемгүл Нұрланова кино фестивальдің маңызына тоқталды. «Фестивальдің негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық деңгейін, олардың танымдық кеңістігін байқау. Бұл жерде балалар жергілікті жердегі түрлі мәселелерді экран арқылы жеткізе білді. Бір жағынан олар өздеріне ұнайтын іспен айналысып, айналадағы кейбір жағымсыздықтардан бойларын аулақ ұстаса, екіншіден, өнердегі шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндік алды», - деді ол.  

Екі күнге созылған байқау қорытындысына облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Түркістан облысы, үшінші орынды Қостанай облысы иеленді. Сондай-ақ, видео-арт-бейнеролик, анимация, музыкалық клип, stop-motion-видео, «Ералаш», киножурнал номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. 


Нәзира Бектасова