Шымкент қаласында соңғы екі күнде қатерлі дерт жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Бір күнде 77, ертесіне 60 жағдай тіркелді. Инфекцияның өсуі негізінен кәсіпорындар мен ұйымдарда көбірек байқалады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр атап өтті. Екі күнде тіркелген 137 жағдай Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан анықталған. Жалпы "Петро Қазақстан Ойл Продактс" ЖШС-нің 654 қызметкеріне коронавирус инфекциясына қарсы диагностикалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, оларды тестілеу кезінде инфекция жұқтырған 137 адам анықталып отыр. Оның 96-ы компания қызметкері болса, 12-і қосалқы мекеме қызметкерлерінен табылған. Ал, 29-ы аталған қызметкерлермен жақын қарым қатынаста болған азаматтар. Ербол Әбілхайырұлы коронавирусқа қарсы скрининг тексеру жұмыстары қоғамдық көлік қызметі өкілдері арасында да жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, қауіп тобындағы контингентке жоспарлы тестілеу жүргізілмек. Олардың қатарына медициналық қызметкерлер мен COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары қызметкерлер, созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған азаматтар жатады. Бүгінгі таңға дейін қалада 16 552 адамнан тұратын тестілеуге арналған контингент анықталған. Қазіргі таңда тестілеуге жататын контингентті қамту 40 пайызды құрап отыр. Айта кетсек, бүгінде Шымкент қаласында 183 пациент коронавирустан сауығып, үйлеріне шығарылып, 216 адам стационарларда ем қабылдап жатыр. 150 науқаста симптом байқалмайды. Ал бүгінгі күнге дейін қалада коронавирустық инфекцияның 404 жағдайы тіркелгенін еске сала кетейік. Шымкент қаласындағы короновирустық жағдайдың күрт өсуіне байланысты кафелер мен жазғы мейрамхана алаңшаларын ашу жоспары кейінге қалдырылатын сияқты. Сонымен қатар мешіттер мен шіркеулер де жуық арада жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл туралы брифингте қала әкімінің бірінші орынбасары атап өтті. «Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы және Түркістан облысы аумағындағы блок посттарды да алып тастауды көздеген болатынбыз. Алайда қаладағы соңғы инфекция жұқтыру дерегенің өсуіне орай оларды ашу белгісіз мерзімге кешіктірілуі мүмкін» деді ол. Алайда, осы тұста қала ішінде жұмыс істейтін, бірақ қала шетінде тұратын азаматтар қайтпек керек? Әлде бұл мәселе штаб назарынан тыс қала бермек пе?! Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.