Жүз жылдықтың жылнамасы
Жүз жылдықтың жылнамасы
216
оқылды

Елордамыздың төрінде орналасқан Ұлттық академиялық кітапханада «Жүз жылдық жылнама» атты 5 томдық жинақтың тұсаукесері өтті.

Аталаған шара ел газеті Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Тұсаукесер рәсіміне ардагер журналистер мен БАҚ басшылары қатысты.

Жинаққа 1919-1970 жылдар аралығында Egemen Qazaqstan газетінде жарық көріп, көкейтесті мәселені қамтыған маңызы орасан еңбектер енгізілген. Атап айтқанда, мұнда Алаштың марғасқалары, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рұсқұлов сияқты біртуар азаматтар­дың мақалалары топтастырылған.

«Біз ұжыммен үнемі ақылдаса отырып, бұл жинақты әзірледік. Мұндағы әр мақалаға жеке-жеке тоқталып, сараладық. Себебі, 100 жылдық тарихы бар ел газетінде жарық көрген әр мақаланы 10 том­дық­­қа толық енгізу мүмкін емес. Десе де, сол дәуір­дің айнасы болатын, өскелең ұрпаққа мұра бола­тын құнды мақаланың барлығын осы жерге жи­нас­­тыр­дық. Бұл жинақта 20-40 жылдардың шын­дығы қаз-қалпында берілді. Дәуір шындығы бола­тын де­рек толығымен қамтылды», – деді Egemen Qazaq­stan газеті АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдыр­әлі.

Бұл атқарылған еңбектің ауқымы мен маңызын шара қонақтары да тілге тиек етті.

– Көзқарақты әбрір қазақ Egemen Qazaqstan-ның ел өмірінде алатын орны айрықша екенін біледі. Газеттің тарихын, 100 жылдық жылнамасын 10 томға жинау – аса үлкен қажырлы еңбек. Бұл бастаманың басы-қасында жүрген азаматтардың еңбегі міндетті түрде бағаланады. Бұл жинақты көріп отырып, үлкен жұмыстың атқарылғанын байқап отырмын. Кітаптың мұқабасындағы қоңыр түс те өте орынды таңдалған. Себебі, бұл түс – қазақ­­тың, дархан даланың, табиғаттың түсі. Алда жи­нақтың қалған 5 томдығы жарық көреді. 10 том­дық толығымен сөремізде тұрған кезде, елдің өмі­рін­де «Егемен» алатын орын бұрын­ғысынан да бө­лек болады. Бұл – тарихи маңызы бар шаруа, – деді Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов.

5 томдыққа енгізілген әр мақала қазақ елінің тарихынан сыр шертеді. Бұл ғасырлық толғау мен шежірені әр қазақтың баласы оқуы керек. Айта кетерлігі, бұл еңбек алдағы уақытта ғылымның нәрін бойларына сіңіріп жүрген ізденімпаздар үшін таптырмас құрал болары анық. Ол көптеген ғылыми еңбекке арқау болатыны сөзсіз. Себебі, енді архив сөресінде шаң басып, сарғайған қағаздарды қопарудың қажеті жоқ. Барлық саф дерек бір жерге тоғысып, жиналған.


Шараны жүргізіп отырған Д.Қыдырәлі жинаққа енген мақаладан үзінділер келтіріп отырды. Мысалы, жинақтағы мақаланың бірі – А.Байтұрсынұлы жайлы. Ол 1921 жылы «Еңбек туы» газетінде жарық көрген. Мақала авторы – Сәкен Сейфуллин. Автор Ахмет Байтұрсынұлына ұлтын шын сүйетін, шын ұлтшыл деп баға беріп, оның қызметін жазып, үлгі еткен. «Сөздің дәуірі өтті, енді жұмыс керек» мақаласы да өзекті. Расында, бұл жерде сол кездегі халықтың көңіл күйі ашық байқалады. Бұл сияқты мақала «Еңбек туында» да, «Еңбекшіл қазақта» да, «Еңбекші қазақта» да көп кездеседі. Осындай мақаланың барлығын алдағы уақыттта электронды нұсқадан да оқуға болады деп жоспарланып отыр.

Шараға келген қонақтар ел газетіне ақжарма тілектерін ақтарып, шынайы ризашылықтарын білдірді.

– Бұл газет менің қолымнан 1960 жылдан бастап түспеді. Осы газетті оқып өстік. Осы уақыт аралығында түрлі қиындық та болды. Бір кездері газет Компартияның үні болды, ал қазір күллі қазақ елінің үні, халық шежіресі. 100 жылдық шежіре құтты болсын, – деді Мырзатай Жолдасбек.


Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ