Мақтааралдағы су тасқынынан қиналған тұрғындарға Батыс Қазақстан облысынан 20 тоннадай гуманитарлық көмек келді. Бұл керуенді жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды. Атап айтсақ, сол өңірдегі облыстық мәслихат депутаттары Нұрғазы Сәтбаев, Мұрат Жақсыбаев, Валерий Голоухов, Валерий Крылов және «Кублей» ЖШС ұжымы мен меценаттар іс-шараға атсалысқан. Атакенттегі орталық қоймаға жалпы құны 10 млн теңгелік жүк түсірілді. Ақжайықтың жағалауынан келген азаматтар тұрғындардың сұранысына сәйкес, азық-түлікпен қатар өзге де қажетті заттарды ала келіпті. Оның ішінде 1 тонна ұн, 1 500 литр өсімдік майы, 2 000 дана консервіленген тағам бар. Оған қоса, 1 000 дана шелек пен кір жуғыш ыдыстар, 300 дана матрас пен жылы жамылғы, «Талап» АҚ-ның антисептиктері, гигиеналық заттар мен жөргектер де жеткізілді. Батыстағы ағайынның ыстық ықыласын ала келген азаматтар мақтааралдықтармен бірге екенін және оларға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін айтып, жергілікті тұрғындарға қолдау білдірді. Айта кетейік, қазіргі кезде Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы топан су салдарын жоюға мемлекет, тұтас қоғам, ел атсалысуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жеткізіліп, тұрғындардың үйлерін салу, өтемақыларын төлеу бағытында да жұмыстар басталып кетті. Мәселелердің ашық түрде шешілуін, көмектің әділ жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында бұл жұмыстарға жергілікті қоғам белсенділері де тартылып жатыр.
Әбілмансұр ЖАСАН