Қыр асқан капитал
Қыр асқан капитал
159
оқылды
COVID-19 пандемиясы қай салада да етек-жеңді жи­нау­ды, қаржыны үнемді жұмсауды үйретіп жатыр. Бюджеттің бүйірін толтырудың түрлі жолын қарастырған Үкімет енді кезінде шетелге жылыстап кеткен қаржыны қайтаруға кіріспек. FinReview ақпараттық-талдамалы порталының дерегінше, тәуелсіздік алғалы бері сыртқа шығарылған капиталдың көлемі 200 миллиард долларға жетті. Бұл – Ұлттық қордың ағымдағы активінен 3,5 есе көп ақша. Елге кіріп-шығып жатқан ақша айналымын жіті бақыламаса болмайды, өйткені заңсыз жолмен алынған ақша мен мүлікті жылыстату қылмысы соңғы бір жылда екі есе өсті. Ал жыл басынан бері терроризмді қаржыландыру үшін сыртқа ақша шығарудың екі бірдей дерегі белгілі болды.   

Терроризмді қолдап, қаржы аударған

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп ко­митетінің хабарлауынша, жыл ба­сынан бері өткен төрт айда «Тер­ро­ристік немесе экстремистік әре­кетті және терроризм мен экс­тре­мизмнің басқа да түрлерін қар­жы­ландыру» бабы бойынша 2 (был­тыр 1 қылмыс) қылмыс тір­кел­ген. 2 құқық бұзу да Алматы қа­ласының қаржы орталығында анықталып­ты. Ал былтыр қаңтар-сәуір ара­сында осындай 1 оқиға Қарағанды облысында тіркелген болатын. Өңірлер бойынша қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті жылыстатуда Нұр-Сұл­тан қаласы көш бастап тұр. Былтыр аталған қылмыс түріне байланысты 4 жағдай, биыл 8 жағ­дай тіркелді. Одан кейінгі орында былтыр мұн­дай құқықбұзу­шы­лық­қа жол бер­меген Павлодар облысы мен Ал­маты қаласы тұр. Биыл екі өңірде сәйкесінше 4 және 3 қыл­мыс тір­келіпті. Енді осындай қыл­мыстың алдын алудың заңды тетігі күшей­тілді. 13 мамырда Прези­дент «Қа­зақ­стан Респуб­ликасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кі­рістерді заң­дас­тыруға (жылыс­татуға) және тер­роризмді қаржы­лан­дыруға қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Қаржы министрлігінің Қар­жылық мониторинг комитеті төра­ғасының орынбасары Ғабит Лес­бековтің айтуынша, аталған заң қарашада күшіне енеді. Құжатта терроризмді қаржыландырудың немесе ақшаны жылыстатудың жо­лын кесуге бағытталған өзгеріс­тер қарастырылған. Яғни, бұдан былай қаржылық операция жүргі­зуші жеке субъектілердің барлығы тұрақты түрде есеп беруге міндет­теледі. Жалпы, биылғы қаңтар-сәуір айларында республикада қыл­мыстық жолмен алынған ақша және мүлікке қатысты 29 құқық бұзу анықталды. Бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 2,1 есе көп екен.  

Қаржыны қайтаруға не кедергі?

Біздің елде де сырттағы ақ­шаны елге қайтару туралы әңгіме осыдан 10 жыл бұрын басталған. Ал 2013 жылғы тамызда эконо­миканы деофшорсыздандыру жөніндегі жұмыс тобы құрылған. 2014 жылдың соңында Қазақстан 1988 жылғы Страсбург конвен­циясына қосылды. Бұл Қазақ­стан­ның салық органдарының халық­аралық органдармен өзара іс-қи­мылын жақсартуы үшін маңызды қадам болды. Себебі аталған ке­лісім қатысушы елдерге резидент­тер туралы ақпаратпен алмасуға мүмкіндік береді, яғни шетелде Қазақстан азаматтарының мүлкі мен ақшасының бар-жоғын ба­қылауға және оларды декла­ра­циядағы мәліметтермен салыс­тыруға мүмкіндік берді. Сырттағы қаражатты қайтару үшін елімізде мүлік пен кірісті дек­ларациялауды заңдастыру бағ­дар­ламасы жүргізілді. Бірақ бұл бағ­дарлама нәтиже бермеді, сырттағы активтің 10% ғана оралды. Тек 2017 жылы өткен соңғы заңдастыру нәтижесінде ғана 151 мың жыл­жы­майтын мүлік нысаны заңдасты­рылып, 4,1 трлн теңге заңды айна­лымға енгізілді. Бұл активтер са­лық түсімін жылына 950 млрд тең­геге арттыруға мүмкіндік берді. Алайда мүлікті жария ету капи­талдың сыртқа кету проблемасын толық шеше алмады. Бас проку­ратураның мәліметінше, елде экономикалық қылмыстар көбейіп барады. Шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтаруда көршіміз Өзбекстан Республикасы нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Күні кеше ғана Өзбекстанның Әділет министрлігі мен Бас прокуратурасы Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнар Каримованың Франциядағы активтерін елге қайтарды. Ресми мәлімет бойынша, олар шамамен 10 миллион долларға бағаланып отыр. Енді Әділет министрлігі Каримованың 1,3 млрд доллар тұ­ратын активтерін қайтару мақ­сатында Швейцария, Франция, Ресей, Латвия және бірқатар елдің құзырлы органдарымен бірлесе жұмыс атқарып келеді.  

Капиталдың кетуіне не себеп?

Капиталды сыртқа жылыс­татудың түрлі жолы бар. Мысалы, бизнес субъектісі сыртқы эконо­микалық келісімшарттар жасау арқылы шығарады. Ал оның заң­сыз екенін дәлелдеу оңайға соқ­пайды. Десе де, бүгінгідей кәсіп­керлік нысандарының қызметі тоқтап, бюджет пен Ұлттық қорға түсетін түсім азайған кезде заңсыз әкетілген қаражатты қайтару өзекті-ақ. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында бюджет түсімдерін 2019 жылғы 9,7 трлн теңгеден 2022 жылға қарай 13 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл мұнайға қатысы жоқ экономикадан алдағы үш жылда қосымша 2,5 триллион теңге салық түсімі жос­парланғанын білдіреді. Ал бюд­жет­тің кірісін ұлғайтудың негізгі құ­рал­дарының бірі көлеңкелі эконо­ми­каға қарсы күрес болып отыр. Бас прокуратураның дере­гінше, былтыр ғана қазақстандық инвесторлар шетелге 2,7 млрд доллар шығарған. Көбінесе қа­ражат Кипрге, Нидерланд пен Кайман аралдарына жіберіледі. Шамамен 1,4 миллиард АҚШ доллары аталған елдерге кеткен. FinReview ақпараттық-тал­дамалы порталы қазақстандық­тардың қаржысын шетелге шы­ғаруына олардың ішкі нарықта өз капиталының қауіпсіздігіне және оны көбейту мүмкіндігіне сен­бей­тінін жазады. Инвесторлар да ка­питалдың елден кетуі Қазақ­стан­ның банк депозиттеріне балама құралдардың дамымай отыруына байланысты екенін айтады. Мы­салы, жеке тұлғалардың 100 мың АҚШ долларынан асатын капи­талын ұстап тұруға және көбейтуге бағытталған private banking қызме­тін қазақстандық 27 банктің 10-ы ғана ұсынады екен. Егер екінші деңгейлі банктер қазақстандық­тар сенімін оятпаса, онда private banking жүйесінде айналымда жүрген 1 триллион теңгеден айы­рылып қалады. Қазіргі уақытта private banking қызметін дамытуда «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы ма­ңызды жұмыс істеп отыр. AIFC іске қосылған кезде Қазақстанда заманауи активтер мен инвес­ти­цияларды басқару құралдары пайда болды. Мысалы, активтерді сенімгерлік басқаруға беру. Мен­шік қатынастарының бұл формасы бай қазақстандықтарға өз актив­терін сенімгерлік басқаруға беруіне мүмкіндік береді. Бұл әдіс Батыс елдерінде танымал. Өйткені олар пайдаланудың қарапайым­ды­лы­ғын, түсінікті тұжырымдамасын, құрылымының икемділігі мен берілген активтердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін англо-саксондық құқықтық жүйе­нің құралы саналады. AIFC юрисдикциясында private banking жүйесінде жұмыс істейтін ең ірі халықаралық компа­ниялар – Швейцарияның Blackfort Capital және Clarus Capital ком­паниялары тіркелген. Бұл шетелдік қаржы институттарының қазақ­стандық қаржы орталығына сене­тінін білдіреді. Олардың Қазақстан нарығына келуі қазір шетелге қаржы шығаруға мәжбүр болып отырған қалталы қазақстандықтар үшін VIP-қызметтердің барлық түрін ашады деген үміт бар.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ